Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Конституцияның цифрлық өркениет дәуірінде мемлекет пен қоғамның трансформациялануы жағдайындағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара елдегі әлеуметтік, құқықтық және демократиялық мемлекеттің қағидаттарын бекітуде Конституцияның рөлі мен әлеуетін жан-жақты талқылауға арналды. Форумды Конституциялық Кеңес ұйымдастырды. Оның жұмысына Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, Конституциялық Кеңес мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, құқық қорғау мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ белгілі отандық құқықтанушы ғалымдар қатысты.
Отырыстың ашылуында Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми атап өткендей, Конституция – егемендік пен тәуелсіздікті бекітетін аса маңызды құжат, мемлекеттіліктің, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың берік негізі. Негізгі Заңды құрметтеу және бұлжытпай сақтау – алға қойылған ауқымды мақсаттарға жетудің кепілі.
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ә.Рақышева, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары И.Рогов қатысушыларға өз құттықтау сөздерін арнады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі А.Жұмағалиев, Конституциялық Кеңестің мүшесі В.Малиновский, Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Әділет, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің және ғылыми қоғамның өкілдері Конституция негіздерін іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады.
Панельді сессияларда азаматтардың конституциялық әлеуметтік құқықтарын іске асыру құралдарын күшейту, құқық үстемдігін бекіту, қоғамды демократияландыру, мемлекеттік басқаруды және құқық қорғау жүйесін жетілдіру, сондай-ақ жаппай цифрландыру процесінде жеке тұлғаның мүдделерін қорғау кепілдігін нығайту бағыттары қозғалды.
Дөңгелек үстел аясында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету және қазақстандықтардың конституциялық мәдениетін арттыру ісі бойынша журналистер арасында ұйымдастырылған конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Айта кетейік, бұл конкурс өткен жылы Конституция күніне арналған халықаралық конференцияда жарияланған болатын.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми жеңімпаздарды құттықтай отырып, оларға конкурсқа белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді және халықтың конституциялық-құқықтық санасын жаңғырту бойынша кәсіби қызметіне табыс тіледі. Лауреаттарға Құрмет грамоталары және естелік сыйлықтар берілді.
Конституциялық Кеңестің Төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнаған сөзінде бүгінгі таңда конституциялық-құқықтық сипаттағы мәселелерде маманданған кәсіби журналистерге деген үлкен сұраныс бар екенін атап өтті.