Барша адамзат дамуының шамшырақ тұлғасы және ел мен елдіктің, білім мен біліктің ұйытқысы – ұстаз. Әлемдік деңгейде – педагог, өз ұстанымызда ұстаз ұғымының сипаты, мән-мағынасы қашанда айқын: ол – мазмұны бірыңғай ізгіліктен ғана тұратын кәсіп, ол – ұрпақ пен ұлтқа, адамзат пен болашаққа арналған өмір сүру салты. Тіпті дүниенің асылын іздеп тауып, соны өзгеге үйретпекке ұмтылған жан қалауы.
Міне, сондықтан да шығар, Елбасының бастамасымен қоғамның жіті талқылауынан өткен «Педагог мәртебесі туралы» заң Парламент қарауына түсіп, білім саласының мамандарын ғана емес, күллі халықты жақсылықтан үміттендіріп отыр. Өйткені заңның аты – заң. Ол ұстаздар қауымына әрі қорған, әрі ынталандыру болмақ.
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің 21 тамыздағы отырысында Елбасы қоғамның барлық саласына, соның ішінде өскелең ұрпаққа, олардың талаптануына, ізденісіне, адал еңбек етуіне жауапкершілікпен қарауды нақтылап айтты. Ұлт көшбасшысының қойған талабы мен артқан сенімі айқын әрі салмақты деп білеміз. Оны жүзеге асыруда білім саласы аянып қалмасы сөзсіз.
Соңғы жылдарда елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік-әлеуметтік бағдарламалардың мәні мен мақсатына қарасаңыз, көбіне бюджет қызметкерлерлеріне, соның ішінде білім және денсаулық сақтау саласы мамандарына бағышталғанын аңғарар едік.
Сондай-ақ өздеріңіз көріп-біліп отырғандарыңыздай, кейінгі кезде білімге, мұғалімге қоғам көзқарасы өзгере бастады. Әрине, жақсы жағынан. БАҚ-та да, былайғы өмірде де ұстазға көрсетіліп жатқан құрметті ескермеу мүмкін емес. Бұл – жақсылықтың нышаны. Бұл – қалыптасқан дәстүрді сыйлау мен қастерлеудің жолы.
Шынтуайтында, бедел – нарықтық қатынастың емес, адамшылықтың өлшемі. Ол – мәні терең, тұғыры биік, қалыбы айрықша құндылық. Сондықтан адам да, қоғам да тірнектеп бедел жинайды. Беделсіз адамды да, маманды да ешкім сыйламайды. Оның қоғамда, жұмыс орнында, өз отбасында қадірі жоқ.
Рухани тұлғаларымыздан Жүсіп Баласағұни: «Ізгі атымен ғана ер алғысқа бөленеді» десе, Махмұд Қашқари: «Ізгі ердің сүйегі шіріп кетсе де, аты өшпейді» деп жазады. Осы ізгіліктің бәрі – ұстаз болмысынан, ұстаз білігінен, ұстаз тәлімінен даритын қасиеттер.
Елбасының: «Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес» деген тамаша тағылымды сөзі бар. Бұл – ұстаздың ғана емес, кез келген ұстамды жанның бағдаршамы. Бұл ретте Президент Қ.К.Тоқаевтың: «Мұғалімнің еңбегі – адамзат игілігімен астасқан өлшеусіз еңбек» деп айтқаны да мәлім.
Еуропаның «авторитет» ұғымын тәпсірлеп жіберсеңіз, қазақша «адамгершілік, ар, намыс, қуат, тегеурін, билік» болып шығады. Біздіңше, әлімсақтан ұстаз абыройы осындай болған, қазір де, болашақта да осылай болуы тиіс. Сонда ғана қоғамның береке-бірлік, тәлім-тәрбие, ақыл-парасат өлшемі орнығып дамиды.
Бәзбіреулер «Ұстаздардың өзі ұстаздық атқа лайықты ма?» деп қарсы сұрақ қойып жатады. Рас, «бес саусақ бірдей емес», ондай фактіні де жасырып-жаппаймыз. Бірақ ондайлар кездессе, ұстаз аты мен затына жете алмағанын аңғартпай ма?.. Сол себепті халық қай кезде де – төреші, бағалаушы, сыншы. Біз шын ұстаз туралы және оның мәртебесі жөнінде ой сабақтап отырмыз.
Ұстаз мәртебесі – философиялық, психологиялық, тарихи, әлеуметтік астары бар қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Педагог тұғыры – қоғам мен мемлекет тұғыры.
Қай мемлекет ұстаздарына қатысты қандай саясат ұстанса, мемлекеттің беделі де соған сай қалыптасады. Сондықтан ең бастысы, Қазақ елінде мұғалімді қадірлеуге байланысты тамаша дәстүр бар. Қызметтегі, биліктегі бүгінгі толқын оны ұмыта қойған жоқ.
Сөз жоқ, түптеп келгенде, педагог беделі заңмен емес, қоғамның ар-ұятымен, жауапкершілігімен шегеленеді. Қасиетті «Құранның» өзінде де, біздің мың жылдық дәстүрімізде де ұстазды сыйлау парыз екені ерекше айтылған. Ендеше «Педагог мәртебесі туралы» заңның қорғаушысы да, қолдаушысы да, дәйегі де, мәйегі де – қоғам.
Осыған байланысты мына ойды ортаға салуды дұрыс көрдік.
Біріншіден, қоғам немесе бәріміз білім ордаларын – мәдениет пен біліктің алаңы деп, ал ұстаздарды – жол сілтеуші, өнеге рәмізі деп қабылдауымыз шарт. Атқарушы билік те мектепті түрлі саяси науқан кезінде еске алмай, қоғамның күнделікті қайнауы, пісіп-жетілуі деп қарағаны жөн. Аға толқынның имандылыққа ұйып, мешіт жақта жүргені жақсы. Бірақ негізгі болашақ, басты есеп – мектептегі жас буында екенін ұмытпағаны дұрыс. Сондықтан немересін мектепке жетектеп әкеліп, соның маңында жүйелі әңгіме құрса, қилы жамандықты бірден тыюға әрекет жасаса, ұстаз беделін де, ата-ана ретінде өз беделін де көтереді.
Екіншіден, ұстаздардың сауаты, адамшылық бастамалары, қоғамдық-әлеуметтік қағидаттары шектеушілікке бармау керек. Беделді ұстаз – ашық, демократ ұстаз. Сондықтан сабағыңызға ата-ана, қызыққан адам қатысқысы келе ме – қатыссын. Жиналысыңызда ой айтқысы келе ме – айтсын. Қысқасын айтқанда, барлық оқу орны қоғамнан әрі баға алып, әрі халық айнасынан өзін көре білгені абзал.
Үшіншіден, «нарық және білім ордасы» деген тақырып пыш-пыш әңгіменің емес, қоғам болып кеңесудің өзегіне айналса дейміз. Рас, мемлекеттің мектепке берер немесе бөлер қаржысы аздау болып тұр. Бірақ тәуелсіздіктің 28 жылында тұрғызылған зәулім мектеп ғимараттарын, үлкен қалалардағы бірінен кейін бірі ашылған қазақ мектептерін ұмытпалық. Бұрынғы дәстүрдегі асар, үме, жылу т.б. бар, біз неге нарық кезеңінде білім ордаларына ата-ана, жанашыр, демеуші ретінде нақты көмектесе алмаймыз? Естеріңізге салайық, 20-30 жылдары алғашқы мектептер – жеке адамдардың шым-кірпіштен соққан үйі болатын. Олар мұны сатқан жоқ, саудалаған жоқ, тегін берді. 50-60 жылдары мектептің кірпішін ұжым болып құйып, қабырғасын ел болып көтерді. Нарықтың адамшылық бір амалы – осы. Шүкір, қазір мешіт қана емес, мектеп салып, халыққа сыйлайтын кәсіпкерлер пайда болды. Біз осыған қуанамыз.
Білім саласының өзіндік, кәсіби талай қиындықтары бар. Оқу мен оқытудың шын мағынасындағы еркіндігі мен дербестігі, бастамаларды қолдаудың тетік-амалдары әлі де әлсіздеу. Мектепте де, жоғары оқу орындарында да үлгерім мен бағалаудың қасаң жолынан шыға алмай келеміз. Қағазбастылық пен жалаң есеп жұмысты шідерлейді. Мұны Елбасы да, Президент те, сала басшылары да сынап жүр. Бірақ одан құтылудың тетігі – өз қолымызда.
Білімге қойылатын шарт – нақты ұстаздық талапқа негізделсе дейміз. Шын ұстаз шәкірттерінің алдында ешқашан да жалған, жасанды, жүйесіз әрекетке бармайды. Жалпы әділдік пен тазалықтың бастауы – мектеп. Осы тетік ұмытылса, қоғам қай жағынан да көштен қалады.
Сонымен бірге ата-ана мен ұстаз арасындағы жауапкершілік шегін, регламентін қоғам болып талқылап, бір тоқтамға келетін кез әлдеқашан келді. Қоғам, ата-ана мектептің сынаушысы позициясын ұстанса, біз ешқашан алға баспаймыз. Жоғарыда айттық, Қазақ елі дәстүрінде мектеп немесе білім ордасы – нағыз адалдық алаңы.
Әрине, басты тетік ұстаздың өзінде. Өзін өзі сыйлата білмеген ұстаз оқушы алдына немесе мінберге шығып, дәріс оқуға моральдық құқы жоқ. Сондықтан үнемі ізденісте жүрген, шеберлігін дәйім шыңдайтын, мәдениеті, адамгершілігі, бар бітім-болмысы жоғары азамат – шәкірттің ғана ұстазы емес, қоғамның ұстазы. Отанымызда ұстаз абыройы артқан сайын, білім мен ғылымның, тәрбие мен мәдениеттің абыройы артатыны сөзсіз.
Дана бабаларымыз балаға білімнен бұрын тәрбие берілуі керек екенін мұнан мың жыл бұрын айтып кеткен. Отбасы тәлімі мен елдік тәрбие – білім жүйесінің әрі өзегі, әрі айнасы. Қазақстанның отаншыл ұл-қызын оқытудың мақсаты мен мазмұны жылдан-жылға айқындалып келеді. Атап айтсақ, мақсат – бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ қалыптастыру, ал білімнің мазмұны – елдік тәлім-тәрбие мен адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны деп білеміз.
Биылғы республикалық тамыз конференциясында ел Президенті Қ.К.Тоқаев қабылдануы жоспарланған «Педагог мәртебесі туралы» заңда ұстаздарды қолдаудың кешенді шаралары қарастырылғанын, соның ішінде мұғалім жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту белгіленгенін қадап айтты.
Рас, ұстаз мәртебесі туралы заң қоғамның барлық жігін де бейжай қалдырмады. Барлық жиында, басқосуда бұл тақырыпты айналып өткен адам аз. Біз мұның бәрін – жанашырлық пен жауапкершілік деп ұқтық. Осылай барлық шарада, бастамада халықтың береке-бірлігі арта бергей.
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, академик