• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Тамыз, 2019

Әлемге бейбітшілік нұрын шашқан

448 рет
көрсетілді

Қазақ халқы үшін 29 тамыз екі тарихи оқиғамен тығыз байланысты. Оның бірі халқымызға орасан зор қасірет әкелген ядролық сынақтардың Семей өңірінде басталуына байланысты болса (осыдан тура 70 жыл бұрын, яғни 1949 жылғы 29 тамызда Семей сынақ алаңында қуаты 22 килотонна болатын атом бомбасы жарылды), екінші оқиға – Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың туған халқының алдында азаматтық парызын орындап, мәскеулік биліктің саясатына кереғар шешім – Семей полигонын біржолата жабу туралы Жарлығына қатысты (аталған Жарлыққа 1991 жылдың 29 тамызында қол қойылған). Кейін, 2009 жылдың желтоқсанында Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы халықаралық ядролық сынақтарға қарсы қарар қабылдап, 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні ретінде бекітті.

Ресми мәліметтерге сәйкес 1949-1989 жылдар аралығында Семей полигонында 456 ядролық сынақ жүр­гізіліп, 1,5 миллионнан астам қазақстандық зардап шегіпті, қазір де түрлі ауытқушылықтар байқалады. 456 ядролық сынақтың 116-сы жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды, осы жарылыстар қуаты жағынан Хиросимаға тасталған бомбаның қуатынан 2500 есе артық болған екен. Мұндай жарылыстар 1962 жыл­­ға дейін, яғни он үш жыл бойы орын алды. Ал келесі жиырма жеті жыл бойы өткізілген 340 жерасты жары­лыстың да өңірдің экологиялық ахуалы­на орасан зор зияны тиді.

Небір зұлмат кезеңдерден рухы жасып қалған халықтың да, сол кез­дегі басшылардың да әскери мақ­сат­тағы сынақтарға қарсы тұруға шамалары жоқ еді.

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» деген данышпан Абай өсие­ті менің де ұстанатын өмірлік қағи­дам, санама сіңірген терең танымым» ұстанымын бойына серік еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік кін­дігі» кітабындағы мына сөздер сол кездегі күрделі жағдайды айғақ­тай түседі: «Заман қиын болатын. Жарылыстан жер сілкінгенін сезін­генде немесе тіпті шайдай ашық күні екінші күнді көргенде де еш­кім ашу-ыза білдіре қойған жоқ. Ереуіл­дер, наразылықтар туралы əңгіме болуы да мүмкін емес-тін. Бас асауларды бас білдірудің сүйікті құралы психиатриялық емханалар болды. Бұрынғы КСРО-ның басшылары сынақтар өткізгенде сол кездегі Қазақстанның халқы түгілі, бюрократиялық билік тобымен де ақылдасқан жоқ. Өйткені Қазақстан КСР-інің басшылары жұмысқа орталықта тағайындалып, сонда орнынан алынатын. Мəскеу бұйрығын қалт етпеу мансаптан айырылмаудың бірден-бір жолы болатын. Қойдың бауыздалар шағында да үн шығармауы дегеніңіз осы ғой».

Сол кезеңде ешкімнің қолынан келмеген әлемдегі екі алпауыт елдің «қырғи-қабақ» соғысы аясындағы текетірестің құрбанына айналған Се­мей қасіретіне араша түсу Темір­тау­да құрыштай шынығып, облыстық, республикалық деңгейдегі басшылық қызметтерде тәжірибе жинаған жа­ңа­шыл, қазақтың бағына туған аза­мат Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл­дығының арқасында мүмкін болды.

Халық арасында «қаңғып келген шүрегей» атанған республиканың бірінші басшысы Колбиннің ел тағдырына бейжайлығын бұрыннан білетін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев, 1989 жылғы 30 мамыр күні өт­кен Кеңес Одағының ең жоғары заң шығарушы органы – Жоғарғы Кеңес сессиясының мінберінен мәс­кеулік билікке қазақтың мұңына айналған Семей ядролық сынақ полигоны туралы сұрақты төтесінен қойды. Н.Ә.Назарбаев халық депутат­тарының, əсіресе залдың төрттен бірін құрайтын əскери киімді депутат­тардың алдында былай деді: «1949 жыл­­дан бері жұмыс істеп келе жатқан, жары­лыстарды əуелі жер бетінде бастаған Семей ядролық полигоны туралы айтқым келеді. Сол кезден бері төңіректегі жұрт саны төрт есе өсті. Бірақ əскерилер бізді сынақтар адам денсаулығына тіпті пайдалы-мыс деп сендіргісі келеді. Біз мұның бүгінде мемлекеттік қажеттілік екенін білеміз. Бірақ атом жарылыстарының айналадағы ортаға əсерін шындап терең талдау, бұл туралы жұртқа айтып беру керек қой. Сол жерлерде күн кешетіндердің өмірін жақсартуға жұм­сау қажет біршама шығынды айтпағанның өзінде...».

Дегенмен, сірескен сең бірден бұзы­ла қоймады. Керісінше, баян­дамадан кейін, үзіліс кезінде Н.Ә.Назар­баевқа «елдің ең басты стра­­­тегия­лық объектісіне қастандық жасады, державаның қорғаныс қабі­летін бүлдірді» дегенге дейін ауыр айып тағылып үлгерді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың қай­раткер­лігі мұнымен тоқталған жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы 1989 жылы құ­рылған, əлемге танымал ақын əрі қо­ғам қайраткері Олжас Сүлейменов бас­қарған «Невада-Семей» ядролық жарылысқа қарсы халықаралық қоз­ғалыстың, «Əлем дəрігерлері ядролық соғысқа жол бермеу жолын­да», жас­тардың «Next Stop» жəне басқа да қоғамдық қозғалыстардың қол­даушысы болды. Ол бұл туралы былай дейді: «... жұртшылықтың, əсіресе белсенділердің əрекеттері менің тарапымнан қолдау тауып отырды. Əрине республикалық басшылық тарапынан мұндай қолдау болмаса, белсенділердің əрекеттері КГБ-ның екі-үш қарапайым акцияларынан кейін оп-оңай тыйылар еді...».

Жоғарыда аталғандай, «қайта құру» жылдары экономикалық жағ­дай нашарлағанымен Кеңес Одағы қисапсыз бюрократиялық жəне күштік құрылымдарының, əскери-өнеркəсіп кешенінің дəурені әлі де жүріп тұрған. 1989 жылғы 22 маусымда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Бірінші хатшысы, кейін 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті болып сайланғаннан кейін де жас бас­шы Н.Ә.Назарбаевтың Семей сынақ полигонын тоқтату туралы орта­лықпен жүргізілген келіссөздері қиындықтарға толы болды. Ол Мəскеуге апта сайын барып, бірде əскери-өнеркəсіптік кешеннің кураторымен, КОКП Орталық комитетінің хатшысы О.Баклановпен, үкімет төрағасы Н.Рыжковпен, ақыр аяғында М.Горбачевтің өзімен кездесулер өткізді.

Осындай күрделі жағдайда Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев рес­пуб­ликаның әлі де Одаққа бағы­ныс­ты болуына қарамай туған халқымен, Семей қасіретін басынан кешіп жат­қан отандастарымен бірге болды. Бі­рақ «Іштен шыққан жау жаман» дегендей, елімізде Семей ядролық сы­нақ полигонын жабуға қарсылар, яғни ядро­лық статусты сақтау керек деген «кеудемсоқ көсемдер» пайда болған еді. Нұрсұлтан Назарбаев оларға қарсы уәж ретінде мынадай жауап қайтарды: «Біріншіден, ядролық статустың болуы Еуразияда, əсіресе оның орталық бөлі­гінде жанжал əлеуетінің күшейе түсуі үшін жеткілікті шарт болып табы­лады... Екіншіден, ядролық қару иелену сыртқы кірігу процесін дамытуға тіпті де түрткі бола алмайды... Өйткені біздің ядролық кеу­демсоқтығымыз Біріккен Ұлттар Ұйы­мының жарғысына да, əлемнің бəрі дерлік елдері қол қойған ядролық қару­ды таратпау туралы шартқа да тұп-тура кереғар болып шығар еді... Үшін­шіден, иелену жаңа сапаға сөзсіз жетелейді. Əлбетте, біздің ел ықтимал жау жəне тұрақты əскери қатердің көзі ретінде ядролық қаруы бар жəне жоқ державалардың барлық стратегиялық жоспарларының нысанасына айналар еді.

Сонымен қатар осынау күрделі таңдау алдында тәуелсіздігін ресми түрде әлі жариялап үлгермеген жас Қазақ­станға «ядролық қарудан бас тартпасаң, барлық жағынан жарыл­қаймын» деп, елімізді «исламдық ядролық мемлекетке» айналдырғысы келген шетел эмиссарлары да Нұр­сұлтан Назарбаевпен келіссөз жүргізу мақ­сатында келгіштеген болатын.

Жоғарыда аталған «шақырылмаған қонақтар» позициясына қарама-қайшы оң кездесулер де болды. Соның бірі  аңызға айналған Маргарет Тэтчермен кездесу еді.  «Тэтчер бірінші кездесу­дің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не­ істемек ойдасыз?» – деген сауалды тікесінен қойды... Тэтчердің бұл сауалды өз тарапынан ғана емес, сон­дай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ор­тасы атынан қойып отырғанын түсін­дім. Ал негізгі келіссөз процесі әлі алда еді, сондықтан картаны алдын ала ашып тастауға да болмайтын. Деген­мен мен Тэтчермен барынша ашық сөйлесуге шешім қабылдадым және өз көзқарасымды барынша нақты біл­дірдім. Қазақстан қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қа­рай­ды, бірақ бізге ядролық мем­лекеттердің кепілі қажет еді, сонымен бірге елеулі инвестицияға есеп жасап отырғанбыз. Онсыз біз нақты келіссөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кездесудегі сол ойлы да қатаң көзқарас есімде жақсы сақталыпты. Өзіңді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болатын. Алайда біздің сөзімізде еш­қан­дай жасырын астар болған жоқ. Тэт­чер менің ашықтығымды жоғары баға­лады», деп еске алды кейіннен Елбасы.

Осылайша Қазақстанның «ядро­лық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жылғы 29 тамыз күні Қазақ КСР Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Семей ядролық поли­гонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

Осы шешім арқылы Қазақстанның барлық мәселесі шешілді деп айтуға әлі ерте еді. 1991 жылдың соңында респуб­лика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық болды. Бұл сол кезде Ұлы­британияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Сынақ полигоны жабылғанмен осындай көлемдегі қару-жарақтың әлі де Қазақстан аумағында болуы бейбіт жолды таң­даған жас мемлекетімізге әлемдік қоғам­дастықтың толық сеніміне ие болуға үлкен кедергі еді. Яғни, әлемдегі АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін көлемі жағынан төртінші ядро­лық арсеналдың тағдыры туралы мәселе ашық күйінде тұрған.

Елбасы сындарлы сыртқы саяса­тының арқасында ел алдындағы жоғарыда аталған аса күрделі мін­деттерді – бүкіл әлемнің мүддесіне сәй­кес және ұлттық қауіпсіздікке ешқан­дай нұқсан келтірмей бес жыл ішінде толық шешті. Атап айтқанда, 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбри­тания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Кейін, Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай ядролық мем­лекеттері берді. Бұл әлемдік қо­ғам­­дастықтың Қазақстанның өз мін­деттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұ­тастығына кепілдік беретінін білдіретін. Ал 1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аумағындағы ядролық қару толық жойылды, ел аумағынан сыртқа әкетілді, баллистикалық зымы­ран­дардың шахта­дағы қондырғылары да жойылды.

Осылайша жоғарыда аталған Н.Ә.Назарбаевтың КСРО Жоғарғы Кеңесіндегі үндеуі басты себеп болған Семей ядролық сынақ полигонындағы жарылыстардың тоқтағанына биыл 30 жыл, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының қабылдануына 28 жыл толады. Осы бір ел тарихындағы аса бір маңызды кезеңде Елбасы əлемдік дипломатия тарихына жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы ретінде енді.

Осы арада кез келген саясаткер­де, көзіқарақты оқырманда заңды сұрақ туындайды: Нұрсұлтан Назарбаев­тың әлем таныған бітімгерлік қай­раткерлігінің басты мәйегі неде? Біз­дің ойымызша, бұл сұраққа Н.Ә.Назарбаевтың «Бейбітшілік кін­­дігі» кітабындағы бала­лық шақта ба­сынан өткен, кейін өмірі мен тағ­дырына терең бойлаған мына оқиға жауап беретіндей: «...Мен туардан көп бұрын-ақ біздің үйде əскери винтовка болыпты, оны əкем Əбіштің туыстарының бірі жазалаушы отрядпен бір қақтығыста олжалаған екен... Бірде əжем Мырзабала: «Бұл мылтық, ағаларымызға ажал, бізге азап болып тиген. Қайғы жамап, сарсылтқан ғой. Енді сол қасірет балаларымыздың басына да келсін дейсіңдер ме? Кемең­герліктің де, кісіліктің де өлшемі – жа­мандықты жаныңа жолатпаған. Ал жадымыз өзімізбен бірге кетер»,  депті. Айтты – болды. Қарумен қош­тасудың көне ырымын жасап, əкем винтовканы өкіметке өткізеді, бірақ алты қырлы найзасын алып қалады... Әжем: «Жауды жеңдік қой, енді соғыс бола қоймас, ал аспап үйде кəдеге жарайды»,  деп сол темір найзадан орақ жасауды бұйырды...

Осыдан түйер ой, ақын Абайды тәрбиелеген Зере, ғалым Шоқанға мейірімін сыйлаған Айғаным сынды Нұрсұлтанның әжесі Мырзабала да есейгесін Ұлы дала елінің ауыр жүгін арқалап, Қазақстанның атын әлемге танытатынын сезді ме, немересінің бойына бейбітшілік нұрын шашудың ұлттық кодын дарытыпты. «Алып анадан туады» немесе «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген осы да.

 

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор