Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) жаңа маусымы басталды. Өкінішке қарай, өзінің тұсаукесер кездесуін Нұр-Сұлтанда өткізген жергілікті «Барыс» Владивостоктың «Адмиралынан» ұтылып қалды.
Бәсекені жерлестеріміз қарқынды қимылдағанымен, 20 минут аралығында қарсыластар қақпасының кілтін таба алмады. Қонақтар да аса бір белсенділік таныта қойған жоқ. Есесіне үзілістен кейін Қиыр Шығыстан келген жігіттер бірнеше тегеурінді шабуылдар ұйымдастырды. Соның екеуі нәтижелі аяқталды. 32 минутта Маркус Юнг және 37 минутта Адам Альмквист нысананы дәл көздеді. «Барыс» та қарап қалған жоқ. Десек те айдын иелеріне дәлдік жетіспеді. Үшінші кезеңнің 51 минутында Корбэн Найт есеп айырмашылығын қысқартқанымен, көп ұзамай «Адмиралдың» ойыншылары тағы бір гол соғып кетті. Есеп – 1:3.
Бүгін «Барыс» Хабаровскінің «Амурын» қабылдайды. Олар да тұсаукесер кездесуінде жеңілген болатын. Қиыр Шығыстың бұл командасы Новосібірдің «Сібіріне» 1:2 есебімен есе жіберді.