«Испания Вуэльтасы» велокөпкүндігінің кезекті 11-ші кезеңі 180 шақырымдық Сен-Пале – Урдакс-Данчаринеа аралығын жалғады. Бұл кезеңде пелотоннан қара үзіп кеткен топ өзара жеңімпазды анықтады.
Пелотоннан бөлініп шыққан 13 велошабандоздың арасында «Астана» велокомандасының өкілі Горка Исагирре де болды. Мәре сызығына 30 шақырым қалғанда испаниялық спортшы Микель Итуррия (Euskadi – Murias) шабуылға шықты. Жарыс соңына дейін басымдығын сақтап, кезең жеңімпазы атанды. Ал Горка Исагирре Итурриядан 12-секунд артта қалып, бәсекені 9-орынмен аяқтаса, «Астананың» капитаны Мигель Анхель Лопес мәреге негізгі топпен бірге жетті.
Жалпы, кезеңнің қорытындысы бойынша, словениялық велошабандоз Примож Роглич (Lotto NL-Jumbo) көш бастап келеді. Екінші орында Рогличтен 1 минут 52 секунд артта қалып қойған Алехандро Вальверде (Movistar) орналасса, «Астана» өкілі Мигель Анхель Лопес (+2,11) үздік үштікті қорытындылап тұр.