• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қыркүйек, 2019

Балконда күбі ыстаған әже (видео)

2086 рет
көрсетілді

Әдетте, көшпелі өмірмен қабысып жатқан тұрмыс-тір­шіліктің тінін үзбей ұстау үшін тек ауылда тұру керек деген түсінік қалыптасқан. Мысалы, қаладағы көпқабатты үйде тобылғы тұтатып, күбі ыстау мүмкін еместей. Алай­да ынта болса, оны да істеуге болады екен.

Қостанай қаласының тұр­­ғы­ны Биғанша Қарина бүгінде 78 жас­та. Зейнеткер қалаға 2006 жылы Тор­ғайдың Көкалат ауылынан қоныс аудар­ған екен.

«Көшерде күбім мен қол диір­менімді қалдырмай ала кеттім. «Көп­қабатты үйде оны қайтесің?!» деп күлгендер бол­ды. Бірақ олардың сөзін құлағыма қыстырған да жоқ­пын, – дейді зейнеткер. – Ал­пыс жыл бойы ортаймаған бұл күбі – әулетіміздің ырысы іспетті. Өзім 1959 жылы тұр­мысқа шықтым. Жұбайым Фазылхан ауылда байланысшы болып қызмет істейтін. Үйде үш бірдей енем болды. Біздің жас шаңырағымызға сыйлық ретінде Сапа Сейіл­ханов есімді шебер ағаш күбі жасап берді».

Өткен шағын осылайша еске алған ана, ыдыстың тарихы жайлы да баяндап берді:

«Енем Қарлығаш қазақы салтты берік ұстайтын көше­лі кісі еді. Босағамыздан жыл­­­қы арылған жоқ. Ол кезде­ жер қарайысымен киіз үйге шығып, өзен жағасына көше­тінбіз. Отаудың қасынан ша­ғын қос тігіледі. Кемі екі-үш бие сауамыз. Ағаш күбі – бап­ты көп қажет ететін ыдыс. Ыс­тап, майлап отырмасаң, өңезіп, қаңсып кетеді. 1995 жылы енем дүниеден озды. Көз жұмарында «қара күбіңді қаңсытпа. Фазылханымды шөлдетпе» деп ымдады. Ол кісінің өсиетін адал орындап келемін. Бірақ қалада бие ұстай алмайсың. Сол үшін көже ашытамын. Көжеге су, ұн, тұз, сүт ғана қосамын. Бәлен жыл ыс сіңген күбінің қасиеті шығар, ашығанда қымызға бергісіз болады. Көжеме, әсіресе аяғы ауыр келіншектер ынтық. Оларға тегін бере­мін.

Елдің игі-жақсылары, көр­ші-көлем осы күбіден дәм татып, батасын берді. Қай­сы­бір жылы, ақын Айбек балам Меккеге бара жатыр дегенді естіп, қолдағы барымды құйып, сәлемдеме ретінде жібердім. Кейде астанадан арнайы алдыратындар бар. Бәрінің айтары – алғыс. Адам­ға одан артық не керек?!

Көп тілегі қабыл болған шығар, Құдайға шүкір, ел қатарлы тұрмыс кештік. Бо­са­ғамыздан кісі арылған жоқ. Өмірге 11 бала әкеліп, Кеңес өкіметінің «күміс ал­қа­сын», Қазақ­станның «алтын алқасын» кеудеме тақ­тым. Жұ­байым Фазылхан Мау­данов орденді бай­ланыс­шы. Өзім кули­нарияның мең­герушісі болып істеп, зейнетке шықтым. Бүгінде немере, шө­бере сүйіп отырмыз», – дейді әжей.

Биғанша әженің істеген таға­мы ғана тіл үйіріп қой­майды, ісмерлігі де бір төбе.

«Бала күнімнен іс тігуге үйір болдым. Біздің жас кезі­мізде киім-кешек қат еді. Көй­лектен бастап, шабадан, көрпе-жастықты қолдан тік­тім. Елу жыл ұстаған қол ма­ши­намды бір келініме бердім. Қазір жаңасын сатып алдым. Құр қарап отыра алмаймын. Ауылдағы замандастарым қыз жасауын қазірге дейін маған тіктіреді», дейді зейнеткер. Биғанша әженің тағы бір қыры, ол кісі жайған дастар­қанда дүкеннің тамағы сирек кездеседі. «Жейтініміз ет, сусы­нымыз көже. Құрт, ірім­шік, жент­тің бәрін өз қолымнан жасаймын. Әкем ұстаған диірменді әлі пайдаланамын. Шалыма бидай тарт­қызып, жыл-он екі ай тек ұлттық тағам тұтынамыз. Соның қуаты шығар, 80 жасқа таясақ та, денсаулығымыз шү­кіршілік. Әйтпесе, біз көрген бейнеттің шегі жоқ. Бесіктен беліміз шықпай масақ тердік, өмір бойы ауылды жерде тезек жинап, от жақ­тық, иінағашпен су тасыдық. Үй шаруа­сы, бала кү­тімі, қонақ қарсы алу, бәрі-бәріне үлгердік. Тегінде, таза, құнарлы тағам мен тынымсыз еңбек адамға қуат бере­ді. Сексенге таяған ша­ғымда балконда күбі ыстап, көже ашыту оңай емес. Бірақ енем­нің өсиетін жерде қалдыра алмаймын әрі бұл мен үшін тап­­тырмас ермек», – дейді 78 жастағы әжей.

Алпыс жыл үз­діксіз ұста­лын­ған күбінің сыйым­дылығы 15-20 литрдей. Үштен бірін қор­ға алып қалып, екі күн сайын жаңадан құйып отырады. Күбі ыстауға қажет тобыл­ғыны Би­ғанша әже балаларына қаланың сыртынан алдыртады екен.