Осыдан он шақты күн бұрын телефон шалғанымда дауысың бәсең тартып қалған екен. Бұрынғыдай ұзағырақ әңгімелесуге құлқың болмады. Амандық-саулық сұрастық та қойдық.
Сонда жамандыққа қимай, «Ер жігіт қой, ауруына оңайлықпен беріле қоймас, медицина да дамыған», деп өзімді өзім жұбатқанмын.
Енді мына суық хабарды естіп отырмын.
Сол суық хабар жүректі қысып, өкпені өрекпіткенімен, сана шіркінді сапырылыстырып, түу, сонау 1961 жылы танысқаннан бастап күні бүгінге дейін жалғасқан достығымыздың әр кезеңін есіме түсіре береді.
Ұстаздарымыздан дәріс тыңдап, артынан кітапхананың оқу залына барып, аудиториядағы «кәйпімізді» одан әрі жалғастыратын кездерімізді айтсайшы! Қалтамыздағы соңғы тиынымызға құрастырып алған қара нанға қарынды қампита тойдырып, соған шала байып қоқиланатын шақтар...
Оқу бітірген соң сен бірден республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстанға» қызметке қабылданып, бір күнде бүкіл елімізге әйгілі журналист болып шыға келдің. Кейінірек, бұл газетте меншікті тілші болып мен де жұмыс істедім. Сол кезде Жамбыл облысын бастан-аяқ шарлап едік-ау. Екеуміздің де туған жеріміз Мойынқұмның күнгейіндегі қатар жатқан ауылдар болғандықтан да алғашқы әңгіме, хикаяттарымыз да осы құм, құм адамдары туралы болып шықты...
Тағдыр сені ауыр сынға салды. Ұлың Айдарды өзіңнен бұрын әкетіп еді өмірден. Соның күйігіне шыдай алмадың ба? Күрт түстің-ау, Әділ. Қайтейін. Дариға мен балаларға берік бол дегеннен басқа шара жоқ. Бақұл бол, бауырым!
Елен ӘЛІМЖАН