• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 06 Қыркүйек, 2019

Бақытжан Байтөре: Легионерлер қазақстандық волейболды өркендетпейді

509 рет
көрсетілді

Қазақстан волейболының өркендеуіне Бақытжан Байтөренің өлшеусіз үлес қосқаны еш дау туғызбаса керек. КСРО дәуірінде елеулі табыстарға қол жеткізген ол еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де дара талантымен оқшауланып, теңдессіз өнерімен талай жанкүйерді тамсандырды. 1993 жылы Алматының «Азаматы» айды аспанға шығарып, Азияның клубтық чемпионатында алтын тұғырға көтерілгені есімізде. Көп ұзамай Қазақстанның ұлттық құрамасы құрлық біріншілігінің күміс медалін иеленді. Міне, сол командалардың сапында жалғыз қазақтың жасындай жарқылдағанын көзі қарақты көрермендер әлі ұмыта қойған жоқ. Дәл сол жылы Бақытжан «Азияның ең үздік ойыншысы» деген атаққа ие болды. Бір айта кетерлігі, Байтөреге дейін де, Байтөреден кейін де қазақстандық волейболшылардың бірде-біреуіне дәл осындай мәртебелі атақ бұйырмаған еді. Осы жайттың өзі-ақ бойы екі метрден (202 сантиметр – ред.) асатын қандасымыздың шоқтығы биік ойыншы болғанын аңғартады.

– Тоқсаныншы жылдары Қазақстан волейболының сер­кесіне айналған Бақытжан Байтөренің осы спорт түрін таң­дауына не түрткі болды?

– Үлкен спортқа келуіме себепкер болған ата-анам. Анам – Рахима студенттік шағында волейбол өнерін жетік меңгерді. Алпысыншы жылдардың бел ортасында ол Қазақстан құра­масына үміткер де болды. Алай­да тұрмысқа шыққаннан кейін волейболмен қош айтысуына тура келді. Әкем – Селмек спорт атаулының барлық түрі­нің шынайы жанкүйері еді. Ба­ла кезімнен мені Алматыда үз­дік­сіз өтіп тұратын жарыстардан қалдырмауға тырысатын. Футболдан «Қайраттың», доп­ты және көгалдағы хоккейден «Динамоның», баскетбол­дан СКА-ның, волейболдан «До­рож­никтің» ойындарын үзбей кө­ре­тінбіз. Осы жайттың барлы­ғы менің спортқа деген сүйіс­пеншілігімді оятты.

Бірде туған әпкем Гүлжан өзі жат­тығып жүрген волейбол үйірмесіне ме­ні бірге ертіп апарды. Бесінші сыныпта оқитын ойын баласына бұл өнер бір­ден ұнады. Содан жан-тәніммен жат­тыға бастадым. Танымал бапкер Ербол Молдажановтан тәлім-тәрбие алдым. Арада үш жыл өткеннен соң еліміздің ең белді клубы – «Дорожниктің» қосалқы құрамына қабылдандым. 1985 жылы 17 жасқа толған шағымда Қазақстан құра­масының жейдесін кидім. Осы қос команда сапында жүріп, елеулі та­быс­тарға қол жеткіздік. Атап айтсақ, 1991 жылы Белгородта өткен КСРО кубогын­да бас жүлдені олжалап, Киевте ұйымдастырылған КСРО халықтары спартакиадасында қола медальды мойнымызға ілдік. Көп ұзамай негізін алма­тылық коман­даның ойыншылары құраған ТМД құрамасы Шеф­филде алауы тұтанған Дүние­­жүзілік универсиа­дада үшінші орын­ға табан тіреді. Шамамен сол тұста «До­рожник» өз атауын «Азамат» деп өзгертті.

– «Азаматтың» ғұмыры тым келте болғаны белгілі. Десек те айтулы ұжым қысқа ғана мерзім аралығында халықаралық аренада атой салып, биік белестерді бағындырды ғой...

– Тәуелсіздік алған алғашқы кездері спорт саласына бөлінетін қаражат мардымсыз болды. Жа­рысқа шығу қиямет-қайым еді. Оқу-жаттығу жиыны дегенді мүл­­де ұмыттық. Еңбекақымызды ай­лап алмаймыз. Әйтеуір барша жігіттер бірігіп, тығырықтан шығудың жолын қарастырдық. Біздің бапкеріміздің жақын бір туысының тауық етін сататын шағын дүкені болды. Біз соны жағаладық. Саудадан түскен қа­ра­жатқа спорттық форма сатып алып, жарысқа шығатынбыз. Міне, осындай қиындыққа қа­ра­мастан қазақстандық волейболшылар халықаралық дода­ларда жақсы өнер көрсетті. 1992 жылғы ТМД чемпионатында До­нецкінің «Шахтері», Ри­га­ның «Радиотехникасы» жә­не Алматының «Азаматы» ал­дың­­­ғы лектен көрінді. Біздің де бас жүлдені олжаласақ деген үмі­тіміз зор еді. Алайда нағыз шие­леніскен тұста бұл бәсеке тоқ­татылды. Мәскеуден «жарыс өт­­пейді, тараңдар» деген нұсқау келді. Содан бұрынғы бауырлас республикалардың барлығы өз біріншіліктерін жеке-жеке өткізе бастады.

Бір қуантарлығы, біз көштен қалған жоқпыз. 1993 жылдың көктемінде Жа­понияның Хиро­сима қаласында өткен Азияның клубтық чемпионатында «Аза­­мат» алдына жан салмай, бас жүлдені олжалады. Бұл – на­ғыз сенсация! Жар­тылай финал мен финалда осыған дейін са­ры құрлықта қарсылас шақ кел­тірмей жүрген Оңтүстік Корея мен Жапонияны сүріндірдік. Ол кездері Қазақстанды ешкім біл­мейтін. Білген жағдайдың өзінде алпауыт елдер бізді менсінбей, мұрындарын шүйіре қарайтын. Ал біз ешнәрсеге мойы­май, өзі­міздің мықтылығымызды мо­­­й­ын­­даттық. Хиросимадағы зәу­лім спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің «Қазақстан! Аза­мат!» деп орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы құлшына қол соққаны күні кешегідей көз алдымда. Сол жылдың қыркүйек айында Қазақстан құрамасы Таи­ландта өткен Азия чемпионатына аттанды. Ол жерде де жанымызды салып айқастық. Барлық қарсыластарымызды сыпыра ұтып, тек финалда корейлерге ғана жол бердік. Осылайша, күміс медальды кеудемізде жар­қы­раттық.

– 1993 жылдың қорытын­дысы бо­йынша сіз Азияның ең үздік волей­бол­шысы деп танылдыңыз. Сол жетіс­тігіңіз жайында тіс жармадыңыз ғой?

– Жоғарыда аталған жарыс­тың еке­уінде де мен үздік алты ойыншының санатына қосыл­дым. Яғни, символикалық құра­маға ендім. Сонымен қатар Хиро­симада ең құнды ойыншы болып танылдым. Сол жылғы мау­сым өз мәресіне жеткен тұста Азияның ең үздік волейболшысы атандым. Иә, қандай да марапат адамды қуантатыны, шаттанды­ратыны, шабыттандыратыны рас қой. Десек те волейболдың ұжым­дық ойын екенін де естен шы­ғармаған жөн. Тіптен ең керемет деген ойыншының өзі жалғыз команданы өрге сүйрей алмайды. Көз арбаған биіктерге жету үшін жаныңдағы командалық әріп­тестерің мықты болуы керек. Бағыт-бағдар беретін бапкер­лер­­дің де біліктілігіне көп нәрсе байланыс­ты. Бұл ретте менің жолым болды. Біздің команда­ны өз ісінің білгірі Евгений Сивков баптады. Алаңда Франц Цахариас, Алексей Яншин, Сергей Щу­кин, Вячеслав Крескин, Алек­сандр Горбатков, Рафаиль Ги­ля­зутдинов сынды сақа ойын­шы­лармен иық тіресе өнер көрсет­тім. Олардың барлығы да осы спортқа жан-тәнімен берілген на­ғыз кәсіпқойлар. Менің жанымнан дәл осындай майталмандар та­былмағанда сары құрлықтың ең үздік ойын­шысы атануым не­ғайбыл еді...

– Тұтас бір құрлықтың тең­дессізі атанған ойыншыға мү­йіздері қара­ғайдай команда­лардың «құда түсетіні» анық қой. Ал сіз Францияға аттануды құп көрген екенсіз. Оның да өзіндік себебі бар шығар?

– Азияның клубтық чемпионатынан кейін Париждің ПУК клубының өкілдері Франц Цахариас екеумізбен байланысқа шығып, келісімшарт жасасайық деп қолқа салды. Біз олардың бұл ұсынысын қабыл алдық. Жасыратыны жоқ, Парижге та­бан тірегенімізде жергілікті жан­күйерлер бізді аса жақтыра қой­мады. Себебі ол кездері бір коман­даның сапында екі-ақ ле­гио­нердің ойнауына рұқсат берілетін. Ал жаңадан келген қос ойыншы көпшілік жыға та­нымайтын, тіптен бұрын-соң­ды атауын да естімеген елден келіп отыр. Дәл сол тұста «Қа­зақстан деген қандай мемлекет?», «Олар өзі волейболдың не екенін біле ме?», «Алыстан арбаламай-ақ, іргеміздегі дамы­ған мемлекеттердің бірінен ойыншыларды алдырғанымыз жөн еді ғой» деген сыңайда түрлі әңгіме өрбіді. Ал біз болсақ, мық­тылығымызды дәлелдеу үшін көп тер төктік. «Айқас ала­ңында» барымызды салдық. Осылайша, шама-шарқымыз жеткенше аутсайдер санатындағы команданы өрге сүйреуге талпын­дық. Нә­ти­жесі біз күткеннен де керемет болды. Франция чемпионаты­на сол жылы ғана қосылған ұжым қола медальды еншілеп, ел кубо­гында екінші орынды ие­лен­ді. Ал мен сол жарыстың «ең үз­дік қабылдаушысы» деген атақ­қа ие болдым. Маусым аяқ­тал­ған бетте жергілікті көрер­­мендердің қуанғанын көрсе­ңіз­дер. Мақтанғаным емес, бастап­қы кездері бізге сенімсіздік біл­діріп, сыртымыздан сөйлеген адам­дардың өздері алдымызға келіп, тағы бірер маусым ПУК-тың сапында қалуымызды қиыла сұрады.

– Содан кейінгі үш маусымды Ресей­де өткізген екенсіз. Әб­ден бой үйре­ніп қалған жанға жайлы Фран­циядан ке­туіңізге не себеп болды?

– Бір жерде тұрақтап қала бермей, өзге чемпионаттарда да бақ сынап көргім келді. Оның үстіне, Ресей волейболының дең­гейі өте жоғары ғой. Өзімнің шы­найы әлеуетімді сезіну үшін бәсекелестік белең алып тұр­­ған біріншіліктерде өнер көрсетуге бел будым. Сөйтіп, 1995 жылы Нижневартовскінің «Самотлорымен» келісімшартқа отырдым. Сол маусымда Ресей чемпионатының қола медалін же­ңіп алдық. 1996 жылы Нева жағалауына аттанып, жергілікті «Автомобилистің» сапында өнер көрсеттім. Санкт-Петербургте даңқы алысқа жайылған Вячеслав Пла­тоновтың қол астында жат­тық­тым.

– Кешіріңіз, сөзіңізді бө­­ле­­йін, сіз айтып тұрған Жапония­ның шоқ жұлдызы Ясутака Ма­цудайрамен бірге ХХ ға­сырдың ең үздік бапкері деп танылған әйгілі Платонов па?

– Иә, дәп өзі! Жалпы, осы ұла­ғатты ұстаз жайында ұзақ әң­гімелеуге болады. 1977-1985 жылдар аралығында Вячеслав Платонов КСРО құрамасының бас бапкері болды. Табаны күректей тоғыз жыл аралығында айтулы команда өзі қатысқан жарыстардың барлығында бас жүлдені олжа­лаған екен. Атап айтсақ, Олимпия ойындары мен «Достық» дода­сында, әлем чемпио­натында (екі рет), әлем кубогында (үш рет), Еуропа біріншілігінде (алты рет) және басқа да көптеген халық­аралық турнирлерде топ жарды. Платоновтың тұсында айтулы команда бірде-бір рет жеңілген емес. Бұл – ғажап қой!

Мен Санкт-Петербургке кел­генде ке­зінде Алматының «Аза­матын» жат­тықтырған Евге­ний Сивков Вячеслав Плато­новтың көмекшісі болып ең­бек етті. 1996/1997 және 1997/1998 жылдарғы маусымда «Авто­мо­билист» жүлдеге қол жеткізе алма­ғанымен, екі ретінде де үздік бестіктің қатарынан көрінді. Же­ке өзіме келетін болсам, қарсы жақтың ойыншылары бағыт­та­ған доптың 96 пайызын кері қай­тарып, команданың ішкі рекор­дын жаңарттым. Платонов өнеріме ри­за болды. Екеуміз жақсы араласып, ағалы-інілі болып сыйластық. Жаттығу залында ғана емес, бос уақытымызда да жиі сырласатынбыз. Ғұлама бапкерден мен көп нәрсе үйрендім. Бірақ ол кезде жасым 30-дан асқан еді. Та­маша бабымда болғанымен, жұлдызды шағымның артта қал­ғаны анық қой. Оны өзім де сезетінмін. Бірде әңгіме барысында: «Вячеслав Алексеевич, осыдан 10 жыл бұрын мені неге өз командаңызға шақырмадыңыз? Сіздей бапкердің қол астында жалындап тұрған шағымда жат­­тыққанымда бағындырған бе­лестерім бүгінгіден әлде­қайда биік болар еді ғой...», деп сұ­радым. Ол кісі: «Қазақстандық мамандар сені жібермейтін шығар деп ойладым», деп әңгімені қысқа ғана қайырды.

– Содан Қазақстанға қайта орал­дыңыз ...

– Иә, елге қайттым. Алты жылдан аса уақыт жат жерде жүру өте қиын. Мен алғаш Францияға табан тірегенде кереметтей әсерге бөлендім. Париж, Марсель, Бордо, Лион секілді әсем шаһарларда өмір бойы тұрсам ғой деп армандадым. Санкт-Петербург те керемет қала. Ол жерде де жанға жайлы нәрселердің барлығы да бар. Бірақ адам баласы бәрібір өз Отанын аңсайды екен. Туған жерге деген сағыныштың жөні мүлде бөлек. Шетелде жүрген кезде мен соны анық сезіндім.

– Елге оралғанда «үлкен спорттан қол үздім» деп жария­лаған едіңіз. Алайда арада біраз уақыт өткеннен соң ойын ала­ңына қайта оралдыңыз. Волей­болды сағындыңыз ба, әлде басқа гәп бар ма?

– Ол ұзақ әңгіме. Кезінде мен Алматы автомобиль жолдары институты мен Қазақтың Спорт және туризм академиясын тәмәмдадым. Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында білім алдым. Шетелде жүріп бапкерлік кәсіптегі біліктілігімді арттырдым. Қолымда соны растайтын арнайы сертификат та бар. Францияда Коммерция институтының дип­ломын алдым. Сенесіз бе, соған қарамастан өз елімде лайықты жұмыс табылмады. Әуелі мен ел спортына еңбек сіңіруді көздедім. Өзімнің талай жылдар бойы жиған мол тәжірибемді Қазақстан волейболын өркендету жолына жұмсасам деген ниетім болды. Шетелде жүре берсем, қомақты қаржы да табатын едім. Бірақ бұл жалғанда ақшадан да құнды дүние бар. Мәселен, Отан, отбасы, махаббат... мен үшін бұлар бос ұғым емес.

– Сонда қалай, кезінде алып Азия­ның теңдессізі атанып, Франция мен Ресей чемпионаттарында өзінің мық­тылығын мойындатқан сіздей майталманды ешкім керек қылмағаны ма?

– Солай болып тұр ғой. Елге оралған бетте Спорт министрлігі, Ұлттық Олим­пиада комитеті, рес­публикалық волейбол федера­циясының барлығын шарлап шық­тым. Олар «өзіміз пәленбай уақыттан кейін хабарласамыз» деп арқадан қағып, жылы шырай танытып шығарып салды. Бірақ содан кейін ешкім байланысқа шықпады. Уақыт зымырап өтіп жатты. Ер азаматқа үйде масыл болып жата беру жараспайды ғой. Күнкөрістің қамымен басқа кәсіптің біразының басын шалдым. Жарнамалық агенттікте де, күзетші болып та, фитнесс клубта да еңбек еттім. Десек те бұл жағдай мені қанағаттандырмады. Оның үстіне тапқан табысым отбасымды асырауға жетіңкіремеді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін жағдайымды білген Франция біріншілігінде өнер көрсетіп жүр­ген досым Виктор Козик хабарласып, волейболға қайта оралу жөнінде ұсыныс айтты. Ойлана-толғана келе мен ол ұсынысты қабыл алдым. Сөйтіп 33 жасымда үлкен спортқа қайта оралып, «Бордоның» жейдесін кидім. Бір қызығы, түрлі жарыстарда жастармен иық тіресуге тура келді. Өйткені кезінде Францияда менімен қатар ойнағандардың барлығы да ол кездері спорттан қол үзген. Жергілікті жастардың біразы мені таниды екен. «Баха, біз сізді сырттай жақсы білеміз. Кезінде ПУК пен ПСЖ-ның са­пында жасындай жарқырап жүр­геніңізде, біз ізбасарлар тобында жаттығатын бозбалалар едік. Сыртыңыздан қарап сүй­сінетінбіз. Сіздей ойыншы болу­ды армандайтынбыз», деп есте­ріне алды. Сөйтіп тағы екі жыл Францияда өнер көрсеттім. Сол аралықта Қа­зақстан құрамасы сапында әлем чемпионатына қа­тыстым.

– Ойыншы ретіндегі манса­бы­ңыз аяқталғаннан кейін Қа­зақ­стан­ның әйелдер құрама­сының тізгінін ұста­ғаныңыз мәлім. Бапкерлік кәсіпте біраз табысқа жеткеніңізбен сол орында көп тұрақтамадыңыз. Неге?

– Бапкерлік мансабымды мен Фран­цияда бастадым. Сол жақта біраз тәжірибе жиып, елге орал­ғаннан кейін Қазақстан бірін­­ші­лігінде өнер көрсететін «Астана қанатын» екі жылдай жаттықтырдым. Со­дан кейін елі­міздің әйелдер құрамасын­да Нелли Щербакованың көмекшісі бол­дым. Ал 2010 жылы ұлттық команданың бас бапкері болып тағайындалдым. Аса жауапты қызметке кіріскен бетте өзіме жүк­телген міндетті абыройлы атқару үшін көп еңбектендім. Із­дендім. Жаттығу жүйесіне жаңа­шылдық енгіздім. Тәртіп пен талапты бас­ты назарда ұстадым. Нәтижесі жаман болған жоқ. Сол жылдың қыркүйек айында Қы­тайдың Гуанжоу қаласына аттанып, Азия ойындарында қола медальды же­ңіп алдық. Оған дейін де, одан ке­йін де Қазақстанның волейболшы­лары Азиадада же­ңіс тұғырына көтерілген емес. Еңбегім лайықты бағалануы керек еді. Бірақ бәрі керісінше болды. Түрлі сылтауды желеу еткен республикалық федерацияның басшылары көп ұзамай мені бұл қызметтен алып тастады.

– Осы саланың маманы ре­тінде қазіргі кезде Қазақстан во­лейболының дамуына тағы не кедергі деп ойлайсыз?

– Оның себебі көп. Бірінші­ден, ба­ла­лар мен жасөспірімдер волейболын дамыту жүйесін дұрыс жолға қою қажет. Онсыз бұл саланы өркендете ал­маймыз. Қазіргі кезде елімізде айтулы спорт түріне бейімделген бір ғана маман­дандырылған мектеп бар. Нұр-Сұлтан­да орналасқан жалғыз мектептің барлық жыртығымызды жамауға қауқары жетпейтіні анық. Екіншіден, біз өзгелерге емес, өз өрендерімізге сенім артуымыз керек. Жасыратыны жоқ шеттен келген­дердің басым көпшілігі ешкімге керек болмай қалған бе­сінші-алтыншы сортты ойын­шылар. Ондай легионерлер біздің елге жанын салып ойнау үшін емес, оңай жолмен ақша табу үшін келуде. Бір анығы, легионерлер Қазақстан волей­­болын өркендетпейді. Үшіншіден, елімізде жалындап тұрған жас­тар жоқтың қасы. Солардың арасында селекциялық жұмыстар жүргізіп, бұл спортқа жергілікті өрендерді көптеп тарту керек. Төртіншіден, бапкерлік мектеп әлсіз. Біз әлі де өз кадр­ларымызды қадірлемей жүрміз. Мәселен, кезінде «Дорожник» пен «Азаматтың» сапында жасындай жарқыраған Сергей Щукин, Рафаиль Гилязутдинов, Валерий Беленков, Алексей Яншин сынды шебер ойыншыларды елеп жатқан ешкім жоқ. Солардың мол тәжірибесін неге ел волей­бо­лын өркендету үшін пайдаланбасқа. Бе­сін­шіден, федерацияның тізгінін ұс­та­ған азаматтардың бойынан осы спортты да­мытсам деген құл­шыныс мүлде бай­қалмайды.

Осындайда Қазақстан волейболын өрге сүйреген Октябрь Жарылқапов еріксіз еске түседі. Өткен ғасырдың алпысыншы жыл­дары ел экономикасы нашар, халықтың тұрмысы төмен болғаны белгілі ғой. Сол қиын-қыс­тау кездің өзінде ол кісі «көз­сіз ерлік» деп бағалауға тұ­ра­тындай үлкен іс тындырды. Жалғыз өзі Алматыдағы барлық білім ордалары мен жұмыс орындарын аралап, дарынды жастардың басын біріктірді. Жоқ жерден жақсы команда жасақтап, «Буревестниктің» қанатын қатайт­ты. Айналдырған бес-алты жылда алматылық ұжым әлемдегі ең беделді командалардың қатарына қосылды. Олар Одақта алдарына жан салмай, қатарынан екі рет Еуропа чемпиондары кубогын олжалады. «Буревестниктің» сапындағы сайыпқырандар Олим­пия ойындары, әлем және құр­лық чемпионаттарында жеңіс тұ­ғырына көтерілді. Міне, соның барлығының алтын бастауында Октябрь есімді асыл азамат тұрды. Қазіргі кезде бізге Жарылқаповтай өр тұлға жетіспей тұр. Бүгінгі таң­да отандық волейболдың тізгіні осындай жанашыр жан, іскер азаматтың қолында болғанда, әл­деқашан көсегеміз көгеретін еді.

– Волейбол өнерінде қазақ жастары өте аз. Осы мәселе сізді қынжылтпай ма?

– Аз емес, жоқтың қасы десе де болады. Тоқсаныншы жылдардан бергі кезеңді алсақ, қазақтың санау­лы ғана жігіттері үлкен додаларда көңіл көншітерліктей өнер көрсете алды. Олар – Марат Ад­рышев, Марат Иманғалиев, Нариман Сү­лейменов және Нәдірхан Қа­дырханов. Бары осы! Бірақ бұл мәселеге бас ауыртып жатқан еш­кім жоқ. Ал қазіргі жастар арасынан маған Айбат Неталиннің өнері ұнайды. Өте еңбекқор әрі табанды жігіт.

– Қазіргі кезде Ресейде еңбек етіп жүрсіз ғой...

– Иә, осыған дейін біраз уақыт Ка­ли­­нинград облысындағы «Ло­комо­тив» клубының қосалқы құ­рамын жат­тықтырдым. Күні кеше әйелдер арасында Ресей суперлигасында өнер көрсетіп жүрген «Протон» командасы бас жаттықтырушысының көмекші­сі болып тағайындалдым.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Egemen Qazaqstan»