• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Қыркүйек, 2019

Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхамедов Олимпиада жолдамасын иеленді

491 рет
көрсетілді

Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан әлем чемпионатында грек-рим күресінен Қазақстан қоржынына жолдама түсті деп хабарлайды Olympic.kz.

60 килода белдесетін Мейрамбек Айнағұлов әлем біріншілігінің жартылай финалына жолдама алды. Ол ширек финалда хорватиялық Иван Лизатовичті 10:0 есебімен таза жеңді. Осылайша, отандасымыз қазақстандық балуандар арасынан алғаш болып Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алды.

Команда үздігі саналатын Мейрамбек Айнағұлов 1994 жылы 17 ақпанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Ол бұған дейін 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс, Азия чемпионатының екі дүркін қола және Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алған болатын.

Сондай-ақ грек-рим күресінен 77 килода белдесетін Асхат Ділмұхамедов ширек финалда сербиялық балуан Виктор Немешті 4:3 есебімен жеңіп, өз жеріміздегі әлем біріншілігінің жартылай финалына өтті.  Грек-рим күресінің ережесі бойынша лицензиялық әлем чемпионатында 1-ден 6-ші орынға дейінгі аралықта орын алған балуандар Олимпиада жолдамасына ие болады. Осылайша, Асхат Ділмұхамедов те Токио Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.

 Асхат Ділмұхамедов 1986 жылы 26 шілдеде дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Азия чемпионатының жеңімпазы және бірнеше дүркін қола жүлдегері. Бүгін іріктеу айналымында Асхат Ділмұхамедов екі дүркін Олимпиада чемпионы, төрт дүркін Еуропа чемпионы Роман Власовты жеңген болатын.

 

ФОТО: Данияр Майлыбаев