Осыдан 46 жыл бұрын, Кеңес заманында, сонау 1973 жылы Алматыда Азия-Африка жазушыларының конференциясы өткен еді.
Сонда мен отызға келген жас жазушымын. Ол кезде Жазушылар одағын Әнуар Әлімжанов басқарған-тын. Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, тағы басқалары бар – әдебиеттің айналасында жүрген, бүгінде мүйізі қарағайдай қаламгер атанған бір топ жас жазушы әлемдік жиынға қатыстық. Дүние жүзінен келген пікірлестермен бас қосып, қызу әңгіме құрдық. Сонда жапон жазушысы Кэндзабуро Оэмен танысып, ой бөліскеніміз ерекше есімде қалыпты. Кейін ол 1994 жылы Нобель сыйлығын иеленді.
Екі құрлықтың танымал қаламгерлерімен жүздесу шынында біз үшін үлкен оқиға болды. Тіпті Латын Америкасынан да ақын-жазушылар келген. Оны біздің қаламгерлер де, оқырмандар да әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Әдеби конференцияда айтарлықтай революциялық жаңалық болған жоқ. Дегенмен әдебиет кеңістігіндегі ауқымды жиын болғандықтан, өту барысы да соған сай болды. Жалпы мұндай халықаралық әдеби шаралардың шығармашылық адамдарына пайдасы зор. Бүгінгі форум да мен көрген 46 жыл бұрынғы жиынның жаңғырған, жаһанданған заманауи жалғасы болатындай.
Төлен ӘБДІК,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты