Ата-бабаларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», өскелең ұрпаққа бірлікті, жұдырықтай жұмылуды өсиет еткен. Дана қазақ: «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын» деп қадап айтуы бекер емес. Ал хакім Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзі келешекке қалдырған аманаты іспеттес.
Ата Заң – ата-бабалар армандаған азаттығыңды айқындайтын, егемендігіңді әйгілейтін, тәуелсіз ел екендігіңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі құжат. Ол – елдігіміздің тірегі, азаматтың арқасүйер алтын арқауы. Біздің күллі тыныс-тіршілігімізді, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі – барлығы сол Негізгі Заңнан бастау алатындығы рас. Ата Заң – тал бесіктен жер бесікке дейінгі уақыт аралығында сіздің құқығыңызды сақтайтын, сөреде қараусыз жатпайтын алтын тұғыр. Ол – ел азаматының конституциялық құқын танытатын, әр отандасымыз бұлжытпай орындайтын заңдардың алтын арқауы, темірқазығы. Сондай-ақ – бабалар аманаты. Кешегі Қасымның «қасқа жолы», Есімнің «ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері.
Ата Заң – ұлтаралық татулықтың алтын діңгегі. Бүкіл халықтың игілігін көздейтін конституция қоғам мен биліктің тұрақтылығын қамтамасыз етіп қана қоймай, қазақстанның әлем таныған мемлекетке айналуына оң ықпал етті. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Айқара ашылған құшағына, кең қолтығына сан тағдырлы мыңдаған ұлтты біріктіріп жатыр. «Береке бастау бірлік, ел іші тату тірлік» демекші, ел басына күн туып, ер етігімен су кешкен қиын-қыстау замандарда киіз туырлықты қазақ ұлтын ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі мен ынтымағы десек, артық айтқанымыз емес. Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары айдан анық. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді біздің халық. Дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Елімізде қалыптасқан ұлтаралық татулықтың арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді. Отанымыздағы түсіністік, халық достығы – ең басты байлығымыз. Оны көздің қарашығындай сақтауға тырысуымыз керек.
Статистикалық деректер бойынша, елімізде 140 этнос пен 46 діни қауымдастық бар екен. Осылардың арасында ешқандай да келіспеушілік, дүрдараздық жоқ. Олар Қазақстанды ортақ Отаны санайды. Елімізде ынтымақ пен бірліктің қаймағы бұзылмай сақталуында бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясы – халқымыздың адамгершілігі мен толеранттылығының таңғажайып үлгісі. Мұндай қасиет тұтас ұлттың басына бір күнде орнай салмайтыны бесенеден белгілі. Бұл – халықтың сана-сезімінің, салт-дәстүрінің, рухани байлығының кемелденгенінің айқын нышаны.
Осы тұрғыдан алып қарасақ, Қазақстандағы қоғамдық қарым-қатынастардың белгілі бір дәрежеге көтерілгенін анық аңғарамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бері республикадағы ұлтаралық қарым-қатынастар экономикалық және саяси реформалар өткізу барысында жаңаланды. Қоғамда еркін ойлау мен толеранттылық нығайып, этномәдени бірлестіктер табысты даму үстінде. Азаматтардың, әсіресе жастардың арасында мемлекеттік тілді үйренудің табиғи процесі жүріп жатыр. Қазақстанның тілдік байлығы – жалпықазақстандық мәдениеттің мәйегі. Мемлекеттің қолдауымен 11 тілдегі газет-журнал табысты шығарылуда, 44 телеарна 12 тілде, 18 радиостанса 7 тілде хабар таратады, ғаламторда ұсынылған контент саны өсіп келеді.
Еліміздің салиқалы саясатының арқасында біз қазіргі күні экономикалық жетістіктерді, әлеуметтік игіліктерді, саяси тұрақтылық пен мәдени өркендеуді бастан кешіріп отырмыз. Елдің қол жеткен табыстарына, біздегі орын алған татулық пен түсіністік жағдайларына әлемдік өркениет қызығушылық танытуда. Осының өзі көңілді марқайтып, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезіміңді арттыра түседі.
Әрине дос сүйсіне, дұшпан күйіне қарайтын жетістіктер оңайлықпен келіп жатқан жоқ. Бұл – ең алдымен қазақ халқының өз ішіндегі ауызбіршіліктің, жалпы, қазақстандықтардың ынтымақтастығы мен бірлігі арқасында жетіп отырған игілікті нәтижелер. Біздің мақсатымыз – қазақ жерін мекен еткен көпұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің әлеуетін арттыра отырып әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан көріну.
Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ