• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Тамыз, 2019

Қостанайда құл ұстайды дегенге кім сенеді?

466 рет
көрсетілді

Қазір Қостанай облысының Меңдіғара ауданында болған адам өлімі туралы қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. 2016 жылы осы ауданда құлдықта болып, «құл иеленушінің» қолынан қаза тапқан марқұмның өліміне қатысты қылмыстың беті үш жылдан кейін ғана ашылған.

– Құлдыққа түскен адамды пеш жағуға, дәретхана, қора тазалауға жеккен. Қалған уақытта қашып кетпеуі үшін байлап қойған. Әлгі марқұмның жазығы – кір қолымен кастрюльден рұқсатсыз тамақ алып жегені екен. Қарны ашып, көзі қарауытып тұрған адам ғана сондай тірлікке барады. Аш адам қолының тазалығын, кір екенін ойлай ма? – деді облыстағы «Дамыту» қоғамдық қорының төрайымы Нина Косюк. Бұл қоғамдық ұйым облыста 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. Содан бері адам саудасының құрбаны болып, өліммен аяқталған үшінші оқиға тіркелді. Сол үшеудің бірі аязға үсіп өлген. Уақытында ел қатарында-ақ жүрген кісіні тыпыр еткізбей мал соңына салған, ол ақырында азып-тозып, құлдықпен көз жұмған. «Дамыту» қоғамдық қорының мамандары 200-ден аса қиын жағдайға душар болған адамдарға көмек қолын созған.

Әрине, адам саудасы жасырын жүретіндіктен, заман тыныш, заң бар, жұрттың барлығы сауатты, дамыған қоғамда біреуді біреу байлап, құлағын кесіп, құлдыққа жегіп жатыр деген ешкімнің ойына келе қоймайды. Бірақ қоғам дамыған сайын адам саудасына қатысты қылмыс та асқынып келе жатқанға ұқсайды. Қазір ауылда да, қалада да қара жұмыс істейтін адам аз. Арзан жұмыс күші таптырмайтын тапшылыққа айналған. Бұл жер жүзінде жайылған қылмыстың бірі болғандықтан мұны БҰҰ секілді беделді ұйым назарында ұстайды. Норвегия корольдігінің сыртқы істер министрлігі бөлген қаржыға жұмыс істейтін «Аймақтық және жаһандық қауіп-қатерлер тұрғысынан Орталық Азияда адам саудасына қарсы күресті күшейту мен осал мигранттарды қорғау» өңірлік жобасының тұсаукесерінде Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) – БҰҰ агенттігі жобасының үйлестірушісі Әниса Қуанова Қазақстанды Орта­лық Азиядағы адам саудасы қылмысының орталығына жат­қыз­ды. Соңғы бес жылда елімізде адам саудасынан 2000 адам зәбір көрген, соның 80 пайызы – шетел­дік­тер. Анығын айтқанда, олар Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстаннан келетін гастарбайтерлер екені белгілі. Әлеуметтік деңгейі төмен, тұрмыс тауқыметімен нан табу үшін жолға шыққан жандар алдау-арбауға түсіп қалады. Ә.Қуанованың айтуына қарағанда, шетке шыққан қазақстандықтар көбіне Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияға және визасыз мемлекеттерге барғанда күтпеген қауіпті жағдайларға, «құлдыққа» тап болады, мәжбүрлі жыныстық қатынасқа жегіледі. Қазақстандағы адам саудасының қылмыс құрығына отандастардан гөрі шеттен келгендер көп ілінеді екен. Оның үстіне Әниса Нақыпқызы ішкі көші-қон кезінде де адам саудасы, басқа да қылмыстардың бас көтеретінін жоққа шығармады. Өйткені шетке шыққан отандастар да, елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударушылар мен Орталық Азия республикаларынан жұмыс іздеп келетіндер, Ресейге өтетіндер ең алдымен «көрмеген жердің ой-шұңқыры көптігінен» осындай аянышты халге түседі .

– Орталық Азиядағы бес елде адам саудасына қарсы күресті күшей­ту мен осал мигранттарды қор­ғау» өңірлік жобасы жүзеге асып жатыр. Оған Қазақстан да кіреді. Үш жылға есептелген жоба қазір еліміздегі Нұр-Сұлтан, Алматы, Тараз, Қызылорда және Қостанай сияқты бес ірі қаланы қамтып отыр. Келесі жылы елдің батыс облыстарына шығатын боламыз, – дейді Ә.Нақыпқызы.

Сонымен қатар Қазақстан ішкі адам саудасы жөнінен де алдына қара салмай тұрған көрінеді. Халықаралық жоба өмірге жолдама алған Қостанайда да қылмыстың бұл түрінен адам өлімі орын алғанын сөзіміздің басында айтқанбыз.

– Жалпы облысқа келіп, осындай жағдайға ұшырайтын шетелдік азаматтар да, жергілікті адамдар да жұмыс іздеген, әлеуметтік ахуа­лы төмен адамдар. Ал жұмыс берушілер олармен келісімшартқа отырмайды, сосын еңбекақысын бергісі келмей қашқақтайды. Әлімжеттік жасайды. Мысалы, облыс өңірінде 90 жұмыс беруші еңбек шартын жасамағаны, еңбекақысын бермегені үшін жауапқа тартылды. Жалданғандардың 98 пайызы жұмысты жасырын, құжатсыз істеуге келіседі. Биыл жыл басынан бері облыстан 120 гастарбайтер шығарылды. Олар 2 айлық көрсеткіштен тұратын мемлекеттік баж салығын, яғни 5-6 мың теңге төлеп, жұмысты заңды істеуіне болады. Құлдыққа ұрынатындар заңды білмейді, өзге елдің заңын қарап шыққысы, сұрастырғысы келмейді, мойын бұрмайды. Ішкі адам саудасы да адамдардың заңды білмеуінен болып жатады, – дейді облыстық көші-қон полициясы басқармасының бастығы Қайрат Дүтбаев.

– Құлдыққа түсу, бұл бір жағы­нан психологиялық қақпан, бұғау секілді. Зәбір көрген жандар оны айтуға, жария етуге қорқады, жасырын, жабулы қазан жабулы күйі қала береді. Екі жылда 28 адамға көмек бердік, – дейді Н.Косюк.

Жалпы адам саудасы құрбаны мен зардап шеккендерді қорғау, көмек беру үшін жыл са­йын респуб­ли­калық бюджеттен қаржы бөлінеді. Қостанайда оларға арналған уақыт­ша ұстау баспанасы 2016 жылдан бастап жұмыс істейді, онда жәбір­ленушілерге 8 түрлі қызмет көрсе­ті­леді.

– Осы жылдар ішінде уақытша баспанаға адам саудасы қылмысынан қиянат көрген 48 адам тоқтады. Оның ішінде 41 ересек адам, 7 бала болды. Заңсыз пайдалану сипатына қарай айтсақ, 26 ер кісі заңсыз жұмысқа, 15 әйел жыныстық қатынасқа мәжбүрлі түрде жегілген. Амангелді, Жангелдин аудандарынан қалаға, қала іргесіндегі аудандарға жұмыс іздеп барғандар осындай тығырықты жағдайларға тап болады. Олардың ақшасы жоқ­тығын, құжатын жоғалтып алға­нын, басқа да осал тұстарын ниеті жаман адамдар қалағанынша пай­даланады, – дейді облыстық жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масы әлеуметтік мекемелер қызметін үйлестіру бөлімінің басшысы Майдашаш Жұмағали. Адам саудасы қылмысынан жәбір­ле­ну­ші шетел азаматтарына бюджетте қаралмағандықтан біздің елде бірсыпыра қызмет түрі көрсе­тіл­мей­ді. Бірақ соңғы жылдары ол бірнеше облыста шешімін таба бастапты. Оларда ауыр халге душар болған шетелдіктерге медициналық көмек көрсетіледі.

«Дамыту» қоғамдық қорының төрайымы Н.Косюктен соңғы жылдары облыста адам саудасы қыл­мы­сынан жәбірленгендердің көмек сұрауының азайып-көбеюі туралы сұрағанымызда, ол полицияның қалай жұмыс істеуіне байланысты екенін айтты.

– Бұл тоқтамайтын қылмыс па дерсің. Шетелдіктерді былай қой­ған­да ішкі адам саудасы аз емес. Полиция қалай анықтайды, солай бізге келіп, баспанадан басқа психологиялық, медициналық және басқа да көмектер алады. Жас қыз­дар­дың саудаға түсетіні, оның жиі­ле­гені қасіретті. Бұл адамдардың бейқамдығына да байланысты. 11616 нөмірлі сенім телефоны жарнамадан түспейді, соған адамдар мән бермейді, – дейді «Дамыту» қоғамдық қорының төрайымы.

Мамандардың айтуына қара­ған­да, тұрмысы төмен, әлеу­мет­тік тұрғыдан аз қамтылған жандар негізінен адам саудасының құ­ры­ғына тез ілінеді екен. Ал адам саудасымен айналысатындар құл­қынның соңына түскен, арам табысқа малданғандар екені бесе­неден белгілі. Себебі қайдан дерсіз? Тәрбиенің осалдығынан ба, әлде Абай айтқандай, барлық жаман қасиеттің жалқаулыққа барып тірелуінен бе екен? Әу баста екі жақ та – «құл» мен қара ниетті де адал еңбекті әдет еткенде ғана қоғамда адам саудасына орын болмас па еді, бәлкім?

 

ҚОСТАНАЙ