"WorldSkills Kazan-2019" чемпионатының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы айтарлықтай ілгерілеп, өз позициясын жақсартты. Чемпионат қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 14-ші орынды иеленіп, әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Ресей Федерациясының Қазан қаласында өткен "WorldSkills-2019" әлем чемпионаты аяқталды. Әлемнің түпкір-түпкірінен 18-22 жас аралығындағы 1 400-ден астам жас маман жұмыс мамандықтары бойынша WorldSkills алаңдарында жарысты.
Чемпионатта Қазақстан ұлттық құрамасының 34 мүшесі 31 құзыреттілік бойынша ел намысын қорғады. Қазақстандағы WorldSkills қозғалысының жетекшісі – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин "WORLDSKILLS KAZAN-2019" чемпионатының ашылу салтанатына қатысты. Өз кезегінде Қазақстан құрамасының мүшелерімен кездесіп, сәттілік пен жеңіс тіледі.
Қазақстан атаулы әлемдік чемпионатқа 2015 жылдан бастап екі мәрте қатысқан. Жыл сайын қазақстандық құрама өз позицияларын жақсартып келеді. Мәселен, Сан-Паоло қаласында (Бразилия) WorldSkills әлем чемпионатында қазақстандық құрама команда 6 құзыреттілік бойынша өнер көрсетіп, жалпы командалық есепте 74 елдің арасында 55-орынды табан тіреген еді. Ал 2017 жылы Қазақстанның ұлттық құрамасы Абу-Даби қаласында (БАӘ) 23 құзыреттілік бойынша өнер көрсетіп, 24-ші орынды иеленді.
"Мехатроника" құзыреттілігі бойынша Семей қаласының электротехникалық колледжінің студенттері Александр Берцольд пен Исажан Раисов "Medallon for Excellence" және "Best of nation" үздік белгісін алды. "Сырлау және сәндік жұмыстар" JuniorSkills құзыреттілігі бойынша Жаңаөзен сервис және жаңа технологиялар колледжінің студенті Ердәулет Тұрар күміс медаль иеленсе, "Ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару" JuniorSkills құзыреттілігі бойынша Семей қаласының электротехникалық колледжінің студенті Әли Әскерханов қола медаль иегері атанды.