Алаштың рухани астанасы атанған Семей шаһарында 20 қыркүйекте әйгілі актриса, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ республикалық фестивалі басталып кетті.
Мәдениет және спорт министрлігі мен облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан шара аясында еліміздің 12 театры 5 күн бойы өнерлерін паш ететін болады. Ауқымды мәдени шараны ұйымдастырушылардың бірі Қазақстан театрлар қауымдастығының вице-президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировтің айтуынша, мұндай республикалық фестиваль Семей топырағында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
Фестивальдың ашылу салтанаты Семейдегі Абай атындағы драма театрдың алдында өтіп, шараға келген бүкіл театр ұжымдары, аты аңызға айналған Асанәлі Әшімов, Меруерт Өтекешова бастаған өнер майталмандары қызыл кілеммен жүріп өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің Театр және кинематография басқармасының бас сарапшысы Гүлнәфис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.
«Қымбатты бауырлар, қандастар! Ұлы Абай елі. Бұл киелі жерге біз тәу етіп, оң аяғымызбен аттап келеміз. Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина – ұлы актриса. Әмина, Сәбира, Қадиша апалар, Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл... Дүниеден осындай ұлы актрисаларымыз өткен. Әрқайсысы бір төбе. Әрқайсысына фестиваль арнасақ артық етпейді» деді шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.
СЕМЕЙ