• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 11 Қыркүйек, 2019

Қазақстан Президенті Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында лекция оқыды

657 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Академия профессорлары мен сарапшыларының және қазақстандық студенттердің алдында сөйлеген сөзінде қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

– Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясы – мемлекеттік маңызы ерекше құрылым. Академияның зерттеу орталықтары мен институттары әлемдік ғылыми ой-пікірді дамытуға зор үлес қосып келеді. Қытай Қоғамдық ғылымдар Академиясында біздің елімізді жақсы білетін және қазақ тілін меңгерген сарапшылардың бар екенін ерекше ризашылықпен атап өткім келеді. Академия ғалымдарының ой-пікірлері мен ұсыныстары өзара тиімді ықпалдастығымызды одан әрі арттыруға ықпал етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Қытай тарихында ортақ дүниелер көп екенін айтты. Оның сөзінше, екі халықты өркендеу рухы мен алға қарай ұмтылыс жақындата түседі.

– Осыдан 40 жыл бұрын Қытай басшылығы мен Қытай халқы дана шешімдер қабылдап, ауқымды жаңғыртулар кезеңіне қадам басты. Сол маңызды өзгерістердің арқасында бүгінде Қытай мемлекеті әлемдік дамуда көш бастап тұр. 30 жыл ішінде Қазақстан да күрделі әрі табысты даму кезеңінен өтті. Еліміз тамыры терең дағдарысты еңсеріп, орнықты даму жолына түсті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Президент барлық қатысушыларды Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл тарихи датаның орта деңгейдегі «сяокан» қытай қоғамын құру жолындағы маңызды белес екеніне тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның жедел жаңғыртулардың арқасында тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылғанына назар аударып, еліміздің  даму қарқынын тоқтатпай, тек алға қарай жүре беретінін және 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясын жүзеге асыратынын айтты.

– Ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу – басты мақсатымыз. Біз елімізді дамудың жаңа деңгейіне шығарып, жетістіктерімізді еселеу үшін  ауқымды жұмыс атқаруымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің тәуелсіздігін, оның экономикалық әлеуеті мен адами капиталды одан әрі нығайту және халықтың әл-ауқатын арттыру маңызды мақсат екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, алдымызда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған мемлекетті жаңғырту бағдарламасын толыққанды жүзеге асыру міндеті тұр. Қазақстан Республикасы халықаралық аренада көршілес мемлекеттермен қатар, ізгі ниетін қолдайтын басқа да елдермен достық қарым-қатынастарды кеңейтуге, өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүдделі.

– Қытай – бізге ең жақын әрі Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып мойындаған мемлекеттердің бірі. Сондай-ақ, ядролық держава ретінде Қазақстанға ешқандай талап қоймастан, қауіпсіздік кепілдігін берген де Қытай елі болды. Діни экстремизмге, сепаратизм мен терроризмге, яғни «Үш зұлымдық күшіне» қарсы күрестегі ортақ ұстанымдарымыз Қазақстан-Қытай диалогының одан әрі кеңеюіне ықпал етті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазақ-қытай қатынастарының қалыптасу тарихына егжей-тегжейлі тоқталып, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық іс-қимылдар мен инвестициялық ынтымақтастықтың басым бағыттарын белгілеп берді. Мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамытуға ерекше көңіл бөлінді.

Лекцияның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды. Президент бүгінгі қауіп-қатер халықаралық құқықтың бұзылуына және жаһандық институттар рөлінің әлсіреуіне байланысты деп санайды.

– Жетекші мемлекеттер арасындағы текетірес, қауіпсіздік пен қару-жараққа бақылау жасау жүйесіндегі бұрынғы тетіктердің сыр беруі, қақтығыстардың көбеюі – осының барлығы жаңа геосаяси ахуалдың көрінісі. Өкінішке қарай, біз күрделі халықаралық диалогты ушықтырып отырған бірқатар күрделі факторларға куә болып отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соның ішінде, Мемлекет басшысы геосаяси бәсекелестік экономика саласын да қамтып, сауда соғысының заманы туғанына, соның салдарынан жаһандық экономикадағы дисбаланс күшейіп, мемлекеттер арасындағы теңсіздіктің артуы мүмкін екеніне назар аударды.

Бұдан бөлек, Президент әлемнің әр түкпіріндегі қақтығыс ошақтарының сақталуы қауіпті екенін атап өтті. Әркімнің өз мүддесін қорғау үшін күш қолдануға баса мән беруі әскери қақтығыстар қаупін арттыратыны сөзсіз екені айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, халықаралық терроризм мен жаппай қырып жою қаруының кең таралуы күн тәртібінен түспей отыр. Президент өз сөзінде аталған мәселелерді шешу жөніндегі Қазақстанның ұсыныстары мен нақты іс-әрекеттеріне жан-жақты шолу жасады.

– Еліміз бірегей саяси құжат – терроризмнен азат әлемге қол жеткізу тәртібінің Кодексін әзірледі. Қазақстан 2013 жылы келіссөздер жүргізу үшін өз алаңын ұсыну арқылы «Жалпыға бірдей бірлескен іс-қимыл жоспарын» бекітуге елеулі үлес қосты. Біз қазір де ортақ шешімге келу үшін қолдау көрсетуге дайынбыз. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан ел ретінде біз Корей Халық Демократиялық Республикасын ядролық қарусыздандыру үдерісіне қатысуға және тәжірибемізбен бөлісуге әзірміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазіргі жаһандық текетірес биполярлық бәсеке кезеңіндегі тайталастан кем емес, тіпті одан да қатаңдау болуы әбден мүмкін деген пікір білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бұрын бұл екі саяси жүйе мен идеологиялық блоктардың тартысы болса, енді текетірес негізгі мемлекеттердің ұлттық стратегиялық мүдделері тұрғысынан өршіп келеді.

Мемлекет басшысы аталған проблемаларды шешу үшін бүкіл әлемдік қоғамдастықтың күш-жігерін жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Президент Біріккен Ұлттар Ұйымының белсенді рөлін және оның осы үдерісте дүние жүзінде теңдесі жоқ әмбебап ұйым екенін атап өтті.

– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымын қолдайды және оның қызметіне атсалыса береді. Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау үдерісі оның тиімділігі мен беделін арттыруы тиіс. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлем қауымдастығын қауіпсіздік саласындағы қатынастарды жандандыруға шақырды. Қытай Біріккен Ұлттар Ұйымының әлеуетін арттыруға зор ықпал ете алады деп сенемін. Қытай Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымында өте маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы дәрісінің соңында еліміздің ұстанымын айқындап, Қазақстан мен Қытайдың көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде өсіп-өркендеу жолына бірге қадам басуы тиіс деді. Президент Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа тиімді бағыттарын іздеу екі елдің «маңызды шешімдер қабылдайтын орталықтары» арасындағы іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, бірлескен конференциялар мен қолданбалы зерттеулер жүргізу тәжірибесін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық белгілі тарихшы-шығыстанушы Клара Хафизованың Қытайдың қоғамдық ғылымдар академиясымен ынтымақтастығын өзара жемісті ықпалдастықтың айқын мысалы ретінде келтірді.

Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.