Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, алтыншы шақырылымдағы Парламенттің бесінші сессиясын ашты. Алқалы жиын барысында Президент Қазақстан халқына алғашқы Жолдауын жариялады.
Азаматтық қоғамды дамыту – тұрақтылық тірегі
Парламенттің бірлескен отырысына Мәжілістің 107 депутатының 106-сы, Сенаттың 49 депутатының 47-сі, Мемлекеттік хатшы, Жоғарғы Сот, Үкімет мүшелері толық құрамда, Президентке тікелей есеп беретін және бағынатын орган басшылары, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының және облыстардың әкімдері, саяси партиялардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталды. Президент сөзінің басында Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге тоқталып, бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болғанын, осы уақыт ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналғанын айтты. Халыққа берген уәделерін міндетті түрде орындайтынын мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белестің ортақ мақсаттарын, оның ішінде сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген Жолдаудың басым бағыттары туралы егжей-тегжейлі баяндады.
Жолдаудың «Заман талабына сай мемлекет» атты бірінші бөлімінде елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформалар жасау мүмкін емес екені айтылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» – мемлекет тұрақтылығының негізі болатын саяси жүйенің формуласы. Ендігі жерде азаматтардың сындарлы сауалдарына құлақ түретін, жедел әрі тиімді жауап беретін мемлекет тұжырымдамасын іске асыру ортақ міндет болмақ. Сондықтан Мемлекет басшысы азаматтық қоғамды қолдау және нығайту ісін, өзекті мәселелерді шешу жолдарын кеңінен талқылау үшін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын атап өтті.
Жолдауда халықты толғандырған негізгі мәселелер көшелерде емес, Парламенттің және азаматтық диалогтың шеңберінде талқыланып, шешімін табуы тиіс екені көрсетілді. Алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлаулары көппартиялы жүйені одан әрі дамытуға ықпат етуі керек.
Халықпен тиімді байланыс орнату үшін мемлекеттік органдардың ашықтыққа, жеделдікке басымдық беруі назарға алынады. 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқартыла бастайды. Одан үнемделген қаражат неғұрлым іскер қызметкерлерді материалдық жағынан ынталандыруға жұмсалмақ. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқартылады.
Заң аясында бейбіт митинг өткізу туралы сөз болды. Азаматтардың ойын ашық білдіруі үшін қаланың ішінен арнайы орын белгіленеді. Бірақ заңға қайшы, бұзақылыққа үндеген акциялардың жолы кесіледі.
Президент мемлекеттік тіл мәселесіне мән берді. Ол қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келетінін айтты.
Азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру бағытында жұмыстар жалғаса береді. Жақын арада Азаматтық қоғам дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді.
Сондай-ақ алдағы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларына, ең маңызды мереке – Тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты тиісті іс-шаралар назарға алынды.
Ауыр қылмыстың жазасын күшейту керек
Жолдаудың екінші бөлімі «Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп аталды. Мұнда Мемлекет басшысы сот шешімдерінің сапасын жақсарту, ауыр қылмыстың жазасын күшейту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес, құқық қорғау жүйесін толыққанды реформалау, жауынгерлік қабілетті әскер қалыптастыру туралы атап өтті. Осының ішінде Президент зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге жасалатын тұрмыстық қысым және басқа да тұлғаларға, әсіресе балаларға зардабы тиетін ауыр қылмыстарды жазасын жедел түрде қатаңдату жөнінде Парламент пен Үкіметке тапсырма берді. Бұған қоса табиғатқа аяусыз қастандық жасап жүрген браконьерлердің әрекеттеріне тез арада тосқауыл қою талап етілді.
Ішкі істер министрлігі реформасына үш жыл ішінде 173 млрд теңге бағытталады. Бұл қаражат еңбекақыны көтеруге, тұрғын үйді жалға алуға, ХҚО қағидаты бойынша полицияның қазіргі заманғы фронт-кеңселерін құруға жұмсалады. Үкіметке ІІМ реформасына бөлінетін қаражат шеңберінде азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін 40 млрд теңгені қарастыру тапсырылды.
МШБ табыс салығынан босатылады
Мемлекет әл-ауқатының көрсеткіші саналатын экономикалық даму бағыттары «Қарқынды дамыған және инклюзивті экономика» деген атаумен нақтыланды. Бұл жерде Мемлекет басшысы алдымен шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды алға тартты. Еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру көзделіп отыр. Одан кейін квазимемлекеттік сектордан қайырымды арттыру жайы қозғалды. Осы ретте Үкіметке Есеп комитетімен бірге үш ай мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізу міндеті жүктелді. Президент баға белгілеу, тарифтер мәселесіне тоқталып, мысал ретінде ең жиі қатынайтын бағыттар бойынша ұшақ билеттерінің Еуропаға қарағанда 30% жоғары құнын сынға алды.
Кәсіпкерлікті дамыту – қашаннан халықтың ахуалын жақсарту мақсатындағы негізгі бағыттардың бірі. Сондықтан бизнеске іркіліссіз қолдау көрсетіліп, Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді. Бірақ қаржылай қолдаудың игілігін тек жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көрмеуі керек. Шағын, әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Президент Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатудың заңнамалық негізін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ 2020 жылдың қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу туралы шешімі күшіне енеді. Осылайша бизнеске түсетін салмақ жеңілдетілмек.
Экономиканың маңызды саласы ретінде туризмге жеке тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын біздің тарихқа, мәдениетке, табиғатқа туристердің назарын аудару тұрғысынан атап өту керектігін, туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылымды, бірінші кезекте жолдарды салу, білікті мамандарды даярлау маңызды екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы халықаралық нарықтағы ұлттық бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, салық салу жүйесін жаңғырту, Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселелері жөнінде баяндады. Сөз арасында Президент жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, бірақ жерді тиім пайдалануды қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді. Үкіметке «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыруға келесі үш жылда осы жылы бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша 90 млрд теңге бағыттау тапсырылды.
Салық туралы айтылғанда жұмыс берушіге қосымша 5% зейнетақы аударымын жасау міндеті 2023 жылға дейін қарастырылмайтыны мәлім болды. Бұған қоса кепілдендірілген трансферт көлемін 2022 жылдан бастап бірте-бірте 2 трлн теңгеге дейін азайту, қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізу мәселелері қозғалды.
Зейнетақы жинағы есебімен тұрғын үй алу қарастырылады
Президенттің айтуынша, мемлекет бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталады: оның бірі экономиканы дамыту, екіншісі әлеуметтік мәселелерді шешу. Әлеуметтік сала бойынша ең алдымен білім беру сапасын жақсартуға мән берілді. Жастарға жұмыссыздардың қатарын толықтырмауы үшін оқушы кезінен қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу қажет. Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап бара жатқанын назарға алған Мемлекет басшысы Үкіметке келесі жылдан бастап «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді жүктеді. Сондай-ақ «Дарынды баланың» қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырды және келесі жылдан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ға өсетінін мәлімдеді. Бұған қоса мәдениет қызметкерлеріне де қолдау көрсетіліп, еңбекақысы көтеріледі.Бұл бөлімде отбасы институтын нығайту, бұқаралық спортты дамыту, азаматтық қоғамды қалыптастыруда Еріктілер жылының маңызы туралы айтылды. Ал медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету тұрғысында Президент үш жылда тегін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,8 трлн теңге бөлінетінін және бұған қосымша денсаулық сақтау жүйесін дамытуға 2,3 трлн теңге бағытталатынын айтты.
Жолдауда белгілі болған тағы бір жайт, Үкімет жыл соңына дейін азаматтардың өздерінің жинақталған зейнатақы қаражатының бір бөлігін үй сатып алу, білім алу сияқты мақсатта пайдалануға жұмсай алу мәселесін қарастырады.
Әкімдердің жұмысын халық бағалайды
Президент сайлауалды бағдарламасында елдің еңсесін тіктеп, жағдайының жақсаруы үшін ауыл-аймақтардың әлеуетін көтеруге ерекше мән берген еді. Бұл бағыт Мемлекет басшысының Жолдауында да «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген атаумен көрініс тапты. Өңірлерде ілкімді істерді ілгерілету үшін жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыруға маңыз берілді. Осы тұста Президент қанатқақты жоба ретінде халықтың жергілікті әкімдіктердің жұмысын бағалау жүйесін енгізуді ұсынды. Егер сауалдама немесе онлайн-дауыс беру нәтижесінде 30%-дан аса тұрғын қала немесе ауыл әкімінің жұмысын тиімсіз деп таныса, бұл мәселені Президент Әкімшілігі жан-жақты зерделеу керек.
Сонымен қатар өңір тұрғындарына әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері де қарастырылды. Мәселен, жеке үй сатып алуға табысы жетпейтін азаматтарға әлеуметтік жалға алу жағдайында тұрғын үйге жайғасуға мүмкіндік беріледі. Осы мақсатта 2020 жылға қарай мемлекет 240 млрд теңгеден аса қаржы бөледі. Бұған қоса өңірлерге екі жыл ішінде тұрғын үй қорын жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына бюджеттік несиелер түрінде 30 млрд теңге бағытталмақ. Жалпы, өңірлерді дамыту бюджеті 2022 жылға қарай 800 млрд теңгеден асады.
Сөз соңында Мемлекет басшысы реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейтінін, Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін айтты.