Жамбыл облысының дамуына елеулі үлес қосып, өңір халқының ықыласына бөленіп жүрген Бағлан Қарашолақов бүгінде 70 жасқа толып отыр. Айтулы азаматты мерейлі белесімен құттықтай отырып, оқырман назарына осы сұхбатын ұсынамыз.
– Сіз талай жылдан бері басшылық қызметтер атқарып, ел дамуына үлес қостыңыз. Алғашқы еңбек жолыңыз, өмір жолыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз...
– Еңбек жолымды 1968 жылы Мойынқұм ауданының Жамбыл атындағы совхозында құрылыс бөлімшесінің жұмысшысы болып бастадым. Кейін құрылыс шебері, прораб болып еңбек еттім. 1979 жылдан Мойынқұм ауданындағы «Жамбылауылқұрылыстресінің» 2006-ЖМК бас инженері болдым. Ал 1981 жылдан 1983 жылға дейін «Главриссовхозводстрой» мекемесінің №45 ЖМК бастығы болып істедім. Сол жылы Мойынқұм аудандық атқару комитетінің төрағасы Айтбай Назарбеков өзінің бірінші орынбасары қызметіне шақырды. Бұл қызметте мен ауданның құрылыс, көлік, өнеркәсіп, сауда салаларына басшылық жасадым. 1985 жылдың аяғында Фурманов атындағы (қазіргі Жазылбек Қуанышбаев ауылы) совхоздың директоры болып бардым. Бұл совхозда 1000-ға тарта адам жұмыс істейтін. Мұнда 30 мың қой, 10 мың ірі қара, 1,5 мың жылқы және 500 түйе бар болатын. Осы жерде біраз жыл еңбек еттім.
Еліміз тәуелсіздік алған тұста сол кездегі облыс басшысы Өмірбек Байгелді шақырып алып, маған жауапты қызметті тапсырды. Ол кез өте қиын кезең болатын. Айлық, жәрдемақы дегенді көрмейтін уақыт. Сол 1992 жылдан Мойынқұм аудандық әкімшілігінің басшысы, Мойынқұм ауданының әкімі болып істедім. Ал 1997 жылы сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшановтың шақыруымен Жамбыл облысы бойынша Тәртіптік кеңестің төрағасы болдым. 2001-2012 жылдары Меркі, Шу және Жуалы аудандарының әкімі, Nur Otan партиясы аудандық филиалының төрағасы болып қызмет атқардым. 2012 жылы Жамбыл облыстық мәслихатының хатшысы болып сайландым. Қолымнан келгенше елдің ахуалын жақсартуға, облыстың дамуына үлес қостым деп ойлаймын. Меркі ауданында әкім болып жүргенде аудандағы қант зауытын қайта іске қостық. Бұл да ел есінде қалатын бір оқиға деп ойлаймын.
– Өмір деген тар жол, тайғақ кешу ғой жалпы. Бүгінде сізді мемлекеттік қызметтің ардагері ретінде ел құрметтейді. Осы уақытқа дейін өмірден түйген ойыңыз қандай? Кейбір азаматтар қызметті қолдың кіріне балап жатады. Бұған қалай қарайсыз?
– Мен талай жақсы адамдармен қатар қызмет атқардым. Талай жақсы кісілердің алдын көрдім. Менің ұстанымым – әркім өзінің қолынан келетін іспен айналысуы керек. Қазір елдің бәрі бастық болғысы келеді. Бірақ жұмысты ұйымдастыру, халықпен тіл табысу оңай шаруа емес. Қызмет барысында өзім өтірік айтқан емеспін. Одан кейін жағымпаздықты ұнатпаймын. Мен аудандарда әкім болып жүргенде, елдің тұрмысы қиын болатын. Бірақ болмайтын нәрсені болады деп халықты алдауға болмайды. Не болса да шындықты айтқан дұрыс. Сонда ғана халық бәрін түсінеді.
Бірақ мен «Қызмет – қолдың кірі» дегенмен келіспеймін. Қызмет бір жағынан абырой, бір жағынан жауапкершілік. Егер қызмет қолдың кірі болса, адам не үшін қызметке барады? Ең бастысы, халықтың сеніміне ие болып, батасын алғаннан артық қандай бақыт керек. Мен өзім басқарған төрт ауданның да Құрметті азаматы атандым. Оның ешқайсысын да сұрап алған жоқпын. Арада біраз жылдар өтіп кеткен соң ауданға еткен еңбегімді ескеріп, өздері берді. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды», дегендей, жақсы болсаң халықтың өзі көтереді. Ең бастысы, қызметті адал атқару керек. Бүгінде көпшілік жақсы қызметке бару үшін мықты танысы болу керек деп ойлайды. Бұл жалған нәрсе. Мен өзім жалғыз өскен адаммын. Тіреп тұрған ешкімім жоқ. Бұл жерде әңгіменің бәрі кадрды дұрыстап тәрбиелеуде. Маман мықты болса, талай мансапқа қолы жетеді. «Елу жылда ел жаңа» дейді ғой. Қазір талап басқа. Бүгінгі жастар да жақсы өсіп келеді.
– Депутаттарды билікке халықтың мұңы мен мұқтажын жеткізуші алтын көпір десек болады. Бүгінде халық қалаулылары мен бұқара халықтың арасындағы байланыс қандай?
– Депутаттың негізгі мақсаты да бұқарамен байланыста болу. Олар қарапайым халықтың талап-тілегін билікке жеткізуі тиіс. Әрине жұртшылықтың талабының бәрі де орындала бермейді. Оның барлығы да экономикаға байланысты. Мәселен, кейбір ауылдардың тұрғындары су құбырының желілері тозған деп шағым айтады. Мүмкін ол тозған шығар, бірақ кейбір ауылдарда су мүлдем жоқ қой. Бір ауылдың мектебі ескі шығар, бірақ білім ошағы жоқ елді мекендер де бар емес пе?! Мұндай мәселелер барлық ауылда бар. Бірақ оның бәрінің де шешілетін кезеңі болады. Депутаттардың міндеті елдің талап-тілегін билікке жеткізіп қана қоймай, оның шешілуіне де атсалысуы керек. Әрине депутаттар барлық мәселені жүз пайыз шеше алады деп айту қиын. Бірақ елмен кездесіп келген соң оларды тиісті басшыларға жеткізеді. Алайда халықтың тұрмысы жақсы.
– Әрбір мәслихат отырысы сайын өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты көптеген мәселелер көтеріледі. Мәслихат мінберінде көтерілген сол мәселелер қаншалықты шешімін табады?
– Дәл қазіргі кезде шешімін тауып жатыр деп айтуға болады. Қазір облыстың, аудандардың бюджеті қомақты. Кезінде біз ауданда әкім болып жүргенде, жол жөндеу мақсатына 20 млн теңге бөлсе қуанатынбыз. Ал қазір әрбір ауданға бұл мақсатқа 200-300 млн теңге бөлінеді. Республикалық бюджет есебінен бөлінетін қаражат қанша. Себебі мемлекет дамып келеді. Дей тұрғанмен, ел ішінде мәселе болмауы мүмкін емес. Мектеп, балабақша мәселелері әлі күнге дейін бар. Мәселен, бүгін бір шаруаны бітірсең, ертең тағы біреуі шығады. Өмір деген де сол сияқты. Мәселе деген өмірі бітпейді. Тек соларды ретімен шешу керек. Бүгінде аудандарда, ауылдарда баспана, мектеп, балабақша сияқты көптеген нысандар салынуда. Өзім құрылысшы болған соң білемін, мұндай жағдайлар Кеңес өкіметі кезінде болған емес. Бүгін бәрі басқаша сипатта дамып келеді. Алайда жұмыстың сапасына баса мән берілуі керек.
– Көп жағдайда мекеме басшылары, компания құрылтайшылары, кәсіпкерлер мәслихат депутаты болып жатады. Көптің арасында да жағдайы жақсы адам депутат болады деген түсінік қалыптасқан. Алайда қатардағы мамандар, болмаса жұмысшы мамандықтарында жүрген жас депутаттар бар ма бізде?
– Басында қарапайым жұмысшы болып, кейіннен өз еңбегімен үлкен жетістіктерге жеткен жастар бізде бар. Айталық, Арман Еділбаев, Әлімбек Жұмабаев сияқты жігіттер маңдай терімен талай биіктерді бағындырды. Ел қатарлы жұмыстарын атқарып жүр. Болмаса олар әкім емес, лауазымды қызметкер емес. Әуел бастан еңбек етіп, шаруаларын жолға қойды. Жас болмаса да, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров талай адамға үлгі боларлық азамат. «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде талай жылдан бері еңбек етіп, бүгінде сол мекеменің бас директоры болып отыр. Өңірдің гүлденуіне, талай отбасылардың әлеуметтік мәселесінің шешілуіне көмектесіп келеді. Мұның бәрі де адамның жұмысты ұйымдастыру қабілетіне байланысты. Бүгінде депутат болып жүрген Алтай Райқұлов деген азаматты да айтуға болады. Әрине барлық кәсіпкер өзінің пайдасы үшін жұмыс істейді. Бірақ олардың бәрі де халықты жұмыспен қамтып отыр ғой. Қоғамға мұның өзі де үлкен пайда.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан жастарға қолдау көп. Басшылық қызметтерге де жастарды тағайындап жатыр. Бірақ жастарға жол көрсететін, бағыт беретін көпті көрген азаматтардың тәжірибесі де керек. Осындай кісілер қызметте отырса дұрыс болады. Сондай азаматтардың ақыл-кеңесін алған азаматтар ешуақытта жамандыққа бармайды. Бәрінен де елдің ынтымағы мен бірлігі қымбат. Бірлік болмайынша, жақсылық болмайды. Көршілес мемлекеттердің жағдайын көріп отырмыз. Сол үшін бізге ынтымақ керек.
– Сіз өткен жылы республика бойынша «Үздік мәслихат хатшысы» атандыңыз. Осы орайда жастармен бөлісер қандай тәжірибеңіз бар?
– Мен атақты ешкімнен сұрап алмаймын. Содан кейін басылым, теледидар арқылы өзімді-өзім жарнамалауға да жоқпын. «Үздік мәслихат хатшысы» атағын да алғаннан соң бір-ақ білдім. Бізде «Республикалық мәслихаттар бірлестігі» деген бірлестік бар. Сол жерде отырған кісілер сараптама жасап, талай жылғы еңбегімізді елеген болуы керек. Сол жылғы атқарған жұмыстарымызды бағалаған шығар. Алайда мәслихаттың да жұмысы оңай емес. Бізде жыл сайын жоспар бекітіледі. Содан кейін түрлі мәселелерді қарайтын комиссия жұмыс істейді. Жыл сайын мәслихат мінберінде қаралған мәселелерді зерделейміз. Қаншалықты жұмыс атқарылғанын сараптаймыз. Мұның бәрі де қиын жұмыс. Жоспарлы сессияларда алға қойылған үлкен мәселелерді депутаттар қарайды. Нәтижесінде түрлі шешімдер шығарылады. Мұның бәрі де елдің игілігі үшін атқарылып отырған шаруалар.
ӘңгімелескенХамит ЕСАМАН, «Egemen Qazaqstan»