Кеше тараздық спортсүйер қауым Үндістанның Нью-Дели қаласында самбодан өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа таққан Елизат Аязбекті зор қошеметпен қарсы алды.
Бұл күні қарапайым ғана ауылдың спорт мектебінде жаттығып, сары құрлық біріншілігінде жеңіс тұғырынан көрінген Елизатқа жанкүйерлерімен қатар, өзі білім алатын Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті мен №7 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы да құрмет көрсетті.
14 жасынан бастап Талас ауданының Аққұм ауылында жаттығып, Азия чемпионы атанған аруды самбоның қыр-сырына Бостандық балалар мен жөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Барбол Жәуішов баулыған.
– Елизаттың спортқа қарым-қабілетін бала күнінен байқағанмын. Кейін ата-анасынан самбо үйірмесіне қатысуына рұқсат сұрадым. Алғашында анасы қарсы болды. Кейіннен Елизаттың бойындағы бұла күштің спортта жетістікке бастайтындығына көз жеткізді. Ол мектепте оқып жүріп бірнеше рет республика біріншіліктерінде топ жарды, – дейді Б.Жәуішов.
Ал Елизаттың өзі Үндістан жеріндегі сайыста елде қалып тақымын қысқан ата-анасының, бауырларының, жалпы жанкүйерлерінің қолдауын сезгенін айтады.
– Әрине Азияның 15 мемлекетінен чемпион атануға үмітті ең мықты спортшылар келген сайыста қарсыластың қай-қайсысы да осал емес. Оның үстіне ә дегеннен мен самбо спортынан Азияда үздік саналатын өзбек, қырғыз спортшыларымен белдестім. Елдің қолдауының арқасында барлық белдесулерімде қарсыластарымнан басым түстім,–дейді Елизат Аязбек.
Ауылдан шыққан Азия чемпионының ендігі мұраты келесі айда Өзбекстанда өтетін Әлем чемпионатында олжа салу болып отыр. Ол ендігі кезекте жаттығу жұмыстарын Тараз қаласындағы №7 облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушыларымен жүргізбек. Сондай-ақ бапкерлері Елизаттың өз бағын олимпиадалық спорт саналатын дзюдода сынап көруге ниетті екендігін атап өтті.
Саятхан Сатылғанов
ТАРАЗ