• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Тамыз, 2019

Конституциямыздың орасан зор жасампаз әлеуетінің айғағы - Ж.Түймебаев

286 рет
көрсетілді

Конституция күні қарсаңында қазақстандықтар Негізгі Заңның өлшеусіз және тұрақты әлеуетін ерекше бағамдайтыны белгілі. Оның үстіне, қазіргі сәтте жалпы қоғам жаңа Президенттің өзіне берілген сенім мандатына жауап ретінде ұсынған келешек жоспарлар мен даму бағытын жіті қадағалап, мемлекет көмегіне үлкен үміт артуда. Конституция күнінен кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына тұңғыш Жолдауын жасайды деген жаңалық та халықтың назарын ерекше аударып отыр.

Негізінен, Президенттің сайлауалды тұғырнамасында жарияланған және Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмалардан да көп жайды аңғаруға болады. Қазіргі әлеу­меттік-экономикалық ахуалдың бас­ты лейтмотиві – Мемлекет басшысы қызметінің Конституцияның рухына, оның бұзылмай орындалу талабына сәйкес келуі және қалың бұқараны әлеу­меттік қолдау, сайып келгенде, биліктің заңдылығын нығайтып, саяси тиімділігін айқындайды. Бұл ретте күн тәртібінің пісіп-жетіліп, жанға батқан мәселелері алға шығады.

Осы орайда мемлекеттің әлеуметтік сипатына баса назар аудару алға шығып отыр, өйткені бұл әлеуметтік саясатты табыспен іске асыруға арналған жағдайларды қамтамасыз етуге тікелей бай­ланысты. Сондықтан мемлекет тарапы­нан бірінші кезекте азаматтардың тұты­нушылық кепілсіз несиелерді тө­леуге көмектесу туралы көптеген өті­ніштеріне ден қойылды.

Ел Президенті әлеуметтік тұрғыдан алғанда неғұрлым осал топтағы – көп балалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айырылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жетім балалар сияқты азаматтарға ерекше назар аударды. Жалпы саны шамамен 500 мың­дай адам әртүрлі себептерге байла­нысты өмірлік ауыр жағдайларға тап бо­лып, өздеріне алған кредиттік міндет­те­мелерін орындай алмағаны белгілі.

Бұл ретте кредиттердің 86%-дан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аз екен. Берешектің орташа мөлшері шамамен 300 мың теңге және де бұл адамдардың өз беттерінше қарыздарынан құтылуға еш мүмкіндіктері жоқ. Қазақстанның әлеуметтік мемлекет екендігі туралы конституциялық норманы негізге ала отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың тап осы санаттарына қолдау көрсету бойынша теңдессіз қадам жасады.

Енді мемлекет азаматтардың жоға­рыда аталған санаттарына жататын әрбір қарыз алушы үшін тікелей және атаулы қаржылық көмек негізінде бір реттік акция тәртібімен екінші деңгейдегі банктерде және микроқаржы ұйымдарында жалпы көлемі 300 мың теңгеге дейінгі негізгі борышты және ол бойынша есептелген сыйақыны өтейтін болды. Қарыз алушылардың 55%-дан астамы үшін, яғни 250 мың адам үшін бұл негізгі қарыз бен сыйақыны қоса алғанда, жалпы қарыз мөлшерінің толық төленуін білдіреді. Қалған қарыз алушылар үшін олардың борышының 300 мың теңге мөлшеріндегі бір бөлігі өтеледі, бұл олардың төлем қабілеттілігін қал­пына келтіруге және борыштық жүкте­ме­ні төмендетуде елеулі қолдау болады. Банктерде және микроқаржы ұйым­дар­ында кепілсіз тұтынушылық қарыздары бар барлық азамат үшін 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімақылар есептен шығарылады.

Бұдан басқа, 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарыз­дары бойынша кредиттерді беру мен қызмет көрсетуге байланысты тұрақ­сыз­дық айыбын, комиссиялар мен өзге де төлемдерді есептеуге тыйым салынды.

1 маусымнан бастап жекелеген бюд­жеттік сала қызметкерлерінің жала­қысы 30%-ға дейін өсті. 1 сәуірден бас­тап атаулы әлеуметтік көмек көрсе­ту критерийі өзгертіліп, бұл көмек мөлше­рінің өсуіне және атаулы әлеуметтік көмек реципиенттерінің 3 есеге жуық ұлғаюына мүмкіндік берді. 202,5 млрд теңге қаражат 1,5 млн адамға немесе 291 мың отбасына бөлінеді. Бұл – азаматтарымыздың құқықтары мен мүд­делерін қамтамасыз ету жөніндегі конс­титуциялық нормаларды іске асырудың барынша жарқын қадамы.

Президенттік «Әлеуметтік пакет» – болашақта азаматтың қажеттіліктері мен оған тиесілі төлемдер туралы барлық ақпараттардың «жинау нүктесі» болатын дербес әлеуметтік карта арқылы аса мұқтаж адамдарға нақты және атаулы әлеуметтік көмекті ұсынады. Бұдан басқа, бүкіл ел бойынша әлеуметтік қолдау стандарттарының бірдейлігіне қатысты азаматтардың теңдігіне кепілдік беріледі.

Президенттің «Медициналық пакеті» сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділікке қатысты азаматтардың нақты теңдігін, дәрігерді денсаулық сақтау машинасының «бюрократиялық бұрандасы» сияқты қазіргі қалпынан «дәрігер – пациент» қарым-қатынасына өтіп, елдегі барлық медициналық жұ­мыстың негізі болатын мейірімді, жанашыр дәрігер тұлғаға айналдыруды қамтамасыз етеді. Және де мұ­ның ма­те­риалдық негізі бар – 1 мау­сым­нан бас­тап барлық медицина қызметкер­леріне жалақы мөлшері 30%-ға дейін ұлғайтылды.

Тағы бір маңызды пакет – «Білімді ұлт: баршаға арналған заманауи білім беру стандарттары» басымдығы. Бұл жерде әңгіме тек білім беру жүйесі туралы ғана емес, келесі онжылдықтың өзінде еңбек нарығына табысты кірігуге бағдарланған жастар үшін әлеуметтік лифтілердің кең платформасын қалып­тастыру туралы да болып отыр.

«Жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындары» сияқты президенттік пакет дәл осы блокпен тығыз байланысты, өйткені бүгінде бүкіл әлемде «білім экономикасынан» «адамдар экономикасына» көшу басталуда. Сондықтан бұл блок интеллектуалдық әлеуетті дамытуға ғана емес, сонымен қатар шығармашылық және креативті қасиеттерді дамытуға және оларды пайдалана білу дағдыларын үйретуге бағытталуы тиіс.

Бұл кешенді міндеттерді іске асыру нәтижеге бағдарланған мемлекеттік бас­қару жүйесін жаңартусыз және ол сапалы түрде жұмыс істейтіндей етіп қайта жүктеусіз мүмкін емес.

Оның мәнін үш бағытта көрсетуге болады, олар: мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінің қоғам алдындағы жауапкершілігін, есепті болуын және ба­қылануын арттыру, сондай-ақ халықпен тікелей кері байланыс­ты күшейту және соңғысын шешім қабылдау процесіне тарту.

«Бүкіл халықтың игілігі үшін эконо­микалық даму» конституциялық прин­ципі сайлауалды тұғырнаманы іске асыру жөніндегі жоспардың экономикалық блогында кеңінен көрініс тапты, онда әкімшілік кедергілерді алып тастауға, еңбек өнімділігін және отандық кәсіп­керлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылды. Және мұны «қарапайым заттар» экономикасында – жиһаз, тамақ, тоқыма, құрылыс және басқа салалар базасында жасау күтіп тұр. Бұл үшін 600 миллиард теңге қарастырылған. Бұл ретте өсудің бір бағыты «ауқатты ауыл», сондай-ақ кәсіпкерлік саласын реттеу және қолдау, қаржы саласын сауықтыру саласындағы барлық құжаттарды тексеру жөніндегі шаралар болады.

Президент «бәрі білетін, бірақ сұ­рау­­дан қорқатын» санаттағы ең өзек­ті мәселелерді қозғады. Бұлар – ауыл ша­руашылығына салынатын инвес­ти­ция­­лардың төмен деңгейі: негізгі капи­­талға инвестициялар көлемі бар бол­­ғаны 3,2%; оларға қатысты ауыл ша­руа­шы­лығы саясатының нақ­ты қыс­қа және орташа мерзімді басым­­дық­тарды әзірлеу және осы базада қолдау құралдарын тұрақтандыру бо­йынша тапсырма берілген мемлекеттік қолдау шарттарының жиі өзгеруі. Бұл жерді тиімді пайдалану мәселесі, ал бүгінгі күні бізде 16,5 млн гектар пайдаланылмайтын жер бар. Барлық ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жасау және жер кадастрының жүйесін цифрлау өндірістің басты факторы – жерді көлеңкеден шығарады. Және Президент барлығын «Жер онда жұмыс істейтіндерге тиесілі болуы тиіс» деген шын мәнінде «революциялық» тұжырыммен аяқтайды.

Азаматтардың экономикалық теңді­гінің іргелі негіздерінің бірін құру үшін елдің инфрақұрылымын одан әрі дамыту, тұрғын үйге қолжетімділік және экологиялық қауіпсіздік көзделген. Мұн­да да нақты көрсеткіштер белгіленген – аз қамтылған азаматтар санаттарына арнап 40 мың пәтер және 2 миллионнан астам адам үшін 650 мың пәтер салу керек. Елде бірыңғай тұрғын үй саясатына көшу азаматтардың тұрғын үймен қамтамасыз етілу құқықтарының нақты теңдігін орнықтырудың негізіне айналады.

Белгіленген жоспарлардың табыс­ты болуы өңірлік деңгейде нақты мақ­саттарға қол жеткізілуіне байланыс­ты екені даусыз. Сондықтан «Қуатты өңірлер – қуатты Қазақстан» пакеті нақ­ты өңірдегі барлық мемлекеттік бағдар­ламалардың тікелей халық мүддесін көздеп, соған бағдарлануының, олардың өңірлік бағдарламаларға қатысуының маңызды элементі болып табылады. Бұл жерде Қазақстан халқы Ассамблеясының ауыл деңгейінен облыс орталығына дейінгі Қоғамдық келісім кеңестерінің – барлығы 3000 кеңестің – айтарлықтай тәжірибесі жинақталғанын атап өткіміз келеді.

Елбасының тапсырмасы бойынша бұл бірегей институт жергілікті өзін өзі басқару жүйесінің элементі ретінде де, аудандар, ауылдық округтер, ауылдар деңгейінде жергілікті бюджеттердің тиімді пайдаланылуын бақылау құралдарының бірі ретінде де дамыды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жүйені трансформация­лау және осы процестердегі жастардың рөлі жөніндегі міндеттер кешені оның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмаларының қисынды қорытындысы болып табылады. Оның мәні – «билік адамдардың сұраныстарын естуге, жергілікті жерлердегі мәселелерді шешуге, азаматтар алдында үнемі есеп беруге міндетті». Елдің саяси механизмін ретке келтіру және еппен, мұқият құру кез келген деңгейдегі саясат үшін ең күрделі міндет болды, қазір де солай және бола береді.

Сондықтан саяси жүйенің өзгеруі қоғамның «өзін өзі реттеу» тетіктерінсіз мүмкін емес. Осы тұрғыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру және 2025 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу сайлауалды тұғырнаманы іске асыру үшін саяси жағдайлар жасауға мүмкіндік беретін тап осындай «баппен күйге келтіру» тетіктері болып отыр.

Конституциялық құрылыс тұрғы­сынан алғанда, сайлауалды тұғырнаманы іске асыру жөніндегі бағдарлама бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Конституциясының «Жалпы ережелер» атты I бөлімі мен «Адам және азамат» атты II бөлімінің ережелерін барынша толық іске асыруға бағдарланған. Және де бұл өте орынды, өйткені Президент Қ.Тоқаевтың бағдарламасы негізінде сайлау нау­қаны кезеңінде-ақ әбден ушыққан қоғам­дық проблемаларды шешуге деген «әлеуметтік», адами көзқарас барынша айқын көрінді.

Бұл Қазақстан Республикасы Ата Заңының өзгермейтін әлеуметтік сипатын, сондай-ақ оның гуманистік әлеуетін ашу және мазмұнын толтыруға арналған орасан зор резервтердің бар екенін көрсетеді.

Қазақстан Республикасы Консти­ту­циясының күні біздің мемлекеті­міздің демократиялық негіздерінің мызғы­мас беріктігін, адам құқықтары мен бос­тан­дықтарының салтанат құруын, ел болашағы үшін әрқайсымыз­дың өз азаматтық парызымыз бен жауап­кер­шілігімізді сезінуімізді бейнелейді.

Қоғамдағы бірлік пен келісімнің арқасында біздің әрқайсымыздың ер­кін өмір сүріп, еңбек етуге, отбасын құрып, бала тәрбиелеуге, сөйтіп өз болашағымызға жоспар құруға мүмкін­діктеріміз бар. Бүкіл құқықтық жүйенің өзегі бола отырып, Конституция Қазақ­станның орнықты және қарқынды дамуын қамтамасыз етеді. Ол әр адамның, тұтас қоғамымыздың шығармашылық әлеуетін іске асыру көкжиегін кеңейтеді.

Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктері, сондай-ақ бүгінде алдымызға қойып отырған жос­парлар мен міндеттердің ауқымдылығы – Конституциямыздың орасан зор жасампаз әлеуетінің айғағы.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары –

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі