Кеше Үкіметтегі баспасөз конференциясында Премьер-Министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек Қазақстанның инвестициялық саясатын іске асыру барысы туралы айтты. Ол Мемлекет басшысының Жолдауында негізгі басымдықтардың қатарында шикізаттық емес секторға шетелдік инвестицияларды тарту міндеті қойылғанын атап өтті.
«Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде әлемнің 120-дан астам елінен 330 млрд АҚШ доллар инвестиция тартылды. Инвестициялардың негізгі бөлігінің 50%-дан астамы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі, оның ішінде: Швейцария – 25,8 млрд, Франция – 16,1 млрд, Италия – 8,7 млрд, Нидерланд – 90,4 млрд, Бельгия – 7,6 млрд, Германия – 5,2 млрд, Америка Құрама Штаттарына тікелей шетелдік инвестициялардың 15%-ы немесе 48,4 млрд доллардан келеді. Шамамен 5%-ы – Ұлыбритания мен ҚХР инвестицияларынан тұрады», деді Жеңіс Қасымбек.
1 тамыздағы жағдай бойынша, Қазақстанда шетелдіктердің қатысумен 19 мың заңды тұлға және бөлімше жұмыс істейді, олардың ішінде кәсіпорындардың 35,3%-ы ресейлік, 9,5%-ы – түрік, 5,7%-ы – өзбек, 5,6%-ы – қытай, 3,1% – неміс капиталының қатысуымен.
2010 жылдан бері шетелдік инвестициялар бойынша қазақстандық өкілетті органдар 650-ге жуық жобаны қарастырды. Оның ішінде Еуропалық одақ елдерінің инвесторлары ұсынған жоба саны – 185, Ресей Федерациясы – 111, Түркия – 80 және ҚХР 55 жоба және тағы басқалар бар. Заманауи технологиялардың трансфертін қамтамасыз ететін, барынша көп жұмыс орындары құрылатын жоғары технологиялы жобаларға берілді. Осы кезеңде 16,2 млрд долларға 235 жоба іске асырылды. Оның 133-ін Еуропалық Одақ пен РФ елдері жүзеге асырған.
«Әлемдегі тұрақсыздық пен санкциялық қарсылық кезінде инвесторлар инвестициялық ахуалы тұрақты елдерді таңдайды. Әрбір ел өзінің инвестициялық рейтингін көтеруге тырысады, себебі елге капитал ғана емес, жаңа заманауи технологиялар да келеді», деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Жеңіс Қасымбек журналистердің сұрағына жауап берді.
Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы 55 инвестициялық жобаның біреуіне ғана мемлекеттік кепілдік берілген. Ол – астанадағы жеңіл рельсті трамвай салу ісі (ЛРТ). Басқаларының барлығы жекеменшік жобалар. Мәселен, «Сарыарқа автопром» жобасы компаниялардың өзара келісіміне сәйкес жүзеге асырылуда.Бұл жоба көлік шығарып, оны көршілес Ресейге және басқа да елдерге экспорттауға арналған.
Премьер-Министрдің орынбасары Қазақстан мен Қытай жұмысшыларының арасындағы жалақы айырмашылығы туралы сауалға да жауап берді.– Мұндай проблема бар. Мұнда негізгі мәселе жұмысшылардың біліктілігіне байланысты. Бірақ бұл проблема тек Қытай ғана емес, басқа да шетелдік компаниялармен де арада бар. Үкімет осыған сәйкес еліміздің мамандарын, жұмысшыларын белгілі бір жобаларға байланысты дайындау және қайта дайындау мәселесіне көңіл бөлуде, деді ол. Яғни, отандық жұмысшылар мен мамандарды оқытып біліктілігін көтерген жөн.