«Көкшетау» мәдениет сарайында «Qazaqstan. A la Prima» форумдары шеңберіндегі «Бурабай аңыздары» атты суретшілердің халықаралық форумының қортынды көрмесі өтті.
Форумды Ақмола облысының әкімдігі мен облыстың мәдениет, Архивтер мен құжаттамалар басқармасы, облыстық халық шығармашылық және мәдени демалыс орталығы, «Qazaqstan. A la prima» серіктестігі бірлесіп өткізді.
Жиырма кәсіби суретші қатысқан жобаға 10 елден қылқалам шеберлері келді. Форумның мақсаты – еліміздің көрікті, тарихи құндылықтарға бай жерлерін насихаттап, шығармашылық байланысты нығайту және тәжірибе алмасып, еліміздің туристік әлеуетін көрсету. Шара он төрт күнге созылды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айрықша мән берілгеніндей, әрбір қазақстандықтың көркемдік, шығармашылық әлеуетін дамытуға назар аударылған. Форум айтулы мәдени оқиғаға айналды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова.
Қылқалам шеберлері Бурабайдың көркем табиғатын бейнелеп қана қоймай, ел тарихын, өлке тынысын, өткеннің өңді елесін бейнелеу өнері арқылы жеткізіпті. Әлі бояуы кеппеген туындылар тарих пен бүгінгі күн тынысынан сыр шертіп тұр.
Форум аясында шығармашылық кездесулер, баспасөз конференциясы, шеберлік сыныптары және дөңгелек үстел өткізілді. Ашық аспан астында жүргізілген жұмыстардың қортындылары елорда музейлерінде жалғаспақ.