Дүйсенбі күні таңғы сағат төрт шамасында Алматыдағы Гагарин көшесінің бойында шетелдік жеңіл көлік үш адамды қағып кетіп, оқиға орнынан із суытты.
Куәгерлер бұл оқиғаны бейнетаспаға түсіріп алған екен. Соған сүйенсек, сол маңдағы дәмханалардың бірінде «көңіл көтеріп» отырған бір топ жігіттің арасында кикілжің шығып, оның соңы жанжалға ұласқан. Содан бәрі көшеге шығады. Ақырында қара түсті шетелдік көлікті тізгіндеген қаскөй қасақана үш адамды қағып, оқиға орнынан із суытады.
Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді. «Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің үш бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу Бостандық аудандық полиция бөлімінде территориялық жағынан, сондай-ақ тергеу бөлімінде жүргізілуде. Күдіктілер анықталды, қазір оларды ұстауға және көлікті тәркілеуге бағытталған жедел-іздестіру шаралары қолға алынды», дейді полицияның баспасөз қызметі.
Жәбірленушілер түрлі деңгейдегі жарақаттар алған. Қазір олар ем-дом қабылдауда.
Алматы