• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Тамыз, 2019

Бейбіт күннің батыры – Гаухар Уәлиханова

230 рет
көрсетілді

Гаухар Уәлиханова – Арыстағы жарылыстың эпицентрінде орналасқан «Алтын тұмар» балабақшасының меңгерушісі. Ол алапат апат аймағынан 113 бүлдіршін мен 27 қызметкерді алып шыққан. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Facebook парақшасында жазды. 

«Бүлдіршіндер таңғы асқа отырған кез еді, «гүрс» ете түсті. Іле-шала іргеміздегі әскери қойма жақтан қою қара түтін көкке көтерілді. Қатты жарылыстан есік-терезе қирап жатты. Жас маманым қатты шошып айғайлап жіберді. Бүкіл қызметкерлерді жинап, балақайларды тез сыртқа шығаруды айттым. Әрбір үйдің мәпелеп отырған балапандарының амандығы менің мойнымда болғандықтан, шұғыл шешім қабылдап, есепші мен күзетші қызметкерлердің көлігіне 17-20 дан астам бүлдіршінді отырғызып жібердік. Ішке қайтадан кіріп, барлық бөлмелерді жеке-жеке тексеріп шықтым. Соғыс болғандай, бөлмелердің бәрі қирап жатты. Ғимаратта жан баласы қалмағанына көзім жеткеннен кейін ғана сыртқа шықтым. Содан кейін екі-үш баладан көтеріп, ересектерін жетектеп, қала сыртына бет алдық. Ұжым қызметшілеріне қандай жағдай болмасын бүлдіршіндерді жандарынан бір елі тастамауға тапсырдым», дейді Гаухар Уәлиханова.

Кейіпкеріміздің айтуынша, апат болған күні отбасын, өз балаларын ойлауға шамасы келмеген.

«Барлық ойымыз елдің аманатын қаладан аман алып шығу болды. Алланың қолдауымен періштелерді аман-есен алып шықтық. Шымкенттегі Ақмешітте, №87 мектепте түнгі сағат 02.00-ге дейін бүлдіршіндері ата-анасымен қауыштырдық. Ұжым қызметкерлерімен бірлесе отырып, 113 балақайдың алаң көңіл ата-анасына балапандарын табыстадық», дейді Гаухар Уәлиханова.

Айта кетейік, 24 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери бөлім ау­мағында жойқын жарылыс болған еді. Бүгінде қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.