Бәрі есімде. Біз бір қиырдағы «Қоғалы» атты ауылда тұрдық. Ес білер ағалар соғысқа аттанып кеткен. Колхоздың бар жұмысын шал-кемпір атқарды. Ауыл балалары болып ойнауды білмедік. Бұғанамыз қатпай бидайдың масағын тердік, тарыны торғайдан қорыдық. Тойып тамақ ішпедік.
Бүгін ойлап қарасам, бәрі ертегі секілді. Мен ес білгелі ауылда үш хат тасушы болды. Соғыс басталарда Сейтқасым, одан соң Сопының Әбділдасы, Рүстем ата күн құрғатпай Қызылордаға жаяу-жалпылап, бүкіл газет-журналды, хатты дорбаға салып, ауылға арқалап жеткізетін. Нағыз жанкешті еңбек хат тасушыларда еді-ау!
Біз «Социалистік Қазақстан» газетін бала кезден жата-жастанып оқыдық. Ата-аналарымыз жұмыстан оралған кезде сығырайған шамның жарығымен әр бетін оқып беретінбіз. Содан соң бой жазып, шайға отыратын. Күн сайынғы «Информбюроның» хабарына сол кезде «Социалистік Қазақстан» газетінен қанығатын едік. Майдангер ағалардың ерлігін, жазған хаттарын газеттен оқып, төгілген қөз жасымызды жиі сүртетінбіз.
Бала кезден жанымызға жақын басылымға бүгінде жүз жыл толып отыр. Алғашқы саны Орынборда, одан соң Қызылордада шыққанын мақтаныш етеміз. Дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллин басылымның таралымы бес мыңға жеткенде Алатаудың баурайына киіз үй тіккізгені, мереке өткізгенін тарих беттеріндегі шежіреден оқығанбыз.
Алыстағы ауылда отырып, «Социалистік Қазақстанның» басынан өткен талай оқиғаларды естуші едік. Редактор Қ.Шәріпов бір жиналыста «Социалистік Қазақстан» «Казахстанская правданың» қосымшасы болуын қолдаймын деп, деп жоғарғы биліктің ығына көшкісі келгенде қайраткер Жұмабек Тәшенов «Социалистік Қазақстанды» жабатын да, ашатын да сен емес» деп тойтарыс берді, газетті жаптырмады дегеннен де хабардармыз. Газетте редактор болған Балғабек Қыдырбекұлы Колбиннің тапсырмасын орындамай, Д.Қонаев жайында сыни мақала жазуға қарсы шығып, өз арызымен қызметтен кетіпті. Осындай қайраткер ағалардың арқасында басылым бүгінге жетті ғой.
Менің де жасым тоқсанға қарай бет бұрды. Бас басылым менің бала кезден бергі сырласым. Жетпіс жылдан астам уақыт бойы бір санын құр жібермеген шығармын. Қойын дәптерімде бәрі жазулы. Жақсы дүниелер шықса тұлпарға мінгендей қуат аламын.
Қазір «Егемен» қолға жылдам тиетін болды. Дереу беттерге шолу жасаймын, жақсы дүниелердің астын сызып, ұтымды сөздерді жазып аламын. Басылымда қаламгерлер М.Жолдасбеков, Е.Раушанов, Р.Сейсенбаев, Б.Бодаубай, Ж.Сүлейменов, Қ.Сәрсенбай, қазіргі қаламы ұшқыр журналистер Нәзира Жәрімбет, Фарида Бықай, Сүлеймен Мәмет, Александр Тасболат, Айгүл Аханбайқызы және тағы басқалардың жазғанына құмарта көз тігеміз. Басылым басшысы Дархан Қыдырәлінің танымдық дүниелеріне сусындап қаламыз.
Біз аға буын басылымның бағын жандырған Шерхан Мұртаза, Сапар Байжанов, Ұзақ Бағаевтарды жиі еске аламыз. Кешегі Ержұман Смайылдың, Ақселеу Сейдімбектің, Нүриден Муфтахтың қалам сілтесін аңсайтын болдық.
«Егемен» әр сөзді байсалды, байыпты айтады, сол үшін де оның беделі жоғарылай түсуде. Әр шаңырақ басылымға үзбей жазылса ұтады. Аға буынның ықыласы бөлек.
Сыр Алаштың анасы. «Егеменге» жылма-жылғы жазылу жағынан көш бастаушы болуға тиіс. Қаймағы бұзылмаған қазақы өңірде он-он бес мың таралым аз. Не істеу керек? Басылым журналистері жиі-жиі елге шығып, кездесуді жиілету керек. Кітапхана, мектептерде сырласу көбейсе деймін. Аға буын өкілдері жиі сыр ағытса артықтық етпес еді. «Менің «Егеменім» атты байқау қажет-ақ. Әкімдіктерден қолдау көбейсе. Мұнай компаниялары, пошта бөлімшелері, басылым жанашырларымен кездесулерді жиілету керек.
Басылымға алдағы жылға жазылу науқаны басталғалы тұр. Біздер, сол науқанның басы-қасында жүруді парыз тұтуға бел буғалы отырмыз.
Қайырбек Мырзахметұлы,
ардагер
Қызылорда