29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні. Осы атаулы күннің қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын тапсыру рәсімі өтті.
Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашты
Салтанатты шараға Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшылары қатысты.
Алдымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алып, бұл іс-шараның символдық мәні зор екенін, биыл Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және Халықаралық Атом энергиясы жөніндегі агенттігіне (МАГАТЭ) қосылғанына 25 жыл толғанын, сондай-ақ Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шарттың күшіне енгеніне 10 жыл болғанын атап өтті.
– Біздің басқосуымыз маңызды оқиғалармен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан қару-жарақ арсеналы жағынан әлемдегі төртінші ел саналғанын білесіздер. Қазір біз ядролық мемлекеттер қатарынан әлемдік антиядролық қозғалыстың жаһандық көшбасшысына айналдық. Бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана басшылығымен жүзеге асты. Осы мақсатқа жету жолы күрделі болды. Біздің халқымыз жанталаса қарулану мен әскери сынақтардың зардаптары қандай болатындығын жақсы біледі. Өйткені Кеңес Одағындағы ядролық сынақтардың үштен екісі елімізде жасалып келді. Қазақстан ядросыз әлемге қарай нық қадам басуға жол ашқан көптеген бастаманы көтерді. Атап айтсақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлығының тарихи мәні бар. Полигон жұмысының салдарынан мыңдаған жергілікті тұрғын мен табиғатқа орасан зор нұқсан келді. Бір термоядролық бомба Жапониядағы Хиросимаға тасталған бомбадан 26 есе күшті болғанын түсінген маңызды. Радиоактивті қалдықтар 100 мыңдаған шаршы шақырымға таралды. Әлі күнге дейін ядролық сынақтардың салдарын сезініп келеміз. КСРО-ның жекелеген әскери лауазымды тұлғалары мен саяси элиталарының қарсылығына қарамастан, Елбасының қазақ жеріндегі полигонды жабуы – нағыз ерлік. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан әлем бойынша зымырандық-ядролық әлеуетке ие болғандардың бірі болды. Бізде 1400 ядролық оқтұмсығы бар 100-ден астам құрлықаралық баллистикалық зымыран орналасты. Жаппай қырып-жою қаруын ұстап тұру үшін барлық әлеуетіміз де болған еді. Сол кездегі Қазақстанның ядролық әлеуеті Франция, Ұлыбритания және Қытайдың жиынтық күшінен де асып түсетін. Кейбір елдердің жауапсыз басшылары біздің Тұңғыш Президентімізді оны сақтап қалуға иландыруға тырысты. Дегенмен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұндай қаруға ие болу түбегейлі қауіпсіздіктің кепілі болмайтындығын айтқан еді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ядролық қарусыздану және оны таратпау саласындағы бірегей саясаты әлемдік тарихта теңдессіз екенін айтып, бірақ бұл тәжірибені барлық ел қолданбай отырғанына қынжылыс білдірді. Сондай-ақ ол БҰҰ деректері бойынша бүгінде әлемде 15 мың ядролық қару сақталып отырғанын, оның ішінде жүздеген ядролық қару санаулы секундтарда іске қосылуға қауқарлы екенін айтты.
Осы ретте Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы, Корей түбегіндегі жағдайлар, Ирандық ядролық бағдарлама бойынша бірлескен жалпыға ортақ іс-қимылдар жоспары, Орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың тағдыры анық болмай тұрғаны туралы сөз қозғады.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті әділ түрде бүкіләлемдік қоғамдастық тарапынан антиядролық қозғалыстардың көшбасшысы ретінде мойындалды. Ол ядролық күштерден арылуға, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге орасан үлес қосты. Осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елеулі бастама көтерді. Олар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды факторларға айналып отыр. Бұл – Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақты құру туралы шарт, еліміздің аумағында МАГАТЭ қамқорлығымен халықаралық Төмен байытылған уран банкінің құрылуы, Қазақстанның ирандық ядролық проблеманы реттеудегі делдалдық миссиясы. Осының бәрі жаһандық тұрақтылық пен сенімнің іргетасын айтарлықтай нығайта түсті. Әлі де болса әлемде қауіпті шиеленіс байқалып отыр. Бұл туралы Елбасы өзінің «Әлем. XXI ғасыр» атты манифесінде айтып өткен еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылай сөзін сабақтаған Мемлекет басшысы Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығы биыл екі адамға бірдей табысталатынын мәлімдеді. Осы жолғы сыйлықты МАГАТЭ-нің Бас директоры болған, марқұм Юкия Аманоға және Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарты ұйымы (ЯСЖТШҰ) Даярлау комиссиясының атқарушы хатшысы Лассина Зербоға беру туралы шешім қабылданды.
– Мемлекеттер арасындағы өзара құрмет пен сенім жаһандық деңгейдегі ядролық қауіпсіздіктің кепілі. Сонымен қатар біз халықаралық құқық қағидаттарына сүйене отырып, белсенді диалогты дамыта беруіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, алдымызда тұрған жұмыстарды бірге атқаруымыз керек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың антиядролық бастамалары бұл үдерістердің маңызды бағдары бола береді деп сенемін. ХХІ ғасыр бейбітшілік пен жаңару ғасыры, бүкіл адамзат үшін ілгерілеу ғасыры болсын. Осы жолда баршаңызға табыс тілеймін, – деді Президент.
Адамзаттың амандығы үшін жалпыға ортақ келісімшарт керек
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамыз тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің антиядролық қозғалысы үшін тарихи күн екенін атап өтті.
– 1991 жылдың дәл осы 29 тамызында менің Жарлығыммен әлемдегі ең ірі Семей ядролық полигонының жабылғанын білесіздер. Ол кезде Кеңес Одағы орнында тұрған, әскери адамдардың барлығы күшінде болған. Солардың қарсылығына қарамай, Қазақстан осы мәселені шешіп, халықтың көңілінен шықты. Бұл халқымыз үшін 40 жыл бойы күткен тарихи шешім еді. 1949 жылғы 29 тамызда Қазақстанда Кеңес Одағының бірінші атом бомбасы жарылып, орасан зор экологиялық және адами трагедияға әкеп соқтырды. 40 жыл ішінде полигонда 456 ядролық сынақ өткізілді. Кем дегенде 500 мың адам радиация залалын тартты. 2009 жылғы 2 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-сесиясы Қазақстанның бастамасы бойынша 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялады. Бұл күн 2010 жылдан бері бүкіл әлемде аталып келе жатыр, – деді Елбасы.
Тұңғыш Президенттің айтуынша, Қазақстан бейбітсүйгіштік индексі бойынша әлемнің 163 мемлекетінің ішінде 64-орынды иеленді. ТМД елдерінің арасында бірінші орында тұр. Сондай-ақ ядролық қарудан азат ел болуға деген ұмтылыс қазақстандықтардың жалпыұлттық сана-сезімінде маңызды компонентке айналды. Қазіргі таңда Қазақстан халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың мойындалған доноры болып саналады.
– Бүгінгі барлық сын-қатермен бетпе-бет келіп отырған жаһандық қоғамдастық өзара салиқалы байламға келіп, ғаламшарымыздың болашағы үшін ортақ диалог жасауға ұмтылу керек. Бұл диалог барлық ядролық державаның басшылары бір үстелдің басына отырып, келіссөз жүргізетін болса, нәтижелі болмақ. Мен біздің елордада АҚШ, Ресей, Қытайдың және басқа да ядролық державалардың басшыларымен кездесіп, уағдаластыққа қол жеткізуге ресми ұсыныс жасадым. Адамзаттың тағдыры үшін алпауыт елдердің жауапкершілікті мойындарына алған мұндай жағдайлар тарихта талай болған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де солай болып, нәтижесінде БҰҰ құрылды. Қазір бас қосып, басты мәселелерді шешетін уақыт келді. Өйткені барлық жанжалдар келіссөздермен аяқталады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы ядролық қару негізінде стратегиялық тұрақтылықтың көнерген тұжырымдамасын қайта қарау қажеттігін айтып, ядролық қарулануды қадағалаудың жаңа жүйесін қалыптастыруды, ядролық қарулануды тоқтату бойынша жалпыға ортақ келісімшарт әзірлеу тұрғысында келіссөздер жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ ол өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан, ядросыз мәртебесі бар мемлекеттерге қауіпсіздік кепілі берілуі тиіс екенін баса айтты.
– Ядролық клуб мүшелері жаппай қырып-жою қарулары саласындағы саясаттарын түзету есебінен міндеттемелер мен шектеулер қабылдауы тиіс. Бұл ретте олардың ядролық кешендерді жаңғыртуға қолдау көрсетудің дәстүрлі тәжірибесінен тежелуі маңызды. Аумақтарында полигондар орналасқан мемлекеттерге полигондардың инфрақұрылымдарын жоюды ұсынамын. Қазақстанның тәжірибесі бар. Ол Ресейде де, АҚШ-та да бар. Біз олармен бөлісуге дайынбыз. Әлемнің барлық мемлекеттері тарапынан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты ратификациялау қажет. Әлемге ядролық қаруды иелену мен таратуға қарсы іс-шаралардың нақты жұмыс істейтін механизмі керек. Бұл қатаң механизм БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарларымен бекітілуі тиіс. Дүниежүзілік ауқымдағы мұндай шартты БҰҰ қабылдаған. Мұнан кейін де Үндістан мен Пәкістан ядролық мемлекетке айналды. Сондықтан біз қабылдаған бұл шарттың қатаң шаралар тетіктері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қарарымен күшейтілуі тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев сыйлығы антиядролық қозғалысқа серпін береді
Осы атаулы күннің маңызына кеңінен тоқталған Елбасы Қазақстан адамзаттың, мемлекеттердің бейбіт өмір сүру арманын жүзеге асыруға ұмтылған тұлғаларды ерекше құрметтейтінін атап өтті. Сыйлықты тағайындау жөніндегі комитеттің шешімімен толық келісетінін айтқан Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын өз қолымен Лассина Зербо мен марқұм Юкия Аманоның жұбайы мен бауырына тапсырды.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш салтанатты шараға қатысушыларға арнап видеоүндеу жолдап, онда әлемді ядролық қарудан азат ету халықаралық ұйымның басым бағыттарының бірі екенін, осы істе қажырлы еңбегі мен адалдығы және Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін арнаулы сыйлық тағайындағаны үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа зор ризашылығын жеткізді. Сондай-ақ БҰҰ өкілі ядролық қаруға қарсы күресте қайраткерлік танытқан Лассина Зербо мен марқұм Юкия Аманоның мұндай атаққа әбден лайық екенін айтты.
Юкия Амано МАГАТЭ-ні тоғыз жыл бойы басқарып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қаруды таратпауға айтарлықтай үлес қосты. Оның Қазақстанда агенттіктің төмен байытылған уран банкін құру жөнінде шешім қабылдауда және оны іске асыруда жетекші рөл атқарғаны даусыз. Иран ядролық бағдарламасы бойынша жалпыға бірдей іс-қимыл жоспары туралы келісімді жүйелі жүзеге асыруы жоғары бағаланып отыр. Юкия Аманоның дамып келе жатқан елдердегі қатерлі ісік ауруларымен күрес жөніндегі МАГАТЭ қызметінің басым бағытында сіңірген еңбегі аталып өтті. Бұған қоса оның су ресурстарын басқару және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ядролық ғылымды қолдану бастамасы назарға алынды.
Лассина Зербо ЯСЖТШҰ жүзеге асыруға, Халықаралық мониторинг жүйесін құру бойынша жұмысты түгелге жуық (97%) аяқтауға еңбек сіңірді. Ол аталған ұйым аясында көрнекті қайраткерлер тобын және жастар тобын құруға бастамашы болды. Лассина Зербо геофизика ғылымының докторы болғандықтан, жаңа перспективті технологиялар мен әдістерді қолдануға баса назар аударып келеді. Ол – Бүкіләлемдік экономикалық форумның ядролық қауіпсіздік саласындағы кеңесінің тең төрағасы және Африканың энергетика, ғылым, технология, даму, бейбітшілік және қауіпсіздік саласындағы бірқатар зерттеу орталығының мүшесі.
Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдың 10 қазанында тағайындады. Бұл сыйлық ядролық қаруды таратпауға, қарусыздандыруға, ядролық сынақтарды тоқтатуға, ядролық энергияны бейбітшілік мақсатта пайдалануға қосқан зор үлесі үшін, бейбітшілік пен достықты, халықтар арасындағы сенімді, теңдікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін беріледі. Таяу Шығыс елдерінде ядролық қарудан азат аймақ құруға қолдау көрсеткені және 1,5 млн сириялық босқынды қабылдағаны үшін Иордания королі ІІ Абдалла аталған сыйлықтың алғашқы иегері атанды. Сыйлық корольдің 2017 жылғы 31 қазан мен 1 қараша аралығында Қазақстанға сапары барысында ресми түрде табысталды.