Апта сайын Мәжіліс үйінде көтерілетін маңызды мәселелер бірқатар заң жобасын қараумен шектелмейді. БАҚ арқылы Парламенттегі жиындардың жай-жапсарынан хабардар болып отырған халық депутаттық сауалдарға да ерекше назар аударады.
Ұлттық паркке қоқыс төгеді
Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалымен өткен Парламент Мәжілісінің бұл жолғы жалпы отырысында күн тәртібінен тыс бірнеше депутат түйткілді мәселелер қамтылған депутаттық сауалдарын Үкіметке бағыттады. Атап айтсақ, Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевқа жолдаған сауалында телемедициналық қызмет мәселесін көтерді. Оның айтуынша, телемедицина ең жоғары деңгейде дамыған ел АҚШ-та қашықтықтан консультациялар беру мен мониторинг жүргізу науқастарды госпитализациялауды 19%-ға, дәрігерлік кеңес алу үшін тікелей дәрігерге жүгінуді 70%-ға қысқартуға мүмкіндік берген және онлайн-консилиумдар арқылы ауыр науқастарды тасымалдаудан жыл сайын 500 млн доллар қаржы үнемдеуге қол жеткізілген. Қазақстан үшін де телемедицинаны дамыту маңызды. Өйткені шалғайдағы ауылдардың тұрғындарына уақтылы әрі сапалы медициналық көмек көрсету қиынға соғып отыр. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында да Ұлттық телемедицина желісін кеңейту көзделген.
– Қазіргі уақытта «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес денсаулық сақтау саласында еліміздің әрбір азаматына арналған электронды денсаулық паспортын енгізу, бірыңғай деректер базасын құру, қағазсыз денсаулық сақтауға көшу сияқты игі істер қолға алынып жатыр. Алайда, елімізде телемедицинаны дамытуға онша көңіл бөлініп отырған жоқ. Атап айтқанда, 2004 жылы «Ауылды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы шеңберіндегі «Ауылдық жердің денсаулық сақтау саласында мобильдік және телемедицинаны дамыту» жобасы бойынша құрылған ұлттық телемедицина желісі қазір 700-ден астам денсаулық сақтау ұйымының 217-сін ғана қамтып отыр. Әу баста ауылды дамытуға арналған жоба болғандықтан, ҰТМЖ-ға бірқатар шағын және моно қалалар әлі күнге дейін қосылмаған, – деді депутат.
Депутат Үкіметтен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жауап беруді сұрады.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова Премьер-Министрге жолдаған сауалында экология мәселесін қозғап, ұлттық парктерді дамытуға мән беру жайын көтерді. Ол бұл мәселелерге Қазақстан қол қойған әртүрлі табиғат қорғау конвенцияларында бекітілген халықаралық құқық нормаларын енгізуге тікелей жауап беретін мемлекеттік органдарға қарағанда, азаматтық қоғам өкілдері көп алаңдаушылық білдіретінін алға тартты. Депутаттың айтуынша, әлемдік қауымдастық біздің елде осы салада кәсіби жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар арқылы экологиялық мәселелердің жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізеді. Осы жолмен олар мемлекеттік органдардың қатып қалған цифрлары арқылы емес, азаматтық қоғам арқылы Қазақстандағы шынайы жағдайға қанығады.
– Мысалы, Іле Алатауы ұлттық паркінің біраз бөлігі Алматы қаласының қоқыс тастайтын жеріне, мал жаятын орынға, иесіз қалған құрылысқа айналып барады. Туристер алыстан ат арылтып біздің ұсқынсыз мекендерді тамашалауға келмейді. Экотуризм және тау туризмі үшін оларға болмысы бұзылмаған бүтін табиғат керек. Тіпті дамыған инфрақұрылым мен жоғары сапалы қызметтің сыртында табиғаттың сұлулығы көрініп тұруы қажет. Ерекше қорғалатын аумақтар мен ұлттық парктер алдындағы мақсат – табиғи жүйелер мен олардың алуандығын сақтай отырып экологиялық жағдайды тұрақтандыру, – деді депутат.
Галина Баймаханова «Халық коммунистері» фракциясы депутаттарының атынан Үкімет басшысынан Іле-Алатау ұлттық паркіндегі экологиялық жағдайды қалпына келтіру және айтылған мәселелер бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат беруді сұрады.
Украина асқанға – бір тосқан
Жалпы отырыста депутаттардың назарына «Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылып, мақұлданды. Ісінен шикілік шығып шекара асқандарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін адамдарды ұстап беру мәселесін шешетін бұл шартты Мәжілістің мінберінде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов жан-жақты таныстырды.
Қазақстан мен Украина арасындағы экстрадициялау туралы шарт 2018 жылы 29 қазанда елордада жасалды. Шарт бойынша жасалған қылмыс үшін екі елде де кемінде бір жылға бас бостандығынан айыру көзделген болса немесе сотталған адамның өтелмеген мерзімі 6 айдан көп болса, ол ұстап беріледі. Бұл құжатта істі болған адамды еліне кері қайтарудан бас тарту негіздері де қарастырылған. Мысалы, бір тарапта қылмыс деп саналатын әрекет екінші жақта олай болмаса немесе қудалау мерзімі өтіп кетсе, сұралып отырған әрекет әскери қылмысқа жатса, ұстап беру егемендік пен ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін болса, сондай-ақ Қазақстанның заңнамасына немесе халықаралық міндеттемелерге қайшы келсе, мұндай сұраулармен келіспеуге болады.
– Соңғы үш жылда Украина бізге 6 қылмыскерді ұстап берді. Қазір аталған елде жасырынып жүрген 6 адам бар. Оларды қайтару қаралып жатыр. Бүгінде екі ел арасында бұл мәселе Минск конвенциясымен реттелуде. Конвенция екіжақты шарт жасауға тыйым салмайды, – деді Марат Ахметжанов.
Осы тұста Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Украинада бір жылдан аса уақыт бой тасалап жүрген ерлі-зайыптылар ісін еске салды. Спикер көктем мен күзде «ауруы» қозатын ол жұптың YouTube-те небір сандырақты соғып жүргенін, олардың елде жауапкершілікке тартылу керектігін айтты.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, экстрадиция үшін 2019 жылы бюджеттен арнайы қаражат көзделген. Жалпы, аталған шарт тектес құжаттар 21 елмен бекітілген. Жақында Малайзия, Грекия, Кипрмен осындай келісімге қол қою жоспарланып жатыр екен.
Допингпен шатылғандар айыппұл төлейді
Мәжіліс депутаттары дене шынықтыру және спорт мәселелерін кеңінен талқылап, аталған сала бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын егжей-тегжейлі қарастырды. Заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге, допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуге, Ұлттық допингке қарсы ұйымның мәртебесін күшейтуге бағытталған. Бұған қоса заң жобасында Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті бюджеттер қаражатынан тұрғын үй беру рәсімі ұсынылды.
Депутаттар заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында ұғымдық атауларды нақтылауды мазмұнды түрде қозғайтын түзетулер енгізді. Айталық, құжат жұмыс процесінде «спорттық әдеп», «бірінші жаттықтырушы», «жеке жаттықтырушы», «спорттық жарысқа қатысатын жануарларды жарыстан шеттету» деген ұғымдармен толықтырылды.
Допингке қарсы қағидаларды бұзғаны үшін жазалау мақсатында депутаттардың түзетулерімен спортшыларды, жаттықтырушыларды, дене шынықтыру мен спорт саласындағы өзге де қатысы бар субъектілерді тұрғынжайдан, спорттық атақтан, спорттық разрядтан және біліктілік санатынан айырудың құқықтық негіздері пысықталып, нақтыланды. Осы ретте допинг дауына іліккендерге Үкімет ұсынған әкімшілік айыппұл 200 айлық есептік көрсеткішке (АЭК) дейін ұлғайтылды.
Ал заң жобасындағы тағы бір өзгеріс – чемпиондар мен жүлдегерлерге жергілікті атқарушы органның коммуналдық тұрғын үй қорынан жалға баспана беру. Бұл үйді 10 жыл өткен соң меншікке алу негіздері бекітіледі. Чемпиондар мен жүлдегерлер қайтыс болған жағдайда, осы тұрғын үйді меншікке алу үшін олардың мұрагерлерінің мүдделерін ескеру ұсынылды.
Екінші оқылымда мақұлданған бұл заң жобасы Парламент Сенатының қарауына жіберіледі.