• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Үкімет 03 Қыркүйек, 2019

Мемлекеттік және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқаратын болады— Ә. Смайылов

238 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауын іске асыру шаралары қаралды. Бюджеттік-қаржы бағыты бойынша Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың баяндамасы тыңдалды.  Бұл туралы primeminister.kz хабарлады.

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев өз Жолдауында 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсуін кемінде 5% етіп тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құрылымдық өзгерістерді іске асыру қажеттігі туралы атап өтті.

Ә. Смайыловтың айтуынша, бұл үшін Үкімет экономиканы әртараптандыру жөніндегі жұмысты жалғастырады және мемлекеттік органдардың да, квазимемлекеттік сектордың да қызметіне функционалдық талдау жүргізуді жандандырады. Сондай-ақ, қазақстандық және шетелдік сарапшылардың зерттеулері мұқият талданатын болады.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жолдауда мемлекеттік қызметкерлердің жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатарына дағдыларды меңгерген жас мамандарды тарту қажет екенін атап өтті.

«2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға бағытталған жұмыс жүргізіледі, ал босатылған қаражат неғұрлым пайдалы қызметкерлерді материалдық ынталандыруға жұмсалатын болады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялар қызметкерлерінің саны 25%-ға қысқаратын болады», — деді Ә. Смайылов.

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – қаржы министрінің айтуынша, басым міндеттердің бірі — квазимемлекеттік сектордан қайтарымды арттыру.

«Ұлттық әл-ауқат қорының өткен 14 жылдағы халықтың әл-ауқатының өсуіне нақты үлесі бағаланатын болады. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айлық мерзімде мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігіне талдау жүргізеді», — деп нақтылады Ә. Смайылов.

Жұмыссыздықты азайту және ауыл халқының өмір сүру деңгейін көтеру шеңберінде Ұлттық қордан 100 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Осы жылдың соңына дейін микро және шағын бизнес компанияларын олардың негізгі қызметінен үш жыл мерзімге салық төлеуден босату жөніндегі заңнамалық негіз әзірленетін болады. 2020 жылдың қаңтарынан бастап шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық тыйым салу күшіне енеді.

Сонымен қатар, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасын әзірледі, ол да шағын бизнесті ынталандыруға бағытталған.

«Қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыс күшейтіледі, капиталдарды шығарумен, салық төлеуден бас тартумен күрес күшейтіледі. Жақында экономикалық тергеу қызметінің жұмысы қайта қалыптастырылды және оңтайландырылды», — деді Ә. Смайылов.

Мемлекет басшысы Жолдау аясында салық жүйесін ұлттық табысты барынша әділ бөлуге назар аудара отырып, жаңғыртуды тапсырды. Бұл үшін Үкімет компаниялар үшін адами капиталға, еңбек өнімділігін арттыруға, техникалық қайта жарақтандыруға, экспортқа инвестиция салуға ынталандыратын ағымдағы салық жүйесінің сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды. Салық кодексінде көзделмеген төлемдерге, алымдарға тыйым салынады. 

Маңызды міндеттердің бірі – бюджеттің және Ұлттық қордың қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру. Осыған байланысты, Ұлттық банкпен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін Ұлттық қорды инвестициялау және пайдалану сапасын арттыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірленетін  болады. 

«Халықты әлеуметтік қолдауды күшейту үшін барлық тиімсіз шығыстарды қысқарту және бюджет кірістерін арттыру есебінен бұдан әрі резервтер іздестірілетін болады», — деді Ә. Смайылов.

Қаржы министрлігі кедендік әкімшілендіруді жақсарту және күшейту жөніндегі кешенді жұмысты жалғастырады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі бұдан әрі жетілдірілетін болады.

«Тиісті заң жобасы әзірленді, ол адал бәсекелестікті ынталандыруға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын және өнім берушілердің біліктілігін арттыруға бағытталған. Осының барлығы бюджетке қосымша табыс алуға мүмкіндік береді», — деді Ә. Смайылов.  

Бұл ретте шығындарды оңтайландыру және активтерді инвестициялық басқарудың сапасын жақсарту мақсатында Үкіметке бірыңғай әлеуметтік қор құру және бір әлеуметтік төлем енгізу жолымен әлеуметтік қамтамасыз етудің бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесін зерделеу тапсырылды. 

«Жақын арада аталған жұмысты пысықтаймыз. Сондай-ақ жергілікті бюджеттерді қалыптастыруға халықты нақты тарта отырып, барлық деңгейлерде бюджет процесін ұйымдастыру құрылатын болады. Аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлері жергілікті маңызы бар міндеттерді шешуде экономикалық жағынан неғұрлым дербес болуы үшін тиісті заңнамалық актілер қабылданатын болады», — деді Ә. Смайылов.

Жалпы, Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды іске асыру және орындау бойынша тиісті іс-қимыл жоспары әзірленетін болады.