Биыл екінші рет қолға алынған республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауына өтінімдер қабылдау қыркүйектің 2-сінен басталмақ. Бұл туралы байқаудың ұйымдастырушылары Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
Баспасөз конференциясында алғашқылардың бірі болып сөз алған Тұңғыш Президент – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов екінші жыл қатарынан өткелі отырған бұл байқау арқылы Елбасы Қоры адамгершілік құндылықтарды, қайырымдылық және гуманизм идеяларын насихаттайтынын жеткізді. «Біз жүрегі кең азаматтарымызды, өз заманымыздың нағыз батырларын халыққа көрсетіп, таныстырғымыз келеді. «Қайырымдылық керуені» жобасы азаматтардың зор ықыласына ие болғаны қуантады. Өткен жылы комиссияның қарауына Қазақстанның барлық өңірінен 97 өтініш келіп түсті», деді И.Рогов. Оның айтуынша, еліміздің әр түкпіріндегі таланттарды іріктеп, жеңімпаздарды анықтау үш айға, яғни осы жылғы 29 қарашаға дейін жалғасады.
«Бізде өмірдің қиын жағдайына түскен адамдарды қолтығынан демеп жіберетін жомарт, қамқор жүректі жандар жетерлік. Бірақ олар өте қарапайым келеді және жақсылықты жарияламағанды жөн санайды. Осы байқаудың нәтижесінде ержүрек кейіпкерлерімізді олардан көмек алған адамдар арқылы анықтаймыз», дейді Тұңғыш Президент – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары. Сондай-ақ ол жобаны іске асыруға Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Хабар» агенттігі, КТК телеарнасы және «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені қолдау көрсеткенін жеткізді.
Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті Раушан Сәрсембаева үміткерлерді әр номинацияға сай іріктеумен айналысатын жұмыс тобы құрылатынын айтты. Оның құрамына аталған қауымдастықтың, өңірлердегі Ішкі саясат басқармаларының, БАҚ-тың өкілдері кіреді. Ал республикалық деңгейдегі комиссия іріктелген өтінімдерді жіті қарайды. «Биыл да назар аударарлық кейіпкерлер кездеседі деп ойлаймыз. Әлбетте барлық үміткер ынталандыруға, насихаттауға және бағалауға лайық. Десе де байқаудың белгілі бір шарттары бар», дейді Р.Сәрсембаева. Аталған байқауға әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жүрген, өздерінің игі істерімен басқаларды ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар өтінім бере алады. Алайда қайырымдылық қызметін мемлекеттік қолдаумен (мемлекеттік грант, мемлекеттік тапсырыс және т.б.) іске асыратын кәсіпкерлік субъектілер және жеке тұлғалар қатыса алмайды.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, «Қайырымдылық керуенінің» жеңімпаздары бес аталым бойынша анықталады: «Асар» (қайырымдылық қызметі халықтық салт-дәстүрлермен байланысты болуы керек), «Туған жер» (туған жерге білім, экология және абаттандыру мәдени нысандарды қалпына келтіру және т.б. салаларында көмек көрсеткендерге), «Батыл жүрек» (ерлік, қайсарлық танытқан адамдарға), «Мейірім жолында» (өз еркімен, өз қаражатына адамдарға көмек көрсеткен жеке және заңды тұлғаларға), «Қайырымдылық тарихы» (қоғамның назарын әлеуметтік проблемаларға аударатын материалдарды ұсынатын, БАҚ-та қайырымдылық тақырыптарын үздік жариялаған журналистерге немесе шығармашылық топтарға беріледі).
Айта кетейік, өтінімдерді іріктеу жұмысы биыл желтоқсан айында аяқталады. Ал байқау жеңімпаздарын марапаттау 2020 жылғы ақпан айының соңында – Алғыс айту күніне жоспарланып отыр.