Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Алматым – алтын ұям» атты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асқан жоспарлы жұмыстардың бірі.
Алматы – қазақстандықтардың мақтанышы, жайлы, көшелері кең, әдемі ғимараттары, саябақтары, гүл алаңдары мен фонтандары көп жасыл желекке малынған, сәулелі қала. Сонымен қатар Алматы – ғылыми, мәдени, тарихи, өндіріс және еліміздің қаржы орталығы саналады.
«Алматым – алтын ұям» атты бұл іс-шараға шаттықты шаһардың өндірдей өнерге ұмтылған бейнелеу өнері мектептері қатысты, сондай-ақ аталмыш мерекеге орай балалар шығармашылығының көрмесі ұйымдастырылды.
Олардың қатарында «ArtLab» бейнелеу өнерінің креативті мектебі, «Да Винчи» және «Art Mix studio», «Божья коровка», «Шедевр» студиялары бар.
Жас талантты суретшілер сүйікті қаласының көрнекі жерлерін, мәдени және тарихи ескерткіштерді, түрлі архитектуралық шеберлікпен салынған ғимараттар мен саябақтарды, сонымен қатар қаланың символдарын өздерінің жаңа туындылары арқылы келушілерге ұсыныс білдірді.
Фестиваль аясында Оқушылар сарайы және Алматы облысы, Қарасай ауданы Абай ауылының «Шырқа» өнерге баулу орталығы балаларға арналған концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ «Менің тұратын қалам» атты слайд-викторинасы, «Алматы қаласының тарихы» музейіне келушілерге арналған викторина, «Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары» атты байқау ұйымдастырылды. Одан бөлек шараға қатысушылар үшін қаланың бейнелеу өнері студияларының жетекшілері тарапынан шеберлік сабақтарынан тәлім берілді.
АЛМАТЫ