Алматыда балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында «Арманыңа ұмтыл» атты ұранмен футболдан ел біріншілігі өтуде. Доп додасында республикамыздың 10 аймағынан келген 12 команда шеберлік байқасуда. Жеңімпаздар «Сантьяго Бернабеуге» барады.
Айтулы спорттық шараға орай кеше Орталық стадионда баспасөз-мәслихаты ұйымдастырылды. Осы жиынға қатысқан «Қайрат» клубының ардагері Виктор Катков жарысқа қатысушыларды құттықтай келе, шараның мәні мен маңызына тоқталды.
Белгілі меценат Қайрат Құдайберген: «Футбол – әлемдегі ең демократиялық спорт түрі. Оны байлар да, кедейлер де, бастықтар да, басқалар да ойнайды. Кезінде өзім де «Қайрат» пен еліміздің жасөспірімдер құрамасының намысын қорғадым. Қазір алматылық клубтың фанатымын. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің осы жолдың таңдағанына қатты қуантып отырмын. Ертең осы жас өрендер арасынан тек шебер футболшылар ғана емес, президенттер мен министерлер де, басқа да лауазым иелері шығатынына бек сенімдімін. Ең бастысы, еш кедергілерге қарамастан өз арманыңызға ұмтылыңыз. Тек сонда ғана әр адам көздеген мақсатына қол жеткізе алады», – деп өз ойын түйіндеді.
«BAURZHAN» қайырымдылық қоры, Қазақстан футбол федерациясы және БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мұрындық болуымен өтіп жатқан осы жарыстың жеңімпазы Испаниядағы атақты «Реал Мадрид» клубы мен әйгілі «Сантьяго Бернабеу» стадионын өз көздерімен көру мүмкіндігіне ие болады.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жеті жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан біріншілікте жеңіске жеткен командалар сапындағы 64 тәрбиеленуші бұған дейін «Барселона», «Милан», «Пари Сен- Жермен» клубтарына барып, Месси, Роббен, Торрес, Нейман және тағы басқа жұлдыздармен жүздесіп қайтқан еді.