• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Тамыз, 2019

ІІМ батылдығы үлгі қызметкерлерді марапаттады

237 рет
көрсетілді

Ішкі істер министрлігінде Конституция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ведомство басшылығы, ардагерлер мен жеке құрам қатысқан шарада Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев биыл ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы бойынша жоспарланған бірқатар маңызды іс-шара іске асырыла бастағанын атап өтті.

«Бүгін, Негізгі Заңның және Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың талаптарына сәйкес, біз елдегі қылмысқа қарсы күресте ІІМ-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің жұмысын жоғары деңгейде, жаңа форматта ұйымдастырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуіміз қажет. Осыған байланысты министрлік азаматтық қоғаммен, үкіметтік емес ұйымдармен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыс жүргізуде», деді Е.Тұрғымбаев.

Салтанатты шарада өз міндеттерін адал атқарғаны үшін және Конституция күніне орай ішкі істер органдарының бірқатар қызметкеріне мемлекеттік және ведомстволық наградалар тапсырылды. Атап айтқанда, Президенттің арнайы Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлім командирлері Дәулет Алшымбеков, Талғат Медеубаев, аталған қызметтің жедел кезекшілігінің көмекшісі Дархан Райымбеков, Қарағанды облысындағы Өрт сөндіру бөлімі бастығының міндетін атқарушы Берік Рахымжанов «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Бұл өрт сөндірушілер Жалаңтас ауы­лы мен «Жас Қанат» балалар лагері жанындағы өртті сөндіру кезінде батылдық пен кәсіби шеберлік көрсетті. Өрт сөндіру кезінде ауыл шаруашылығы алқаптары мен елді мекендердің қызыл жалынға орануына жол берген жоқ. Олардың ерлік әрекеттері нәтижесінде жүздеген адам өрттен құтқарылды.

Сондай-ақ Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жұмысында жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан­ның бірқатар қызметкері марапат­талды. Жалпы, Конституция күнін мерекелеуге орай ішкі істер органдарының 560 қызметкері әртүрлі марапатқа ие болды. Мерекелік жиынның соңында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің көркемөнерпаздар ұжымы дайындаған мерекелік концерттік бағдарлама көрер­мендер назарына ұсынылды.