Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы биылғы жаңа маусымының шымылдығын ауқымды халықаралық шарамен ашқалы отыр. 10-15 қыркүйек аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Classics Management Budapest» халықаралық агенттігімен ынтымақтастықта І Алматы халықаралық опералық-симфониялық дирижерлерінің байқауын өткізеді. Елдің мәдени өміріндегі елеулі шара әлемдегі ең үздік дирижерлердің басын қосып, жас дарындардың бір-бірінің өнерімен жақынырақ танысуына зор мүмкіндік сыйлап отыр.
Байқауға қатысу үшін 32 елден 140 өтінім берілді. Халықаралық байқау екі кезеңнен тұрады: іріктеу туры биылғы жылдың наурыз айында Будапеште басталып, 30 шілдеде аяқталды. Бұл кезең қатысушылардың өнері мен кәсіби түйіндемесін негізге алды. Ал Алматыда басталған халықаралық байқауда сол іріктеуден өткен Қазақстан, Финляндия, Австрия, Ресей, Солтүстік Корея, АҚШ, Жапония, Португалия, Қытай, Италия, Испания, Өзбекстан, Франция, Сингапур елдерінің дирижерлері бақ сынайды. Аптаға жуық уақыт сынға түсетін үміткер музыканттардың өнерін Италиядан келген Витторио Паризи, Джузеппе Аквавива, венгриялық Дьёрдь Рат, Болгариядан шақырылған Диан Чобанов, қазақстандық Серик Сырлыбаев секілді әлемдік танымалдылыққа ие саңлақ дирижерлер сарапқа салады. Еуропаның бүгінгі таңдағы ең белгілі дирижерлерін құрамына топтастырған байқау қазыларының төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев.
Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өнер жарыстыратын дирижерлер сыны төрт кезеңнен тұрады. Байқаудың бірінші турына 56 қатысушы жіберілді. Екінші турға 16 қатысушы жіберіледі. Ал байқаудың жартылай мәресіне 8 қатысушы жіберілсе, ақтық мәре сынында 4 қатысушы ғана топ жаруы керек. Байқау жеңімпаздары 15 қыркүйектегі гала-концертте өнер көрсетеді.
АЛМАТЫ