• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Қыркүйек, 2019

Жетістікке жетелейтін жоба

84 рет
көрсетілді

Аз уақыттың ішінде жаңа кәсіп игеріп, тіпті жеке бизнес ашу оңай ма? «Isker ana» жобасына қатысушылар бұл сауалға «Әрине» деп жауап береді. Биыл облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен осындай жоба жүзеге асты. Жұмыссыз, көп балалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасылардағы әйелдер арасында белсенді сұранысқа ие болған жобаға қатысушылардың саны 600-ден асқан. Оның 280-і аудан тұрғындары.

«Isker ana» әлеуметтік білім беру жобасы аясында әйелдер тігін ісі, аспаз, шаштараз, визаж, есепші, ағылшын тілі, компьютерлік сауаттылық секілді 10 түрлі мамандық бойынша оқып, сертификат алды. Курс барысында түрлі тренингтер өткізіліп, қатысушылар әлеуметтік желілерді мақсатты пайдалану, жарнама орналастыру, онлайн-сауда жүргізу машықтарын меңгеріп, бизнес жүргізу негіздерін оқыды. Өңір басшысы жоба басталар алдында курс бітірушілердің бизнес-жобаларын қарастырып, өз істерін дамытуға қажет құрал-жабдықтарды сатып алуға көмек көрсетілетінін айтқан болатын. Осы бағытта «Isker ana» жобасының І грант бай­қауы ұйымдастырылды.

– Жоба аясында арнайы білім алған әйел адамдардың арасынан кәсіп бастауға ниет білдіргені, бизнес-жоспар жаса­ғандары грант байқауына қатысты, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Бисембиев. – Нәти­­жесінде облыс бойынша 110 әйел адам грантқа ие болды. Олар­ға өз істерін бастаулары үшін қажет құрал-жабдықтар берілді.

«Isker ana»-ның бірі – Индер ауданының тұрғыны Айдана Темірғалиева. Жалғызбасты ана бұған дейін мем­лекеттен алатын жәрдемақымен ғана күнелтіп келген. Енді жаңа кәсіп меңгеріп, ауы­лында шағын бизнес бас­тайды. «Осындай мүмкіндік сыйлаған аймақ басшысына ризашылығым шексіз. Тегін курсқа қатысып, дос­тар таптым, білім көкжиегімді кеңіттім, көп нәрсе үй­рендім. Енді оқығандарымды іс жүзінде көрсету – мақ­сатым», дейді.

Үй шаруасында отырған аналарды кәсіпке оқыту ұтымды шешім болғанын «Isker ana» жо­басына қатысушылардың бо­ла­шаққа деген сенімдерінен де аң­ға­ру­ға болады. Ал сенім – ұлы күш.

 

АТЫРАУ