Нұр-Сұлтанда Парламент жоғарғы палатасының басшысы Дариға Назарбаева мен ҚХР Халық өкілдері бүкілқытай жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшудің кездесуі болды. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Жүздесушілер Қазақстан мен Қытай қатынастарының нәтижелі дамуына ризашылықтарын білдірді. Ли Чжаньшудың пікірінше, Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев пен Қытайдың жоғары басшылығы арасындағы сенімді диалог өзара табысты іс-қимылды дамытуда маңызды рөл атқарып келеді. Ол Тұңғыш Президенттің басшылығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуда зор жетістіктерге жеткенін және еліміздің халықаралық аренадағы беделінің арта түскенін атап өтті. «Бүгінде біздің қарым-қатынасымыз биік ынтымақтастық деңгейіне жетті және көрші мемлекеттерге үлгі болып табылады», - деді ҚХР ХӨБЖ Тұрақты комитетінің төрағасы.
Сенат басшысы Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы қыркүйек айындағы Қытайға мемлекеттік сапарының маңызын атап өте келіп: «Сапар барысында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының бірлескен декларациясы Қазақстан мен Қытайдың өзара іс-қимылының жаңа дәуірінің басталуына негіз болды», - деді.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келіп, тараптар өзара парламентаралық іс-қимылды жандандыруға, кедейлікпен және кибер қылмыспен күрес, инновация, экология, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда тәжірибе алмасуға келісті.
ХӨБЖ Тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшу Сенат басшысын ҚХР-ға сапармен келуге шақырды.
Тараптар сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтудың келешегін талқылады.
«Қытайдағы жаңарулар мен жаңғырулар жылдамдықтары зор әсер қалдырады. Болашаққа қадам басқан Қытайдың азаматтары еңбекқорлығын паш етіп отыр. Екі елдің туристік әлеуетін дамыту, бір-бірін жақсы білу үшін жастар туризмін ынталандыру керек», - деді Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева Қытай делегациясына Сенат ғимаратын таныстырып, заңдар қабылданатын жоғары заң шығару органы қалай жұмыс істейтінін айтты.