Бүгін Ұлы дала елі, барша қазақстандықтар ұлық мереке – еліміз үшін аса маңызды Конституция күнін кең көлемде, жоғары деңгейде атап өтуде. Осынау мән-маңызы жоғары жалпыхалықтық мейрамда еліміздің татулығы мен ынтымағын, тұрақтылығы пен орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде ерекше мәнге ие Негізгі Заңымыздың барлық ізгілікті қағидалары жарқырай көрініп қана қоймай, оның халық билігін орнықтыру, демократиялық құндылықтарға басымдық беру бағытындағы мазмұны айқындала түседі.
Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей басшылығымен әзірленіп, ең озық құқықтық негіздерді қамтыған Ата Заңымыздың мемлекетімізді қалыптастырудағы, ел алдындағы міндеттерді еңсерудегі орны айрықша. Сондықтан да әрбір қазақстандық азамат ел Конституциясын халықты ортақ мүддеге жұмылдырушы басты құжат ретінде таниды.
Қазір қолданыстағы, яғни 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданған Ата Заңымыздың уақыт талабына лайықты жауап беріп, халық қалауымен үндестік табуын оның басты ерекшелігі деп қарастыруға болады.
Конституциямыз күшіне енгелі бергі аралықта оған уақыт сұранысына, заман талабына сай бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді. Бұл шешімдер уақыт өткен сайын өзінің дұрыстығын, мемлекеттілікті қалыптастыруда, сондай-ақ саяси-экономикалық, құқықтық және идеологиялық тұрғыда тиімділігін көрсетті. Мəселен, 2017 жылғы өзгерістерде қоғамды демократияландыру ісін, халық билігін нығайта түсуге, Парламенттің рөлін, Үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы жауапкершілігін арттыруға басымдық берілді...
Қорыта айтқанда, елдігіміздің тұғыры, темірқазығы – Ата Заңымыз – Отанымыздың алдында тұрған басты мақсат-міндеттерді жүзеге асырудың кепілі әрі алғышарты.