Өңірдегі оқушылардың ҰБТ-ға қатысу үлесі 5 пайызға артып, 76 пайызды құрады. Шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға кететін түлектер қатары да біршама азайған. Бұл көрсеткіш 2016 жылы 1800 болса, биыл 583-ке түскен. Биылғы облыс түлектерінің 40 пайызы тегін оқуға мүмкіндік алыпты. Облыс бюджетінен осы мақсатқа қосымша 400 грант бөлініпті. Өскеменде өткен аймақтағы білім беру қызметкерлерінің тамыз конференциясында облыс әкімі Даниал Ахметов осындай деректерді келтірді. «Шығыс Қазақстандағы барлық 655 мектепті жаңа модификация компьютерлерімен және интерактивті панельдермен жабдықтауды аяқтадық. Екі жыл ішінде 1125 мұғалім ІТ мамандығын игерді. Биыл Семей қаласында әлемнің үздік технологияларын оқытатын инновациялық мектептің жобасын жасаймыз. Өскеменде 700 орындық дарынды балаларға арналған мамандандырылған математика мектебін ашамыз. Оның 320-сы аудандар мен қалалардан келетін балаларға арналатын болады» деді аймақ басшысы.
Конференция барысында жылдағы дәстүр бойынша өңірдің үздік білім ошақтары анықталды. Көкпекті ауданындағы Ж.Болғанбаев атындағы Самар орта мектебі «Үздік орта білім беру ұйымы», Семей қаласындағы электротехникалық колледж «Үздік техникалық-кәсіптік білім беру ұйымы» байқауларының жеңімпазы деп танылып, екі мекеменің басшыларына 34 миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал аягөздік Бақтыгүл Асылханова «Үздік тренер» атанып, 500 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болса, 170 мың теңге көлеміндегі сертификат ТКТ халықаралық емтиханының қорытындысы бойынша ағылшын тілінің әдістемесінен жоғары көрсеткішке ие болған Үржар ауданы Абылайхан атындағы орта мектеп-балабақшасының ағылшын және француз тілдері пәнінің мұғалімі Гүлжан Советоваға бұйырды.
Бір қуаныштысы, Даниал Ахметов шара барысында өскемендік 10 мұғалімге пәтер кілттерін табыс етті. Орайы келгенде айта кетейік, Өскемен қалалық тамыз кеңесінде де 7 ер мұғалімге пәтер кілті тарту етілген-ді. «Сонда, жалпы саны 17 ұстазымыз жаңа оқу жылында жаңа қонысқа көшетін болады. Пәтер иелері атанған мұғалімдердің 10-ы ер адамдар, көпшілігі жас мамандар. Бұл мамандар тапшылығы мәселесін шешуге, ер адамдарды мектепке тарту бойынша қағидамызды іске асыруға арналған қадамдар. Естеріңізде болса, былтырғы тамыз кеңесінде ер мұғалімдерді пәтермен қамтуға көңіл бөлетінімізді айтқан едім. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастырамыз, ер мұғалімдерді қала мектептеріне жұмысқа шақырамыз» дейді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Шығыс Қазақстан облысы