• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 26 Қыркүйек, 2019

Кеден істерін ілгерілететін келісім

203 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтіп, депутаттар Кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара көмек туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасын мақұлдады.

Кеден келісімінің аясы кеңейеді

Мәжіліс мінберінде бұл заң жоба­сының жай-жапсарын Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов баяндап берді. Оның айтуынша, депутаттар назарына ұсынылған аталған келісім – ТМД мемлекеттері кеден қызметтерінің өзара іс-қимыл тәртібін реттейтін негізгі халықаралық шарт. 1994 жылы 15 сәуірде қол қойылған келісімнің күшіне енгеніне 25 жыл өтті. Сондықтан құжат нормаларын тиісті өзгерістер енгізу жолымен жетілдіру қажет.

– Хаттама кеден саласындағы ТМД нормативтік-құқықтық базасына жүр­гізілген түгендеу қорытындысы бо­йынша ТМД елдерімен бірлесіп әзір­ленді. Мәліметтерді беру, сауалдардың мазмұны, оларды орындау, алынған ақпаратты пайдалану мәселелеріне қа­тысты бірқатар негізгі баптарға өзге­рістер енгізу ұсынылады. Ақпаратпен алмасу орталық кеден органдары арасында да, сол сияқты тікелей аумақтық органдарының арасында да жүзеге асыруды көздейтін ережелер енгізілді. Заң жобасын қабылдау кедендік бақылаудың тиімділігін көтеруге, кеден заңнамасын бұзу тәуекелдерін барынша азайтуға, ТМД елдері кеден органдарының қызметін үйлестіру мен тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге ықпал етеді, – деді Әлихан Смайылов.

Кеден істерін ілгерілетуге бағыт­талған заң жобасын қабылдау рес­публикалық және жергілікті бюджеттерден қаржылық шығындар қажет етпейді. Парламент Мәжілісінің бар­лық комитеттері заң жобасын оң көз­қарас танытып, мақұлдады.

Сарайшықты қайта жаңғырту керек

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығ­мату­линнің төрағалығымен өткен жалпы отырыс соңында халық қалаулылары бірқатар мемлекеттік атқарушы орган басшыларына депутаттық сауалдар жолдады. Солардың ішінде Серік Сейдуманов Елбасының «Ру­хани жаң­ғыру» бағдарламасының сәтті жүзеге асырылып жатқанын, Прези­денттің Алтын Орданың 750 жылды­ғына арналған іс-шаралар жоспарын қолдап отырғанын атап өтіп, Үкімет басшысы Асқар Маминге қаратылған сауалында Сарайшық қалашығын қалпына келтіру мәселесін көтерді. Депутат алдымен Сарайшық музей қорығымен танысып шыққандарын, онда айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын айтты.

– Өңірге сапарымызда Сарайшықты туризм аймағына айналдыруға болатынына әбден көзіміз жетті. Сарайшық Ұлы Жібек жолының Азиядан Еуропаға өтер алтын көпірі болған, Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-байтақ жерді билеген Жошы ұлысы Алтын Орданың рухани астанасы ретінде мойындалған. Осыған байланысты Сарайшық қала­шығы бойынша бірнеше мәселенің шешімін қарастыруды сұрап отырмыз. Біріншіден, музей-қорықтың мате­риалдық техникалық базасы заман талабына сай емес. 2019 жылы қаражат бөлінбеген. Осы мақсатта салынатын жаңа Сапар орталығын тездетіп қолға алу аса маңызды. Оған жер бөлінген, құжаттары дайындалуда. Бірақ уақыт созбаған дұрыс деп санаймыз. Екіншіден, қазбаларды аралай жүріп, ортағасырлық Сарайшықтағы құрылыс кешендерін қалпына келтіруге болатынын аңғардық. Мәселен, Керуен сарай мен биік қорғандарды айтуға болады. Ол үшін Сарайшықта шағын құрылыс цехын ашып, құрылыс материалдарын сол жердің саз балшығынан жасау қажет шығар. Бұл арада бүгінге дейін жасалған реставрациялық жұмыстар, олардың құрылыс материалдары сын көтермейді, – деді Серік Сейдуманов.

Nur Otan фракциясы депутат­тары­ның үнін жеткізген мәжілісмен Үкімет Сарайшық қалашығына арналған арнайы кешенді шешім шығарғаны жөн деп санайтындарын жеткізді.

Сонымен қатар алқалы жиында Мәжіліс депутаттары Жанат Омар­бекова, Айқын Қоңыров, Сәкен Қаныбеков Үкіметке бағытталған өз сауалдарын жолдады.