Жамбыл облысында жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Өңірде жыл сайын қоныс тойын тойлаушылар көбеюде.
Биыл да білім күніне орай, Жамбыл ауданына қарасты Аса ауылындағы «Бәйтерек» шағын ауданында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Оған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, пәтер иелеріне кілттерді салтанатты жағдайда тапсырды. Ал бұл баспана тұрғындарға арендалық негізде беріліп отыр. Пәтерлер негізінен көп балалы және толық емес отбасыларға берілді.
Аса ауылында барлығы 18 отбасы қоныс тойын тойлауда. Аудандық бюджеттен қарастырылған қаржыға бой көтерген құрылысты «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жоба құны 146,9 миллион теңгені құрайды.
Облыс бойынша көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында үстіміздегі жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көп балалы отбасына пәтер кілті тапсырылғанын айта кетейік. Оның 93-і арендалық үй болса, 27-сі демеушілер есебінен берілді. Өңірде жыл соңына дейін 493 көп балалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.
Сондай-ақ тұрғын үй кезегі келгенге дейін көп балалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы барлығы 17,6 миллиард теңгеге 30 көпқабатты 2 118 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты 1988 пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілетін болады.
Жалпы, Конституция күні және Білім күні мерекелеріне орай, облыс бойынша 800-ге жуық пәтерді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 9-ы Тараз қаласында болса, 2-еуі Жамбыл және Талас аудандарына тиесілі.
Жамбыл облысы