Қостанайда күнде той, жастар шаңырақ көтеріп ақ тілектер ақтарылып жатады. Жақында бір ерекше той болды. Қостанайдағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Николай Жиделев көп жылдар бойы облыстық полиция департаментінің қамқорлығында болған еді.
Қадағалаудың арқасында ол бала кезінен қисық жолға түсіп кетпей, еңбекқор болып өсті. Жігіттік жасқа жеткен Николай енді өзінің сүйіктісін тауыпты. Бұл көп жылғы қамқорлық пен тәрбиенің қайтарымындай, полицейлердің де қуанышына айналды. Облыстық полиция департаментінің басшылығы мен облыстағы жастардың ресурстық орталығының ұжымы бірлесіп, екі жастың шаңырақ көтеруіне орай әлеуметтік той өткізді.
Салтанатты неке қию сәтінде жас жұбайларды облыстық полиция департаментінің кадр саясаты басқармасының бастығы Бағдат Итесов құттықтады.
– Халқымыз баланы ешқашан қараусыз қалдырмаған. Бұл тәуелсіз еліміздегі қоғамда да жалғасын тауып отыр. Адамға адамның жылуы, қамқорлығы керек. Міне, бүгінгі той соның нәтижесі. Николай еңбекқор, ең бастысы, жақсы көре алатын жүрегі бар жігіт. Ол өзінің отбасының үлгілі отағасы болатынына сенеміз, – деп жас жұбайларға барлық полицейлер мен департамент басшысы Бекет Аймағамбетовтің атынан жақсы тілек айтқан Бағдат Итесов оларға сыйлық та тапсырды.
Жастардың ресурстық орталығының сектор жетекшісі Ләйла Бексейітова жастардың ғаламтор арқылы танысқанын айтады.
– Николай өзінің ата-анасын ешқашан көрмеген. Қалыңдық Вераның жесір анасының да той жасауға мүмкіндігі жоқ екен. Осы тойды 2-3 айға кешіктірдік, себебі демеушілер іздестірдік. Міне, тойдың ерте-кеші жоқ екен, – дейді Ләйла. Жастар тойы сыйлықсыз қалмады. Оларға құнды сыйлық тарту еткен жандардың арасында облыс әкімі Архимед Мұхамбетов те бар.
Полицейлер Николайдың жас отбасын алдағы уақытта да қолдап отыратындықтарын және оны жұмысқа орналастыру жағын да қарастыратындығын айтты.
ҚОСТАНАЙ