Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде мектептер мен мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі бала қауіпсіздігі және профилактикалық шаралар бойынша баспасөз конференциясы өтті.
Бұл жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру мақсатында ұйымдастырылған. Президент үндеуінде. «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын», деген еді.
Брифингте сөз алған алғашқы спикер, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев еліміздегі балалардың өмірін сақтау және профилактикалық шараларды ұйымдастыру аталған ведомствоның маңызды міндетіне жататынын атап өтті. Вице-министр өз баяндамасында балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың төмендеуі байқалатынын, десе де осы мәселеге қоғамның назарын аудару арқылы сақтануға шақырды. «Нақты деректерге сүйенсек, соңғы 6 жылда жасөспірімдер қылмысының орташа есеппен 6 пайызға төмендегені байқалады. Айталық, 2013 жылы кәмелетке толмағандар 4 275, 2018 жылы 2 939 қылмыс жасаған. Ал 2019 жылдың 8 айында құқық бұзушылық 9 пайызға төмендеді. Кәмелетке толмағандар жасаған кісі өлтіру – 62, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 17, қарақшылық – 41, ұрлық – 8, қорқытып алушылық – 31 және бұзақылық 5 пайызға кемігені байқалады. Кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстардың 63 пайыздан астамы мектеп оқушыларына тиесілі», дейді М.Қожаев. Ол министрлік тарапынан қолға алынған бірқатар шара мен жобаны тілге тиек ете келе Үкімет, қоғам, сақшылар, ата-аналар мен білім беру ұйымдары күш біріктіргенде ғана балалардың қауіпсіздігі сақталатынын жеткізді.
Білім және ғылым министрлігі жанындағы Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дулат Жекебаев өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсететін орталықтардың құрылғанын және мұндай орталықтардың саны қазір республика бойынша 15-ке жеткенін айтты. Ал мектепке дейінгі ұйымдарда стандартқа сәйкес бейнебақылаумен қамтамасыз ету талабы енгізілгенін атап өтті. Спикердің айтуынша, тәрибелеу мен білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік педагогтар, психологтар, сондай-ақ бала құқығын қорғаумен айналысатын мамандардың біліктілігін арттыру және олардың педагогтармен бірдей қолдауға ие болу жағдайы қарастырылып жатыр. Білім беру ұйымдарында ата-ана комитеті, әкелер кеңесі, медиация қызметі жұмыс істейді.