• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Саясат 17 Қыркүйек, 2019

Асқар Шәкіров БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі арнаулы уәкілімен кездесті

205 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі арнаулы уәкілі Жан Тодтпен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Тараптар жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыру жөніндегі жан-жақты ынтымақтастықты талқылады. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров халықаралық сарапшылардың ұсыныстары ұлттық заңнаманы жетілдіруге, құқық қолдану тәжірибелерін жақсартуға және Қазақстанның институттық әлеуетін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Жан Тодт өз кезегінде БҰҰ-ның жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі барлық конвенцияларын қолдағаны және БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы алаңындағы жұмыс топтарының қызметіне белсенді қатысқаны үшін Қазақстанға алғысын білдірді. Өткен жылдармен салыстырғанда Қазақстандағы жол қауіпсіздігін дамытудағы елеулі өзгерістерді ерекше атап өтті.

БҰҰ-ның арнаулы уәкілі ынтымақтастық туралы айта келіп, әлемдегі жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселелерін қозғады. Ол қазіргі таңда жүргізушілердің жол үстіндегі кішігірім қателіктерден тұратын тәртіп бұзушылықтары бар екенін атап өтті. Бұл – жол қозғалысы деңгейін тиісті деңгейде бақыламау; қауіпсіздік белдіктері сияқты тиісті құрылғыларды пайдалануды ескермеу; мас күйде көлік жүргізу; жүру кезінде SMS жіберу және тағы басқа мәселелер болып отыр. Мұндай жағдайларды болдырмау мен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жол-көлік оқиғаларының санын кем дегенде екі есеге қысқартады.

Кездесу барысында Сенат Төрағасының орынбасары Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, көлік жолдарын кеңейту мен сапасын жақсарту, сондай-ақ жол қозғалысы саласына тартылған барлық құрылымдардың және адамдардың құқықтары мен міндеттерінің нақты жүйесін реттейтін «Жол жүрісі туралы» заңының іске асуы туралы айтып берді.

БҰҰ Бас хатшысының жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі арнаулы уәкілі Жан Тодт 2020 жылғы 19-20 ақпанда Стокгольмде өтетін жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі үшінші Дүниежүзілік министрлер конференциясына қатысуға Қазақстанды шақырды.