• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Тамыз, 2019

Бейжің көрмесінде қазақстандық ғалымның еңбегі таныстырылды

286 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең ірі Бейжің халықаралық кітап көрмесінде 300-ден астам отандық кітаптар қойылды. 1986 жылдан бері тұрақты өтетін Бейжің халықаралық кітап көрмесі баспа және полиграфиялық индустрия саласындағы жетекші платформа ретінде әлемнің жүзден астам елін өз алаңына топтастырды. Онда 2,5 мыңнан астам экспозиция қойылып, оның ішінде «Қазақ университеті» баспа үйі ұсынған университет ғалымдарының 300-ден аса ғылыми еңбектеріне қызығушылық танытқандар қатары көбейді.  

Кітап әлеміндегі айтулы шараға ҚКП ОК-нің насихаттау бөлімінің вице-министрі Цзян Цзяньго, Жэньминь университетінің ректоры Лю Вэй, ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің бірінші хатшысы Қаламқас Дүзбаева, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ҚазҰУ баспасөзінің басшысы Асан Алмаз және де қазақстандық белгілі ғалымдар мен мамандар қатысты.

Осы көрме барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың «Экономикалық жоспарлау, басқару және бюджеттеудің математикалық әдістері мен модельдері» кітабының қытай тілінде таныстырылымы өтіп, сала бойынша ғалымдар пікірлерін білдірді.

Қазақстандық ғалымның еңбегі  экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джон Нэштің жоғары бағасын алып, зерттеу нәтижелерін Нобель сыйлығының тағы екі лауреаты Кристофер Симс пен Гарольд Кунның жұмыстарымен салыстырған. Сондай-ақ әлемдегі ең ірі «Springer Nature» баспасында жарық көрген бұл еңбек сұранысқа ие кітаптар тізімінде тұр. Кітаптың электронды нұсқасын 15 мыңға жуық пайдаланушы жүктеген. Сондай-ақ Web of Science Core Collection жетекші ғылыми жарияланымдарының беделді халықаралық базасына енген.

Жэньминь университетіндегі ҚХР-дің жетекші баспасында жарық көрген монография  жайында  Жэньминь университетінің ректоры Лю Вэй  профессор Ғалым Мұтановтың Қазақстанның жетекші жоғары оқу орнының басшысы ғана емес ірі ғалым ретінде танымал екендігін жеткізді. Әлемнің бірнеше тілінде жарық көріп, халықаралық деңгейде жоғары бағасын алған еңбектің өзекті әрі инновациялық тәсілі мен көпқырлылығы ғылыми қоғамдастық пен  Қытай ғалымдары үшін қызығушылық тудырғандығын атап өтті. Осы шара барысында ғалымға ғылыми жетістіктерінің танылуының белгісі ретінде сертификат табысталды.

 

АЛМАТЫ