Премьер-Министр Асқар Мамин ҚХР Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (БХӨЖ) Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында кездесті.
Үкімет басшысы Қытай парламентінің басшыларымен «Нұрлы жол» қазақстандық бағдарламасы және «Бір белдеу – бір жол» қытай бастамасы аясындағы ынтымақтастықтың келешегін, оның ішінде Қазақстанның транзиттік-көлік әлеуетін дамыту мәселесін талқылады.
АХҚО басқарушысы Қ.Келімбетов Қазақстан Премьер-Министрі мен БХӨЖ ТК төрағасын «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы АХҚО жұмысымен, сондай-ақ АХҚО биржасының, соты мен халықаралық арбитраж орталығының дамуымен таныстырды.
«АХҚО – Қазақстанның ірі жобаларының бірі. Ол аймақтағы жетекші қаржы орталығына айналуы тиіс», деді А.Мамин өз сөзінде.
ҚХР атынан АХҚО-ға қатысушы – Қытай құрылыс банкінің, Шанхай қор биржасының, «СИТИК секьюритиз» компаниясының, Қытай Мемлекеттік даму банкінің өкілдері АХҚО алаңындағы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығының жай-күйі мен перспективалары туралы, оның ішінде қытай юанымен операциялар жүргізу үшін Есептеу-клиринг орталығын құру жайлы айтып берді.