• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2019

Алма экспортерлері Алматыда бас қосты

166 рет
көрсетілді

Алматыда «Алматы – алма орталығы: экономикалық, экологиялық және мәдени келешегі» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Іс-шараны Қазақстанның табиғатты сақтау жөніндегі эко-қозғалысының белсендісі, қоғамдық қайраткер Ажар Жандосова ұйымдастырып отыр.

Форум «ALMA – Apple» қалалық қоғамдық бастамасы аясында өтуде. Оның идеясы – Алма қаласына, Алмаға және Алма ағашына арналған бүкіл қалалық іс-шаралар мен жобаларды бірыңғай бағдарлама және бірыңғай ақпараттық кеңістік аясында біріктіру.

«Біздің қаламыз әрдайым алмамен байланыстырылып келді. Форум Алматының алма қаласы ретіндегі бұрынғы даңқын дәріптеп, қайта жандандыру мақсатында өткізіліп жатыр. Форумда біз жұртшылықтың назарын аударып қана қоймай, ғылым мен өндірісшілерді бір кеңістік аясында біріктіруді көздейміз»,  деп атап өтті Ажар Жандосова.

Бастама аясында алматылықтарға алма қаланың даңқын қайта жандандыруға белсенді түрде қатысу ұсынылып отыр.

«Әрбір адам өз тарапынан алманы дәріптей алады. Адамдарда әртүрлі бастамалар пайда болып жатыр, бір адамдар алма бағын отырғызғысы келсе, кейбіреулер алмамен би өткізуге дайын. Біз Алматыда тұратын және Алматыға келетін адамдар алманың дәмін сезініп көрсе екен дейміз. Яғни алмадан жасалған тағамды дайындайтын әрбір мейрамхананың орнын көрсететін және қала қонақтарына оның дәмін татып көруге мүмкіндік беретін алмалы орындар картасын жасап шығару туралы идея туындады. Негізінде алма таусылмас тақырыптардың бірі екені сөзсіз», деп бөлісті форум ұйымдастырушысы.

Форум аясында ғалымдар, бизнесмендер, қоғамдық және мәдени қайраткерлер Сиверс алмасынан бастап, Қазақстандағы және әлемдегі алма шаруашылығының даму беталысы сынды кең мәселелер шеңбері аясында сөз сөйледі. Форумға ұштастырылған көрмеде қалаған адам алманың жергілікті сұрыптарының, соның ішінде атақты апорттың дәмін татып көре алады. Сондай-ақ, іс-шара аясында плакаттар көрмесі өтті. Сонымен қатар, іс-шара қатысушылары алдында «Алма манифесті» оқылып, оның аясында форум қатысушылары бүкіл әлем бойынша алманы және алма ағаштарын сақтап, кеңінен таратуға үндеді. Манифест мақсаты – жер бетіндегі әрбір адамға шаққанда бір-бір жеміс ағашын, яғни бүкіл әлем бойынша 8 миллиард жеміс ағашын отырғызуға үндеу.

 

Алматы