• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 26 Қыркүйек, 2019

Орнықты даму мақсаттары адамзатқа жарқын болашаққа қол жеткізуде нақты жол картасын ұсынады

200 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында Тұрақты даму мәселелері жөнінде жоғары деңгейдегі форумда сөз сөйледі, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сес­сия­сы аясында жоспарланған барлық екіжақты кездесулерден кейін Тұ­рақты даму мәселелері жө­нінде жоғары деңгейдегі фо­румға қатысты. Мемлекет басшы­сы шараға қатысушы спикерлер арасынан бірінші болып сөз алды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз баян­дамасында 2030 жыл­ға де­йінгі тұрақты даму мақ­сат­тары – адамзатқа әлеуметтік, тех­нологиялық және эконо­микалық жетістіктердің игілігі баршаға ортақ болатын кемел келешекке жетудің нақты жол картасын ұсыну екенін атап өтті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан халық­аралық қоғамдастықтың Тұ­рақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінен артта қа­лып бара жатқанына алаң­дау­шылық білдіретінін мәлім­деді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені шешу үшін алдағы он жылдықта тиісті нәтижеге қол жеткізу мақ­сатында нақты шешім қа­былдау қажеттігін айтты.

– Өз елімнің саяси, эконо­микалық, әлеуметтік және эко­ло­гиялық саяса­ты­ның 2030 жылға дейінгі тұрақты даму мін­деттемелеріне толықтай сәйкес келе­ті­нін айта аламын. Әлемдік на­рық­тың әралуандығына қарамастан Қазақ­стан­ның экономикасы табанды өсімді сақтап қалады, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның тұрақты экономикалық өсімге, ин­клю­зивті қоғам құруға, таза экологияны сақ­тауға және тиімді әрі есеп беретін инсти­тут­тар құруға қол жеткізе алатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы осы міндеттерді жүзеге асыру аясында халықтың үні­­не құлақ асатын мемлекет құру тұжы­­рым­­дамасының қолға алынғаны тура­лы айт­ты. Оның басты міндеті – үкі­мет пен ха­лық арасындағы диалогты қамтамасыз ету. Сонымен қатар Мемлекет басшысы білім жүйесін жаңғыртудың, «жасыл» және цифрлы экономиканы және қар­қынды түрде инфрақұрылымды дамытудың маңыздылығына баса назар аударды. Оның айтуынша, бұл бағыттар жалпы адамзаттың өркендеуі мен экономикалық жетістіктерге жетудің қуатты қозғаушы күші болмақ.

Қазақстан Президенті біздің елдің тәжірибесінде Тұрақты даму мақсат­тары­ның 80%-ы Қазақстанның стратегиялық бағ­дарламаларында көрсетілгенін атап өтті.

– 2018 жылы Қазақстан БҰҰ инсти­тут­­тарымен өзара тығыз іс-қимыл жа­сай отырып, Тұрақты даму мақсат­тары­на қол жеткізуге ықпал ететін «инс­титуцио­налдық архитектура» енгізді, оның ішінде Басқарушы кеңес те бар. Тұрақты даму мақсаттары жөнінен өткен алғашқы форум 2019 жылғы Астана экономикалық форумының негізгі іс-шарасына айналды. Биыл шілде айында біз алғаш рет ерікті түрде, Қазақстанның жетістіктері мен шешілмеген мәселелері және алдағы он жылдықта жасалуы тиіс мүмкіндіктер бойынша ұлттық шолу жасадық, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Тұрақты даму мақсаттарының, жалпы планетаның келбетін қалыптастыратын өзара байланысын ескерте отырып, жекелеген санаттардың немесе елдердің жетістігіне қанағат тұтып қарап отыруға болмайтынын айтты.

Бұл мәселеде Мемлекет басшысы Қа­зақстанның Тұрақты даму мақсаттарын аймақтық және халықаралық деңгейде белсенді жүзеге асырып жатқанына тоқталды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар шараны іске асыруды ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, біріншіден, Тұрақты даму мақсаттарына бөлінетін қаржы ресурстарының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету қажет.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған азық-түлік қауіпсіздігі жө­нін­дегі Ислам Ынтымақтастық Ұйы­мының шөлейттену, жасыл желекті қал­пына келтіру, эрозия, тұздану, сондай-ақ әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін шешуге бағытталған мақсаттарының маңыздылығын атап өтті. Ол жақын болашақта ИЫҰ-ға мүше 57 мемлекеттің барлығы осы бастамаға қосы­латынына сенім білдірді. Тағы бір пәрменді шара ретінде Президент Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан үшін Тұрақты даму орталығын құруды атап өтті. Оның айтуынша, бұл Тұрақты даму мақсаттарын тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар басқа да Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстанда жүзеге асыруды жеделдететін еді.