Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Elbasy.kz хабарлады.
Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы бойынша жоспарлары баяндалды.
Б.Сағынтаев Елбасына партияның қалалық филиалы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының нәтижелері жөнінде мәлімет берді.
«Nur Otan» Төрағасы Президент пен партияның сайлауалды тұғырнамасының, сондай-ақ съездерде қабылданған шешімдердің сапалы орындалуын қадағалауды қамтамасыз етуді тапсырды.
Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті партия алаңында азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
Сондай-ақ, кездесу барысында «Nur Otan» фракциясының қалалық мәслихаттағы рөлін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмысты күшейту және «Jas Otan» жастар қанатының белсенділігін арттыру мәселелері талқыланды.