• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қыркүйек, 2019

Толағай жігіттер Толағайдың баурайында бас қосты

837 рет
көрсетілді

Ел аузында ертеректенЕртек болған қызық кептенБір әңгіме есімде бар.Айтып соны баяндайын,Ерінбейін, аянбайын,Тыңдау үшін кел, балалар!Бес жүз жылдар шамасында,Сонау Ертіс жағасында,Болған біреу Саржан атты...

Қазақтың көрнекті ақыны Әбділда Тәжібаевтың осылай басталып, Саржан­ның Айсұлу атты сүйген жарынан Тола­ғай есімді ұл туғаны, оның жеті жаста садақ атқаны, атқан тасты уатқаны, әке­сіне қарсы шапқан жолбарысты «Бұл не деген үлкен мысық?» деп атып ұрып, жайратқаны, кейін еліне қуаңшылық келіп, бір тамшы жаңбыр тамбағанда Тарбағатай тауына барып, басындағы қарымен, бауырындағы аңымен қоса бір шатқалды бөліп, көтеріп алып келе жа­тып әлденеге сүрініп, тау астында қалуы­мен аяқталатын өлеңі көпшіліктің есінде болар.

Иә, жақында, нақтырақ айтсақ 24-25 тамыз күндері осынау қасиетті таудың баурайында, Көкпекті ауданының орта­лығы – Көкпекті ауылында «Толағай сұлтаны» атты халықаралық спорттық-шығармашылық сайыс өтті дүркіреп. Жігіттердің ептілігі, естілігі мен күш-қайратын таразыға салуды мұрат еткен тағылымды шара Жастар жылы һәм «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкпекті ауданы әкімдігі мен Облыстық Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының бас болуымен ұйымдастырылғанын айта кеткеніміз жөн шығар.

Жүлдесі қомақты, екі күнге созыл­ған бәсекеге қатысуға өңіріміздің ау­дан-қалаларынан бөлек, Қостанай, Қа­ра­­ғанды, Ақмола, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарынан, Нұр-Сұлтан шаһары мен Моңғолиядан 23 жігіт білек сыбанып келіпті. Сонымен қойшы, халық­аралық дүбірлі доданың бірінші күні бессайыстан (теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, қол күресі, қазақ күре­сі) басталды. Әуелі жігіттер жамбы атудан сайысқа түсті. Ат үстінде шауып келе жатып садақ ату кімге оңай тисін?! Дегенмен бұл сында өскемендік Сіләмбек Қабиев пен көкпектілік Ерлан Әзімбаев үш нысананың екеуіне дөп тигізіп, жиналған жұрттың көңілін бір серпілтіп тастады. Ал «Теңге ілу» бә­секесінде Керекуден келген Батырбек Қошқарбаев бес теңгенің үшеуін іліп, ептілігін көрсетті. Аударыспақта Қар­қа­ра­лының (Қарағанды облысы) намы­­­сын қорғаған Тілеухан Нұрхан қарсылас шақ келтірмеді. Қазақша күрес­те түр­кістандық Әкбар Елубайұлы қарсы­ластарының барлығын жеңді. Ал қол күресте Жетісудан жеткен Мей­­рамбек Рахымбаев білегінің күш­тілігімен көпшілікті тәнті етті.

Садақшылық өнер қайта жаңғырды

Жиырма үш жігіттің өнеріне екі күн бойы абайтанушы Омар Жәлел, дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, балуан, «Қазақстан Барысы» турнирінің екі дүркін жеңімпазы Айбек Нұғымаров, өскемендік актер Айдын Салбанов пен Облыстық ішкі саясат басқармасы бас­шысының орынбасары Ришат Рамазанов таразылап, баға берді. Жарыс арасында қазылар алқасының мүшесі, өзі де бұрын «Жігіт сұлтаны» сайысына қа­тыс­қан Ерлан Төлеутай ағамызды әңгі­меге тартқанымызда, мұндай байқау 1991 жылы Алматыда өтіп, жыл са­йын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып, 1998 жылы тоқтап қалғанын, міне, содан кейін 20 жылға жуық уақыттан соң Көкпекті жерінде қайта жанданғанын қуа­на жеткізді. «Мен осы сайысқа жам­бы атуды әдейі кіргіздім. Кеңес өкі­­меті ең бірінші садақты құртқан. Спар­такиададан садақты алып тастаған. Өйт­кені қазаққа, түркі халықтарына садақ беруге болмайды. Жауынгерлік рухы оянып кетеді деп қорыққан. Садақ ату ғажайып өнер ғой. Садақшыларға сонау сақ-ғұн заманының өзінде ерекше басымдық берілген. «Бұлармен соғысу мүмкін емес, шегіну қаштыға саналмайды» дейді екен жаулары. Алдымен садақшылар оқты қардай жаудырып, қырып салады екен. Ес жиып, қуған кезде қаша соғысып, атқа теріс қарап отырып құлата береді екен. Сөйтіп жауларын арандатып, алдап келесі қолға алып барады. Сақтардың әрқайсысы мерген болған. Бес секунд сайын бір жебе ат­қан. Ал енді дүлдүлдері секунд са­йын қорамсақты арқаға асып алып, қолы айналып тұрып ата берген дейді. Бір ғажабы, садақты аттың тұяғы көтерілген кезде атады екен. Демек, садақшылық – санамен, рухпен ұштасқан өнер. Садақ ату адамның қиялын ұштайды. Қазақта найзагерлік деген де ғажайып өнер болған. Құнанбай сұмдық найзагер бол­ған. Түйенің құмалағын іліп алу жа­рысы болған кезде атпен шауып келе жатып найзаның ұшына түйенің құма­лағын қадап өте шығады екен. Құнан­бай – ең соңғы найзагердің бірі. Ұлы­таудағы Ерден батыр да сайыста шақ келтірмейтін найзагер болған дейді. Бәл­кім, келесі жылы «Толағай сұлтаны» сайысы аясында садақтан чемпионат өткі­зетін шығармыз. Бәлкім, Құнанбай атын­дағы найзагерлер сайысын өткізіп, найзагерлікті де қайта жаңғыртармыз. Осындай ойлар бар. Осы ретте идеямыз­ды қолдап, жүзеге асырған Көкпекті ауданының әкіміне көп рахмет», дейді өнер жанашыры.

Көкпекті ауданының әкімі Асхат Смаилов «Толағай сұлтаны» сайысы енді Көкпекті жерінде дәстүрлі түрде өтетінін, шара ауқымын жылдан-жылға кеңейте түсуді көздеп отырғандарын айтады. «Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат-мұратымыз біреу. Еліміздің бе­реке-бірлігін арттыру, ертеңгі ұрпақ­ты отансүйгіштікке, батылдыққа, батыр­­лыққа тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүр­лерімізді ұлықтау. Алдағы уақыт­та біз бір ғана «Толағай сұлтаны» сайысымен шектелмей, ұмытылған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртатын боламыз», дейді ол.

Екінші күні жігіттер қолдан келетін өнерлерін жұрт назарына ұсынып, білім деңгейін, ой-өрісі көкжиегінің кеңдігін таразыға салды. Өкініштісі, бірінші күні білек күшімен кө­рермен көңілінен шығып, қазылар тарапынан жақсы ұпай алған жігіттер бұл күні білім күшінің төмен, руханияттан алшақ екендігін байқатты. Тіпті, ұлы Абай мен Ыбырай Алтынсариннің мектеп оқушыларының өзі жатқа білетін өлеңдерін шатастырған қатысушылар болды. Десек те екінші күні бұған де­йін қошқар көтерумен алға шыққан түркіс­тандық Әкбар Елубайұлы сахнаға 120 келі тартатын торпақты алып шы­ғып, басынан асыра 20 рет көтеріп, елді елең еткізді. Ал Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев қарнына бір метр­дей биіктен 16 келілік кір тасын тастатып, кеудесіне қойған жалпақ тасты зор балғамен соғып жарғызды.

Сонымен екі күн бойы Толағай баурайын дүбірге бөлеген сайыстың жүлдегерлері де анықталды. Көкпекті ауданының Атымтай жомарт азаматы Болат Бекбердинов тіккен бас жүлде – «Лада-Гранта» көлігін абайлық Ай­дос Үркімбаев иеленсе, 1-орын (1 мил­­­лион теңге) түркістандық Әкбар Елу­бай­ұлына, 2-орын (700 мың) қара­ғандылық Тілеухан Нұрханға, 3-орын (500 мың) керекулік Батырбек Қош­қарбаевқа бұйырды. Сегіз жігіт арнайы аталымдар бойынша марапатталды. Жүл­дегерлер мен қатысушыларды Облыс­тық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит құттықтап, жылы лебізін жеткізді.

Шығыс Қазақстан облысы, Көкпекті ауданы