• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қыркүйек, 2019

Д.Назарбаева: Қазақстан мен Ресейдің экология мен табиғатты пайдалану саласындағы заңнамасын үйлестіретін уақыт келді

318 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева мен Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Владимир Володинмен, Федералдық Жиналыстың Федерация Кеңесі Төрағасының орынбасары Ильяс Умахановпен кездесуі барысында Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын тереңдете түсудің келешегі талқыланды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

Жүздесушілер екіжақты қатынастардың оң қарқынын айта келіп, Қазақстанның елордасында өтіп жатқан Еуразия елдері парламенттері спикерлері Кеңесінің маңызын атап өтті.

Дариға Назарбаева екі елдің жоғарғы палаталарының арасындағы Ынтымақтастық комиссиясының тиімділігін атап өтті. Комиссия мүшелері ұлттық заңнамаларды жақындастыра түсудегі нақты ұсынымдар әзірлеуде ауқымды жұмыс атқарды.

Жоғарғы палата басшысы экология және өзендерді қорғау мәселелері жөніндегі екіжақты ынтымақтастықты тереңдете түсу қажеттігіне ресейлік әріптестерінің назарын аударды. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық база қазіргі замандағы қатерлерге және Жайық өзенінде қалыптасқан жағдайға сәйкес келмейді. «Қазақстан мен Ресейдің экология мен табиғатты пайдалану заңнамаларын үйлестіретін уақыт келді. Үлгі заңдарды әзірлеп, қабылдау қажет», - деді Сенат Төрағасы.

Д.Назарбаеваның пікірінше, киберқауіпсіздік саласындағы үлгі заңнамасын әзірлеу және ЕАЭО аясындағы ақпараттық саясатты белсендендіру қажет. «ЕАЭО шеңберінде көптеген интеграциялық мәселелер бар, бірақ ақпарат кеңістігінде олар талқыланбай келеді. ЕАЭО-да болып жатқан жағдайлардан, қандай шешімдер қабылданып жатқанынан хабарсыздық бар», - деді Сенат Төрағасы.

Владимир Володин экологиялық және су ресурстарын пайдалану заңнамасын жақындастыра түсу мәселелерін аймақаралық іс-қимыл аясында талқылау қажеттігін атап өтті. Ол сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік туралы заң жобасы әзірленгенін хабардар етті.

Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты жаңа қалыпқа түсіру туралы айта отырып, «нақтылыққа көшу және соңғы нәтижеге қол жеткізу қажет» деген ортақ пікірге келді.

Кездесу аясында парламентаралық ұйымдар, атап айтқанда ЕКПА аясындағы өзара  іс-қимыл, сириялық дағдарысты реттеу және экономикалық ынтымақтастықты тереңдете түсудің келешегі талқыланды.