Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары табысты өткені белгілі. Осы сапар барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылып, келісімдер жасалды. Әлемнің көптеген бұқаралық ақпарат құралы осы сапарға кеңінен тоқталды.
Xinhua: Қазақстан мен Қытай әріптестікті нығайтады
Xinhua агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан мен Қытай тұрақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта беруге шешім қабылдаған. «Мұндай қадам Қытай Президенті Си Цзинпинь мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кездесуінен кейін мүмкін болды» деп жазады басылым.
«Қытай – Қазақстан қарым-қатынасына қатысты сөйлеген сөзінде Си Цзинпинь екі елдің арасында барлық деңгейдегі байланысты нығайту ниетін қуаттап, Ұлы Жібек жолы бойындағы «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының экономикалық пайда әкелетініне сенім білдірді. Сондай-ақ индустриялық мүмкіндіктерді, ғылым мен технологиялық инновация саласындағы барыс-келісті күшейтуге ынта білдірді», деп хабарлайды Xinhua.
Агенттіктің хабарлауынша, Қ.Тоқаев та өз сөзінде Қытаймен қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың мүмкіндіктеріне тоқталған.
«Қ.Тоқаев Қытаймен жоғары деңгейлі байланыстарды күшейтуге, «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында экономикалық, сауда, инфрақұрылым, энергетика, ғылым мен технология саласында ынтымақтастықты арттырудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Шанхай ынтымақтастық ұйымы алаңында екі елдің тығыз байланыс орнату қажеттігіне тоқталды», деп жазады Xinhua.
Екіжақты кездесуден кейін екі ел басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Сондай-ақ бірқатар екіжақты келісімге қол қою рәсіміне қатысты.
CNBC: Қазақстан Қытайға бидай экспортын арттырады
CNBC агенттігінің хабарлауынша, Қазақстан Қытайға жіберетін бидай көлемін үш есеге дейін ұлғайта алады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға барған сапарында мәлімдеді.
Орталық Азиядағы ең үлкен бидай экспорттаушы ел – Қазақстан мен бұған дейін Қара теңіз арқылы бидай жіберіп келген Ресей тарапы Қытайға ауыл шаруашылығы заттары мен бидай экспортын ұлғайтуға қызығып отыр.
«Былтыр Қазақстанның Қытайға экспорттаған бидай көлемі 550 000 тоннаға жетті. Енді оның көлемін 2 миллион тоннаға дейін жеткізе аламыз», деді Қ.Тоқаев Бейжіңде өткен қазақ-қытай бизнесмендерінің кездесуінде.
Мұндай межеге қанша уақытта жетуге болатынын айтқан жоқ. Әйтсе де, бидайдан бөлек, Қытайға тұз, сүт өнімдері, ет және тауық жеткізуге мүмкіндік мол екенін атап өтті.
Қытай – күні бүгінге дейін Қазақстанның ең үлкен сауда әріптесі. Мұнай, газ, метал өнімдері көп экспортталады. Әдетте Қазақстан бидайын көршілес Орталық Азия елдеріне жібереді. Енді осы бағытта кеңінен жұмыс істемек.
Global Times: Қытай мен Қазақстан 5G технологиясында әріптестік орнатады
Global Times газеті Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың маңызына тоқтала келе, екі ел басшыларының бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізгенін жазады.
Қытай Президенті Си Цзинпиньмен кездесуден кейін Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев Алибаба компаниясының басшысы Джек Мамен кездесті. Онда онлайн сауданы Қазақстанға енгізу мәселелері талқыланды.
Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев қазақ-қытай бизнесмендері кеңесінің отырысына қатысып, екі ел арасындағы қаржы, энергетика, ауыл шаруашылығы, транспорт салаларындағы ынтымақтастықты арттырудың қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, ол бизнесмендерге Жібек жолын қайта жаңғыртудың маңызын түсіндіріп берді.
Сонымен қатар жиын қорытындысы бойынша Қазақтелеком компаниясы қытайлық Huawei компаниясымен бірігіп 5G технологиясын 2019 жылдың соңына таман Қазақстанда сынақтан өткізбек.
CGTN: Ынтымақтастық нығая береді
Қытайдың CGTN арнасы Қытай мен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын жазады.
Бейжіңде өткен екіжақты кездесуде Қ.Тоқаев пен Си Цзинпинь маңызды бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтар болсақ, экономикалық және сауда ынтымақтастығын кеңейте түсуге, ауылшаруашылық әріптестікті тереңдетіп, технологиялық инновацияны жетілдіруге келісім жасасты. Сонымен қатар коммуникация мен өзара байланысты дамытуға ықылас танытты.
Си Цзинпинь өз сөзінде екі ел арасындағы қауіпсіздікті нығайту қажеттігін, экономикалық ашықтықты жетілдіру жөнінде айтып өтті. Ал бұдан кейін сөйлеген Қ.Тоқаев Қытайдың құрылғанына 70 жыл толуымен құттықтады. Сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудың маңызын атап көрсетті.
Қ.Тоқаев Қытай мен Қазақстан экономикалық, сауда ынтымақтастығын нығайтып, инфрақұрылым, энергетика, ғылым мен технология салаларын бірлесе дамыту қажеттігіне тоқталды.
Шолуды дайындаған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»