Ол – адалдықтың үлгісі. Айнымас адалдықтың. Отыздан енді асқан жасында:
..Күлкімді, жайлы күнімді,
Азапты, қайғы-мұңымды
Өзіммен бөліскенің үшін,
Қатем мен жеңістерім үшін,
Менің мынау қиындау
тағдырым болып
О баста көріскенің үшін,
Өлең, мен сені аялап өтем! – деп ар алдында, жыр алдында берген сертіне ғұмырының соңғы сәтіне дейін беріктік танытты. Сол асыл қасиеті Атыраудың Манаш деген шағын ғана ауылынан қанат қаққан ақын қызды Поэзия падишасы деп халқы берген биікке көтерді.
Көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Фариза Оңғарсынова биыл 80 жасқа келер еді... Өзі өмірден өтсе де, өлеңін құрметтеген, барша қазақ үшін аяулы есімге айналып кеткен атын қастерлеген туған жері ардақты перзентін сағынышпен еске алды. «Патша-сөздің Фаризасы» апталығының аясында Атырау облысында кең ауқымды шаралар өтті.
Қаланың ең көрнекті жеріне орнатылған Фариза Оңғарсынова ескерткішінің жанына атыраулықтар жиі жиналады. Бұл жолы да осы үрдіс жалғасын тапты. Мектеп оқушылары мен студенттер бір апта бойы ескерткіш алдына келіп гүл шоқтарын қойып, ақын өлеңдерін оқыды. «Патша-сөздің Фаризасы» апталығына келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері де Атырауға сапарларын осы жерден бастады. «Қазақ поэзиясында айрықша қолтаңбасымен дараланған Фариза Оңғарсынова – тұнық жырдың қайнарындай, ар-намыстың қайрағындай болған шығармашылығымен миллиондардың жүрегін жаулаған ақын. Бұл ескерткіш – ел-жұрттың, алты Алаштың ақын қызына деген құрметі деп білуіміз керек», деді Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулет.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті – ақын білім алған жоғары оқу орны. Өткен жылы университет қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Ал 80 жылдығына орай республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. «Студент Фариза, біз оны Фәру деп атайтынбыз, ерекше ізденгіш еді. Қолынан кітап түспейтін. Әдебиет үйірмесіне бірге қатыстық. Жазуы өте әдемі болатын, сөйлемдегі әр сөз, әрбір әріп қатарда тұрған солдаттардай, бірі ілгері, бірі кейін емес, тізбектеліп түсетін», деп еске алды ақынның курстасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қадір Жүсіп.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева: «Фариза – бақытты ақын. Елінің махаббатына ие болды. Бұл шарадан да халық сүйіспеншілігін көріп, көңіліміз қуанды», деп әдебиет әлеміне бірге келген кездерінен естелік айтты. Сыртқы істер министрлігінің кеңесшісі, филология ғылымдарының кандидаты Гүлсім Еңсепова Фариза Оңғарсынованың журналистік қызметі төңірегінде сөз қозғады.
Облыс әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының тапсырысы бойынша «Бірегей» қоғамдық қоры шығарған «Ар мен ақын» деректі фильмі және «Жыр – менің жалғыз тарланым» аудиоөлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі де осы апталық аясында өтті.
Асқақтық пен нәзіктік
Бағзы күндерден бері ақын атаулының миссиясы қандай еді? Атақ пен лауазымның шығармашылық адамы үшін маңызы қандай? Әйел ақынға өзін мойындату қаншалықты қиын? Фариза феноменінің сыры неде? Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры сахналаған «Ар мен ақын» спектаклі осындай сауалдарға жауап іздеуімен де әсерлі болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Әлия Дәулетбаеваның драматургиядағы алғашқы қадамы патша көңіл көрерменнің көңілінен шықты. Режиссер Жанат Телтаев, суретші Темірбек Мұхтаров, композитор Болат Қохаманов, хореограф Анар Есенғалиевалар бас қосқан шығармашылық ұжымның еңбегі ақталды. «Кез келген сахнаға ұялмай алып шығуға болатын дүние. Көңіліміздегіні қозғады. Шабыттанып тұрмыз. Атырау өңіріндегі сахналық қойылымдарда Фариза мотиві пайда болған. Бұл бізді қуантады», деп спектакльден кейінгі әсерімен бөлісті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарай.
Үш жыл бұрын облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен Атырауда «Фариза жұлдыздары» атты жас ақындар клубы құрылды. Өңірдегі мәдени-көпшілік шараларға белсенді қатысып жүрген талантты жастар ақын тойына да үлкен дайындықпен келді. Апталық аясында ұйымдастырылған «Асқақтық пен нәзіктік» атты поэзия кешінде клуб мүшелері өнер көрсетті. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы: «Өлеңі өзіне, өзі өлеңіне ұқсамайтын ақындар болады. Фариза ол қатардан емес еді. Оның өзі өлеңі еді, өлеңі өзі еді. Бүтін болмыс, тұтас таланттың осы қасиеті оның атын еншілеген клубтың әр мүшесіне жұғысты болсын деп тілеймін», – деп батасын берді.
«Жыр жұлдызы – Фариза» республикалық айтысы да Атырауға еліміздің түкпір-түкпіріндегі жас ақындарды жинады. Екі күнге созылған жыр аламанының бас бәйгесін батысқазақстандық Талғат Мықи жеңіп алды.
«Поэзия падишасы – бояулар тілінде»
Кемеңгер Әбіш Кекілбаев: «Маған Құрманғазы өлең жазса, өзіне қай жағынан да жақын тұрған Махамбетше емес, бүгінгі Фаризаша жазатын сияқты, ал егер Фариза аяқ астынан композитор болып кетсе, тап Құрманғазыша сілтейтін тәрізді болып көрінеді де тұрады. Егер суретші болсам, бұл екеуінің көзінде тебіренген терең мұңнан ытқып шыққан мөлдір тамшы көз жасы мен ытырынған ызаның ойнақшыған шоқ ұшқынын қатар бейнелер едім. Бір-біріне қырық қайнаса сорпасы қосылмайтын күйректік пен өткірліктің, нәзіктік пен жігердің, қасірет пен қайраттың мұндай үйлесімі рух болмысының ең тұңғиық драматизмін дәл ұстай алатын ұлы суреткерлерде кездессе керек», деп жазады. Ал нағыз суретшілер ақын Фариза бейнесін қалай көреді? Қарындашпен қағаз бетіне түскен шайыр суреті қандай сыр айтады? «Поэзия падишасы – бояулар тілінде» атты республикалық суретшілер симпозиумына қатысушылар төрт күн бойы талмай талаптанды. Елімізге белгілі суретшілер Жайық жағасындағы музейге жиналып, Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығына қатысты суреттер салды.
– Бір адамның образын жасауға арналған студиялық симпозиум Қазақстанда алғаш рет өтіп отыр. Осы жұмыстың халқымыздың ардақты ақын қызының құрметіне арналғаны да бізге шабыт берді, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Түркістан облысы бейнелеу өнері музейінің басшысы Айнабек Оспанов. –Фариза Оңғарсынованың «Сандуғаш» атты тұңғыш жыр жинағының негізінде жас кезіндегі бейнесін қағазға түсірдім. Екінші еңбегім – «Намысқой ұрпақ» арқылы ақынның қазақ поэзиясына найзағайдай жарқылдап, намыстың алдаспан қылышындай өткірлікпен келгенін көрсетуге тырыстым.
Асылында, «Талантты адам барлық жағынан талантты» деген сөздің жаны бар. Фариза Оңғарсынова қара сөздің ғана шебері емес еді. Төгілтіп күй тартатын, әуелетіп ән шырқайтын өнерін көпшілік жақсы біледі. Оның өлеңдеріне жазылған әдемі әндер талай сахнаның сәнін келтіріп жүр. Республикалық эстрада әншілерінің байқауына қатысқан өнерпаздар ақын туған жеріне келіп, елдің ризашылығына бөленді. Байқаудың бас жүлдесін Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі Айбар Ғаниұлы иеленді.
– Абайдың «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деген сөзі осындайда еске түседі. Фариза Оңғарсынованың ақындық, жазушылық, мемлекеттік қайраткерлігіне байланысты атақтарын айтпағанда, біз үшін ең қымбаты – ол Атырау топырағының перзенті. Фариза поэзиясы – өскелең ұрпақты жігерлілікке, батылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін қуатты поэзия», деді апталықтың қорытынды кешінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Осы шараға арнайы келіп қатысқан Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов: «Асқақтатып жыр, күмбірлетіп күй төккен тамаша кешті ұлт рухының мерекесі, өлеңнің тойы деуге болады. Қазақ халқы барда Фариза есімі мәңгі жасай береді», деп лебізін арнады.
«Жер бетінде жұмыр басты жан барда, олардың көкірегінде мынау жарық дүниенің сан-сапат қыр-сырын ойлап тыпыршитын жүрек барда Оңғарсынова шабытының жұлдызы барған сайын биіктеп, барған сайын маздай түсер. Суреткерге жарадар жанға шипа, сергелдең сезімге басу, мазасыз ойға көшбасшы бола білгеннен артық бақыттың керегі не?», деп жазған еді Әбіш Кекілбаев. Сол бақытқа лайық ақынның бірі де бірегейі Фариза екенін ел-жұртының шексіз құрметі де айқындап тұрғандай.
АТЫРАУ